WSJ: Boeing ең танымал ұшағына мұрагер әзірлеуді бастады

Boeing жаңа тар фюзеляжды әуе кемесін құруға кірісті. Бұл жоба компанияның ең сұранысқа ие лайнері 737 MAX-тың ықтимал мұрагеріне айналуы мүмкін, деп хабарлайды The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап. Компания қозғалтқышты Rolls-Royce-пен бірге қарастыруда және ұшқыштар кабинасын жобалауда. Boeing ұзаққа созылған қауіпсіздік мәселелері мен Airbus-тың күшейген бәсекесіне байланысты жоғалтқан позицияларын қайтаруға тырысуда. Дегенмен, жаңа ұшақты нөлден жасау ондаған жылға созылып, ондаған миллиард долларға түсуі мүмкін.
Егжей-тегжейлі
WSJ-дың мәліметінше 2025 жылдың басында Boeing-тің жаңа бас директоры Келли Ортберг Ұлыбританияда Rolls-Royce өкілдерімен кездесті. Кездесуде жаңа лайнер үшін қозғалтқыш жасау талқыланды. Компания сонымен бірге экипаж кабинасын жобалау үстінде. Бірақ жобаның нақты шешімдері әлі қабылданған жоқ.
Boeing WSJ-ге берген түсініктемесінде басты назарды қалпына келтіру жоспарына аударып отырғанын айтты. Компанияның басым бағыттары – шамамен 6000 ұшақтан тұратын жиналған тапсырыстарды орындау және бұрын жарияланған модельдерді сертификаттау.
АҚШ-тағы сауда алдындағы сағаттарда Boeing акциялары айтарлықтай өзгермеді. Бір күн бұрынғы сессия -1,9% төмендеумен аяқталды. Ал 2025 жылдың басымен салыстырғанда акциялар +22% өсіп тұр.
737 MAX тағдыры не болды?
737 MAX 2017 жылы нарыққа шықты. Алайда 2019 жылы екі апаттан кейін әлем бойынша рейстер тоқтатылды. Бұл апаттар 346 адамның өмірін қиды. Қайғылы оқиғалар Boeing-тің беделіне, табысына ауыр соққы болып, сот істері мен АҚШ Әділет министрлігінің қылмыстық тергеулеріне алып келді.
2020 жылы, пандемия кезінде, АҚШ-тың азаматтық авиация федералды басқармасы (FAA) ұшақтардың қайта әуеге көтерілуіне рұқсат берді. Ал 2025 жылғы 26 қыркүйекте реттеуші Boeing-ке белгілі бір 737 MAX үлгілеріне ұшу жарамдылығы сертификатын қайтадан өз бетінше беруге рұқсат етті. Бұл құқық 2019 жылы Эфиопиядағы екінші апаттан кейін алынып тасталған болатын.
Дегенмен, қадағалау қысымы әлі сақталып отыр. 2024 жылдың басында FAA жаңа Alaska Airlines лайнерінде ұшу кезінде қаптама панелі түсіп қалған соң өндірісті шектеді. Тексеру нәтижесінде төрт болттың болмағаны анықталды. Осыған байланысты 737 MAX өндірісі айына 38 ұшақпен шектелді. Компания жыл соңына дейін айына 42 ұшақ шығару жоспарын қойып отыр.
Boeing үшін оң ақша ағынына қайта оралу үшін өндірісті ұлғайту аса маңызды. Бірақ компания асықпай әрекет етуді жөн көріп отыр. «Егер бір ай күтуге тура келсе – күтеміз. Бизнес үшін бір ай ештеңе шешпейді, ал тұрақтылықты жоғалту әлдеқайда қауіпті», – деді Boeing басшысы қыркүйек айында.
Ал бұл уақытта Airbus нарықтағы позициясын күшейтіп алды. Еуропалық өндіруші жеткізілім көлемі бойынша көшбасшыға айналды. Негізгі моделі A320 Boeing 737-мен жеткізілім жағынан теңесіп үлгерді.
Алдағы жоспарлар
Boeing дәстүрлі түрде жаңа модельдер туралы ресми іске қоспай тұрып жариялайды. Бұл әуе компаниялардың қызығушылығын арттырып, жеткізушілермен келісімдерді бекітуге және инвесторларды тартуға көмектеседі. Бірақ нөлден жаңа ұшақ жасауға он жылдан аса уақыт кетіп, ондаған миллиард доллар қажет болуы мүмкін. Мұндай жобаларға әдетте отын үнемділігін кем дегенде 15% жақсартатын технология қажет. Оған жаңа қозғалтқыш архитектурасы, жеңіл материалдар немесе планерді түбегейлі қайта жобалау есебінен қол жеткізуге болады.
Rolls-Royce 2023 жылы жаңа қозғалтқышты сынақтан өткізді, бірақ оған әлі тапсырыс берушілер жоқ. Компанияның басшысы бұл технология отын тиімділігін қазіргі A320neo үлгісіне қарағанда 10% жақсарта алатынын айтты.
Rolls-Royce-пен келісім Boeing үшін үлкен өзгеріс болмақ, себебі соңғы 40 жыл бойы 737 сериясы CFM International (GE Aerospace пен Safran бірлескен кәсіпорны) жасаған қозғалтқыштармен жабдықталып келді. Алғашқы 737 ұшағы 1960-жылдары шыққан.
Контекст
Соңғы айларда Boeing бірнеше ірі келісімге қол қойды. Өткен аптада компания Өзбекстаннан құны $8 млрд асатын тапсырыс алды. Сонымен қатар Қытайдан да «үлкен тапсырыс» күтілуде: АҚШ пен ҚХР келіссөздерін аяқтап жатыр.
Қыркүйекте әлемдегі ірі тасымалдаушылардың бірі Turkish Airlines Boeing-тен 75 дана 787 Dreamliner сатып алуға және қосымша 150 дана 737 MAX алуға жақындады.
Тамыз айының соңында Boeing Оңтүстік Кореяның ұлттық және ең ірі әуе компаниясы Korean Air-ден де үлкен тапсырыс алғанын хабарлады. Каталогтық бағамен оның құны шамамен $20 млрд болуы мүмкін.








