Goldman: 2025 жылы үш рет мөлшерлеме төмендейді. Трежерилер жағдайы не болмақ?

Goldman Sachs осы аптада АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемесі бойынша өз болжамын қайта қарап, соның негізінде америкалық мемлекеттік облигациялар (трежерилер) табыстылығы бойынша да болжамын өзгертті. Трежерилердің табыстылығын болжау барған сайын күрделене түсуде, импорттық баж салығының өсуі олардың табыстылығын не көтеруі, не төмендетуі мүмкін, ал Дональд Трамптың «үлкен, әдемі» салықтық жеңілдіктер туралы заңды қабылдауы бюджет кірістерінің азаюы салдарынан қарыз көлемінің өсу қаупін арттырады.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының табыстылығы бойынша болжамдарын төмендетті, өйткені банк енді ФРЖ-ның ақша-кредит саясатын бұрынғыдан ертерек және белсендірек жұмсартуын күтеді. Банк 2025 жылдың соңында 2 және 10 жылдық трежерилердің табыстылығы тиісінше 3,45% және 4,2% болады деп болжауда, ал бұрын бұл көрсеткіштер 3,85% және 4,5% деп көрсетілген еді, деп хабарлайды Bloomberg. Goldman-ның жаңа болжамы нарықтық консенсусқа қарағанда жұмсағырақ көрінеді: Bloomberg-тің мәліметінше 10 жылдық қазынашылық облигациялар бойынша орташа табыстылық 4,29%-ды құрайды. 3 шілдеде, АҚШ-та мерекелік демалыс қарсаңында олар 4,35% табыстылықпен саудаланды.
Goldman Sachs бұл табыстылық болжамын ФРЖ саясатын жұмсартуға қатысты экономистерінің жаңартылған күтулерінен кейін жариялады. Енді олар реттеуші қыркүйек, қазан және желтоқсан айларында мөлшерлемені төмендетеді деп санайды. Бұған дейін 2025 жылдың соңында тек бір рет қана төмендету болады деп болжанған. Бұл болжам 3 шілде күні шыққан еңбек нарығы бойынша күшті статистикаға дейін жарияланған еді, ол ФРЖ-ға жасалатын қысымды азайтты. Алайда Уолл-стрит банкі өз ұстанымынан бас тартқан жоқ, себебі жұмыс орындарының негізгі өсімі мемлекеттік сектор есебінен қамтамасыз етілді.
Контекст
Bloomberg атап өткендей, облигациялар табыстылығының бағытын болжау бүгінде бұрынғыдан күрделірек. Бір жағынан, импорттық баж салығының өсуі инфляцияны үдетуі мүмкін — бұл әдетте облигациялар табыстылығының артуына әкеледі. Бірақ кері әсер де болуы ықтимал: егер инфляцияны ескергендегі нақты табыстар төмендесе, бұл тұтынуға соққы болып тиіп, экономикалық өсімді бәсеңдетіп, ақырында мөлшерлемелер мен облигация табыстылығын төмендетуі мүмкін.
Сонымен қатар, 4 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп салықтық жеңілдіктерді қамтитын «үлкен, әдемі» заң жобасына қол қоюы тиіс. Бұл бюджет тапшылығының ұлғаюына және қарыз алу тәуекелінің артуына алып келуі мүмкін.
Басқа банктер не күтуде
Goldman Sachs сияқты Citigroup пен Wells Fargo да 2025 жылы ФРЖ мөлшерлемені 75 базистік тармаққа төмендетеді деп күтеді. UBS болжамы — 100 базистік тармаққа дейін. Барлық төрт банк те төмендету циклі қыркүйекте басталады деп санайды. Сонымен қатар, 2026 жылға Goldman Sachs мөлшерлеменің тағы екі рет — әрқайсысы 25 базистік тармаққа — төмендеуін болжауда, деп хабарлайды Reuters.
CME FedWatch деректеріне сәйкес Уолл-стрит қыркүйекте ФРЖ мөлшерлемесін төмендетуі ықтимал деген болжамды нарық бағасына шамамен 70% ықтималдықпен енгізіп қойған. Ал 2025 жылдың соңына қарай нарық кем дегенде екі рет төмендетуді күтуде.








