Неліктен 60/40 портфелі соңғы 150 жылдағы ең нашар кезеңді бастан өткеріп жатыр?

Акциялар мен облигациялар арасындағы «мәңгілік тепе-теңдік» идеясы нәтиже бермей қалды: дәстүрлі 60/40 стратегиясы 1870-жылдардан бергі ең нашар динамиканы көрсетіп отыр. Инвесторлар бұрын акция бағасы түскен кезде қорғаныс активі ретінде жұмыс істейтін және портфельдің құбылмалылығын азайтатын трежериске арқа сүйеуге үйренген. Алайда соңғы жылдары бұл механизм тиімді жұмыс атқаруды тоқтатты.
Егжей-тегжейлі
S&P 500 индексінің акцияларының 60%-ы мен 10 жылдық трежеристер түріндегі мемлекеттік облигациялардың 40%-ынан тұратын классикалық портфельдің иелері алғаш рет соңғы 150 жылда тек акцияларға инвестиция салған инвесторлардан да қаттырақ шығынға ұшырады, деп хабарлады Business Insider Morningstar-дың жаңа зерттеуіне сілтеме жасап.
«2020-жылдары 150 жыл ішіндегі жалғыз жағдай — классикалық 60/40 портфелінің құлдырауы тек акциялардан құралған портфельге қарағанда ауыр тиуі», — делінген Morningstar зерттеуінде. Бұл талдау 2022 жылдың қаңтарында басталған аюлы трендтен бергі кезеңді қамтиды.
Сол кезде S&P 500 индексі рецессиядан қорқудың салдарынан төмендей бастады. Бірақ трежерис те жағдайды құтқара алмады — ФРЖ тарапынан пайыздық мөлшерлеменің күрт көтерілуі қарыз қағаздар нарығын құлатты. Содан бері АҚШ акция нарығы қалпына келіп, бірінен соң бірі жаңа рекордтар орнатып жатыр. Бірақ мемлекеттік облигациялар әлі де аюлы трендтен шыға алмай келеді, деп атап өтті Business Insider.
Бұл неге маңызды?
Әлемдегі ең ірі тікелей инвестициялық қорлардың бірі – KKR 2025 жылдың басында-ақ АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары енді бұрынғыдай «амортизатор» ретінде жұмыс істемейтінін ескерткен болатын. Morningstar мұны растап отыр: қазіргі кезең – 1870 жылдан бері облигациялар инвесторларды акциялар құлдырағанда қорғай алмаған жалғыз уақыт.
Сонымен қатар, Morningstar мына нәрсені ескертіп отыр: облигациялардағы залал нақты шығынға тек оларды алдын ала сатқанда ғана айналады. Егер инвестор қарыз қағаздарын өтеу мерзіміне дейін ұстап отырса, ол өзіне тиесілі номиналды сома мен кірістілікті (яғни белгіленген табысты) алады.
Алда не болмақ?
Дәстүрлі модельдің бұзылғанына қарамастан, Morningstar инвестициялық портфель қалыптастыруда диверсификацияны әлі де негізгі стратегия деп санайды. Зерттеу авторы Эмилия Фредлик былай деп атап өтті: «Жалпы алғанда, соңғы 150 жылда 60/40 портфелі акциялар ғана бар портфельмен салыстырғанда құн жоғалту жағынан орта есеппен 45% аз зардап шекті».
Мысалы, АҚШ-тағы 1929 жылғы қор нарығының құлдырауы, яғни Ұлы депрессияның басталуы кезінде, S&P 500 индексі 79% құлдырады, ал 60/40 портфелі небәрі 53% төмендеді. XX ғасырдың ортасында АҚШ-тың мемлекеттік облигациялары онжылдықтар бойы төмендеген кезде де, балансталған 60/40 портфелі уақыт өте келе қалпына келіп, жаңа рекордтарға жеткен, — деп еске салды Фредлик. Сондықтан ол былай деп түйіндеді: Диверсификация — белгісіздік кезеңінде аман қалудың және капиталды ұзақ мерзімді перспективада сақтаудың ең жақсы жолы болып қала береді.
Контекст
Инвестициялық алып BlackRock компаниясының басшысы Ларри Финк 2025 жылдың наурыз айының соңында инвесторларға жолдаған хатында дәстүрлі 60/40 стратегиясын ескірген деп атап, оны қайта қарауға шақырды. Финк болашақта классикалық портфельдің жаңа 50/30/20 моделіне ауысуы мүмкін екенін айтты: 50% акциялар, 30% облигациялар, 20% жеке активтер (жылжымайтын мүлік, инфрақұрылымдық жобалардағы үлес және жеке несиелеу құралдары секілді).








