BofA S&P 500 индексін құлдыратуы мүмкін бес тәуекелді атады

Bank of America АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 үшін бес ірі тәуекел туралы ескертті, деп жазады MarketWatch. Банктің стратегы Савита Субраманиан инвесторларға талғампаз болуға және индекс қорларынан гөрі жеке акцияларға басымдық беруге кеңес берді. Оның айтуынша бүгінде америкалық инвесторлардың портфельдерінің құрамы экономикалық жағдай нашарлаған кезде жаппай сатылым тәуекелін арттырып отыр. BofA-ның пікірінше қазіргі нарық сигналдары S&P 500 бұрынғы шектеріне жеткен кезеңдер алдындағы жағдайға ұқсап келеді.
Bank of America қандай бес қауіп белгісін көріп отыр?
S&P 500 шамадан тыс қымбаттап кеткен
Субраманианның командасы S&P 500 бағалануының 20 көрсеткішін бақылайды — соңғы 12 айдағы P/E коэффициентінен (Trailing P/E) бастап, болжамды PEG коэффициентіне және S&P 500 бен шағын компаниялар индексі Russell 2000-дің форвардтық P/E көрсеткішіне дейін.
BofA-ның мәліметінше 9 көрсеткіш бойынша S&P 500 бағалануы қазірдің өзінде «дотком көпіршігі» кезеңіндегі тарихи шектен асып кеткен. Оның төртеуі — нарықтық капитализацияның ЖІӨ-ге қатынасы, баға мен баланстық құн арақатынасы (P/B), бағаның операциялық ақша ағынына қатынасы және EV/Sales мультипликаторы — тарихта бұрын-соңды мұндай деңгейге жетпеген.
Соған қарамастан, Субраманиан қазіргі жоғары бағалаудың белгілі бір деңгейде негізі бар екенін айтады. Оның пікірінше: «Тарихпен салыстыру әрдайым дұрыс бола бермейді, өйткені қазіргі S&P 500 компаниялары сапалырақ, қарыз жүктемесі төмен және активтерге тәуелділігі аз. Бірақ тәуекелдер жиналып жатыр, демек S&P 500-дің әділ бағасының төменгі шегі қазіргі деңгейден төмен болуы мүмкін».
«Аюлы» нарықтың жақындап келе жатқан белгілері
BofA командасы нарықтың шыңдарға жақындағанын алдын ала көрсететін 10 индикаторды бақылайды. Олардың қатарында: Conference Board тұтынушылық сенім индексі; акциялардың өсуін күтетін инвесторлардың үлесі; BofA sell-side индикаторы (брокерлердің сатып алу/ұстау/сату ұсыныстары); соңғы 6 айда жарияланған M&A мәмілелерінің көлемі; жоғары және төмен P/E акцияларының табыстылығы арасындағы айырмашылық.
MarketWatch жазғандай, бұл сигналдардың 60%-ы қазірдің өзінде іске қосылған. Бұл көрсеткіш бұрынғы нарық шыңдары алдындағы орташа 70% деңгейіне өте жақын.
Экономикалық деректердің жетіспеуі — тәуекел факторы
Қазынашылықтың жұмысын тоқтату (shutdown) және Қытаймен сауда шиеленісі инвесторларға белгісіздік туғызды. Компаниялардың жаңа жобаларға қаржы салу белсенділігі төмендеп кетті.
BofA-ның ескертуінше егер бюджеттік дағдарыс пен сауда қақтығыстары жалғаса берсе, АҚШ экономикасының белсенділігі баяулауы мүмкін.
Спекуляцияның күшеюі және private credit тәуекелі
Соңғы айларда бірқатар ірі дефолт жеке кредиттік нарықтың тәуекелдерін ашып берді. JPMorgan басшысы Джейми Даймонның сөзінше «жүйеде әлі де көп тарақандар бар».
Finra деректері бойынша инвесторлардың маржиналдық қарызы 2021 жылғы тарихи деңгейге қайта жетті — бұл алыпқашпа сауданың (спекуляцияның) күшейгенін білдіреді.
BofA Global Fund Manager Survey қорытындысы: инвесторлар жүйелік қаржылық тәуекелдің негізгі көзі ретінде private equity мен private credit секторларын атайды; респонденттердің 54%-ы ИИ (AI) акциялары – көпіршік деген пікірде.
Егер бәрі сатуға асықса, не болады?
Субраманианның айтуынша, қазіргі портфельдер құрылымы қауіпті – көптеген инвесторлар S&P 500 индекс қорлары мен private equity активтерінен тұратын стратегияны таңдаған. Егер private equity саласында мәселелер күшейсе, инвесторлар жаппай индекс қорларын сата бастауы мүмкін. Бұл тіпті ірі және өтімді компаниялар акцияларын құлдыратуы ықтимал.








