BofA, Goldman Sachs пен Morgan Stanley АҚШ-тың баж салығынан пайда көрді

Bank of America, Morgan Stanley және Goldman Sachs банктерінің екінші тоқсандағы пайдасы сарапшылардың болжамынан асып түсті. Банктер нарықтағы құбылмалылықтан табыс таба алды — бұл жағдай президент Трамптың сәуір айында негізгі серіктестерге баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен және оның артынан басталған сауда соғысынан кейін туындады. Бұл оқиғалар сауданың өршуіне, корпоративтік қарыздардың өсуіне және шетел валютасымен операциялардың артуына әкелді, деп көрсетеді WSJ. Нәтижесінде, банктер экономикалық белгісіздік пен геосаяси тәуекелдердің әсерін жұмсартуға мүмкіндік алды.
Bank of America
АҚШ-тағы екінші ірі банктың сату және сауда операциялары сегментіндегі табысы 15% күрт өсіп, $5,4 млрд болды. Бұл — екінші тоқсан үшін рекордтық көрсеткіш. Акциялармен жасалған операциялардан түскен кіріс клиенттердің белсенділігінің артуының арқасында 10% өсіп, BofA үшін максималды деңгейге жетті, деп хабарлайды Reuters. Ал бекітілген валюталар және шикізат тауарларымен жасалған операциялардан түскен кіріс 19% шарықтады.
Жалпы табыс 4% өсім көрсетіп, $26,5 млрд-ты құрады, бірақ бұл сарапшылардың 26,72 млрд деңгейіндегі болжамынан төмен болды.
Банк саласындағы негізгі көрсеткіштердің бірі – таза пайыздық кіріс (яғни банктің несиеден түсетін пайыздық кірісі мен оның өзі төлейтін пайыздар арасындағы айырмашылық) де Wall Street-тің күткенінен сәл төмен болды. BofA бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7% көтеріліп, $14,7 млрд-қа жеткенін айтты. Сарапшылар болса $14,71 млрд болады деп болжаған еді, деп нақтылайды Investopedia. Банк 2025 жылдың екінші жартысында таза пайыздық кірістің өсуі бойынша болжамын сақтап қалды.
BofA банкінің таза пайдасы екінші тоқсанда жылдық мәнде 3% өсіп, $7,1 млрд-ты құрады. Бір акцияға шаққандағы пайда — 89 цент болды, бұл Reuters келтірген 86 центтік болжамнан жоғары.
BofA қаржы директоры Аластер Бортвиктің айтуынша, банк «нарықтағы қайта бағалаудың» арқасында пайда көріп отыр. Бұл — геосаяси белгісіздікке, пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруіне, өткен жылғы сайлаудан кейінгі саясаттағы түзетулерге және жеткізу тізбегіндегі өзгерістерге байланысты.
«Тұтынушы тарапынан сұраныс тұрақты болды, шығындар мен актив сапасы жоғары деңгейде сақталды, ал коммерциялық қарыз алушылар тарапынан несиелерді пайдалану көрсеткіштері артты. Сонымен қатар, біздің нарықтағы операцияларымыз жақсы динамика көрсетті», — деді Банк басшысы Брайан Мойнихан.
KBW компаниясының сарапшысы Крис Макграти екінші тоқсандағы ең жағымды тосынсыйды BofA-ның қарыз капиталы бағытындағы бизнесі көрсетті деп бағалады. Бұл сәуір айында АҚШ президентінің баж салығы туралы мәлімдемесінен кейінгі белсенді сауда-саттықпен байланысты болған, деп түсіндірді ол.
Goldman Sachs
АҚШ-тағы көлемі бойынша алтыншы банктың пайдасы екінші тоқсанда 22% өсіп, $3,72 млрд-ты құрады, делінген есепте. Бұған Трамптың баж салығына байланысты пайда болған нарықтағы күйзелістер аясында келісімдер саны мен сауда көлемінің артуы да әсер еткен, деп жазады WSJ. Бір акцияға шаққандағы пайда $10,9 болып, Wall Street консенсус-болжамы болған $9,69-дан асып түсті, деп хабарлайды Barron’s.
Goldman Sachs-тың жалпы табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15% артып, $14,58 млрд-ты құрады. Салыстыру үшін: сарапшылар бұл көрсеткіш $13,5 млрд-тан аспайды деп күткен.
Трейдинг бөлімінің табысы $4,3 млрд-қа дейін өсіп, банкке бір тоқсанда акциялармен саудадан Уолл-стрит тарихындағы жаңа рекорд орнатуға мүмкіндік берді — бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36% жоғары, және сарапшылар күткен мәннен шамамен $600 млн артық болды.
Банктің таза пайыздық кірісі 56% күрт өсіп, $3,1 млрд болды. Бұл да Wall Street консенсус-болжамынан $300 млн-нан астам жоғары, деп нақтылайды Investopedia.
Morgan Stanley
АҚШ-та актив көлемі бойынша 14-орында тұрған Morgan Stanley банкі тоқсандық таза пайдасының 15% өсіп, $3,39 млрд-ты немесе бір акцияға $2,13-ты құрағанын хабарлады. Уолл-стрит сарапшылары бір акцияға пайданы $1,96–$1,99 диапазонында болады деп болжады, делінген Barron’s және CNBC деректеріне сәйкес.
Банктің табысы шамамен 12% өсіп, $16,8 млрд болды, бұл да сарапшылардың $16,1 млрд деңгейіндегі бағалауынан жоғары болды.
Институционал клиенттермен операциялардан түскен табыс $7 млрд-тан $7,6 млрд-қа дейін артты, бұл нарықтағы белсенділіктің жоғары болуымен байланысты. Әсіресе акциялармен сауда айтарлықтай өсті — ол банкке $3,7 млрд табыс әкелді, бұл былтырғы көрсеткіштен 23% көп, деп есептейді Bloomberg. Агенттік Morgan Stanley трейдерлері үшін бұл банк тарихындағы ең үздік екінші тоқсан болғанын атап өтті.
2025 жылдың екінші тоқсанында банктің таза пайыздық кірісі $1,9 млрд-ты құрап, алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.
Morgan Stanley басшысы Тед Пик нарықтағы құлдырау мен сауда шиеленісіне байланысты экономикалық белгісіздіктен кейін инвестициялық банкинг секторының қалпына келуі әлі ерте кезеңде екенін ескертті, деп жазады Barron’s. Ол маусым айында клиенттер белсенділігі мен қызығушылығының артқанын айтып: «Егер біз күзде маусымдағыдай деңгейді сақтай алсақ, жылдың екінші жартысы өте сәтті болуы мүмкін», — деді.
Нарық қалай қабылдады?
BofA банкінің кейбір нәтижелері сарапшылардың бағалауынан сәл төмен болғандықтан, есеп жарияланғаннан кейін оның акциялары 1,1% төмендеді.
Goldman Sachs акциялары іс жүзінде өзгеріссіз қалды — 0,1% ғана ауытқыды. Күткендегіден жоғары пайда болса да, бұл банк акцияларын өсіруге жеткіліксіз болды, инвесторлар өсім жалғасатын нақты себеп көрмеді, деп жазады MarketWatch. «Global Banking & Markets бөлімінің нәтижелері мықты болғанымен, біздің ойымызша, нарық мұны алдын ала болжаған, сондықтан акциялардың реакциясы сәтсіз болады», — деп атап өтті Citi сарапшысы Кит Хоровиц, Goldman Sachs үшін бейтарап рейтингін растады.
Morgan Stanley акциялары 2,5% арзандады, есеп жақсы шыққанына қарамастан. Инвестициялық банкинг бөліміндегі табыстың $1,62 млрд-тан $1,54 млрд-қа дейін қысқаруы бұған себеп болған, дейді MarketWatch.
Банктердің есептері экономика жайлы нені аңғартады?
Екінші тоқсанда баж салығына байланысты нарықтағы күрт құбылмалылық аясында «жоғарғы лигаға» кіретін бес ірі банк — JPMorgan, Goldman Sachs, Morgan Stanley, Citigroup және Bank of America сауда бөлімдері бойынша екі таңбалы өсім көрсетті. Бұл банктер қаржы нарығындағы операциялар арқылы жалпы $34 млрд-қа жуық табыс тапқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға көп, делінген WSJ-дің есептеуінше.
Екінші тоқсандағы турбуленттіліктен кейін үшінші тоқсанда жағдай тұрақтала бастады, деп жазады MarketWatch. Goldman Sachs басшысы Дэвид Соломон есеп жарияланғаннан кейін: «Қазіргі кезде экономика мен нарықтар саясаттағы өзгерістерге жалпы жағымды реакция беріп отыр. Бірақ оқиғалар сирек жағдайда тура жүреді, сондықтан біз әлі де тәуекелдерді басқаруға басымдық беріп отырмыз», — деп мәлімдеді.
Әзірге банктердің нәтижелері АҚШ экономикасының жағдайына қатысты ұстамды оптимизм танытып отыр, деп жазды Barron’s кеше ең ірі бес банктің үшеуі есептерін жариялағанда. Сауда саласындағы тәуекелдерден бастап, фискалдық саясаттағы ықтимал өзгерістерге дейінгі белгісіздік сақталып отырғанына қарамастан, банктер сауда, активтерді басқару және тұтынушылық несиелеу сияқты негізгі бизнес бағыттарында тұрақтылық көрсетуде.
Несиелік залалдар болжанған деңгейден аспай отыр, ал мерзімі өткен төлемдердің өсуі бірқалыпты және банктердің айтуынша, бұл жүйелі сипатта емес. Бизнес пен халық тарапынан несиеге деген сұраныс қалпына келе бастады — бұл тұтынушылар мен корпоративтік сектордың болашаққа деген сенімінің сигналы ретінде қарастыруға болады, деп түсіндіреді Barron’s.
Дегенмен, сауда саясатына қатысты белгісіздік пен федералдық деңгейдегі өзгерістерге байланысты кернеу сақталуад, және бұл жағдайды инвесторлар өз бағалауларында ескеріп отыр, деп көрсетеді басылым.








