Boeing қазан айында флагмандық моделінің өндірісін арттырмақ. Бұл нені білдіреді?

Boeing ең көп сұранысқа ие тар фюзеляжды 737 MAX лайнерлерінің өндіріс көлемін қазан айынан бастап ұлғайтуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Агенттіктің жазуынша мұндай қадам әуе өндірушінің оптимизмін және АҚШ авиациялық реттеушісінен (FAA) өндіріс көлемін кеңейтуге рұқсат алуға үмітін білдіреді.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша АҚШ-тағы ең ірі ұшақ өндіруші компания жеткізушілеріне 737 MAX ұшақтарының ай сайынғы өндіріс қарқыны 42 бірлікке дейін өсетінін хабарлаған. Компания сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін өндірісті кезең-кезеңімен арттыру жоспарын дайындап жатыр. Бұл өзгерістердің нәтижесінде ай сайынғы өндіріс көлемі 53 лайнерге дейін жетеді деп күтіледі.
2024 жылдың қаңтарында 737 MAX ұшағында есік панелінің ажырап кету оқиғасынан кейін Boeing басшылығы ауыстырылып, FAA компанияның айлық өндірісін шектеген болатын. 2025 жылдың екінші тоқсанында Boeing айына 38 ұшақ шығару деңгейіне жетіп, реттеуші рұқсат берген ең жоғарғы межеге шыққан.
Өндірісті одан әрі арттыру үшін компания FAA-ны өз зауыттарының (Сиэтл маңындағы) және жүздеген жеткізушілердің сапаны төмендетпей, қажетті қарқынмен жұмыс істей алатынына сендіруі керек. 737 MAX өндірісін ұлғайту жоспары Boeing-тің реттеушіден мақұлдау алатынына деген сенімін білдіреді, деп жазады Bloomberg.
Бұл неліктен маңызды
737 MAX ұшақтарын көбірек шығару — компанияның қарыз жүктемесін азайту, қаржылық көрсеткіштерін жақсарту және Airbus сияқты бәсекелестермен тең дәрежеде болу үшін шешуші қадам.
Boeing басшылығы бұған дейін өндіріс көлемі артқан сайын компанияның ақша ағыны оң нәтиже көрсететінін айтқан. Инвесторлар бұл көрсеткіштерге айрықша назар аудармақ, өйткені үшінші тоқсанның қаржылық есебі осы айдың соңында жарияланады.
Соңғы айларда Boeing бірнеше ірі тапсырыс келісімдеріне қол қойды. Сонымен қатар, егер АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздер сәтті өтсе, компания Қытайдан да «ірі тапсырыс» алуы мүмкін.
Акциялардың жағдайы
6 қазанда Boeing акциялары Blue Ocean ATS алаңындағы сауда-саттықта 0,5% өсті. 2025 жылдың басынан бері компанияның бағалы қағаздары 22%-ға қымбаттап, 2024 жылғы құлдыраудан кейін қалпына келді. FactSet деректері бойынша, Уолл-стриттегі 26 сарапшының 21-і Boeing акцияларын сатып алуға кеңес береді, ал жалпы рейтинг — «нарықтан жоғары» (Overweight).
Jefferies инвестициялық банкі қыркүйек айының соңында Boeing акциялары бойынша «сатып алу» (Buy) ұсынымын және мақсаттық бағаны $255 деңгейінде растады — бұл қазіргі бағадан шамамен 18% жоғары. Инвестбанк The Wall Street Journal дерегіне сүйене отырып, Boeing енді жаңа буынды тар фюзеляжды ұшақ — 737 MAX-тың мұрагерін әзірлеуге және Rolls-Royce компаниясымен авиамоторлар саласындағы инновацияларды талқылауға кіріскенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, жаңа модельді іске қосуға арналған мүмкіндіктер терезесі 2035 жылдан кейін ашылуы ықтимал.








