BofA: шағын капитализациялы компаниялар көлеңкеден шықты

Көктемгі нарықтағы құлдыраудан кейін шағын капитализациялы компаниялардың акциялары инвесторлардың назарын қайтадан өзіне аударды, деп атап өтті Bank of America (BofA) сарапшылары. Бұл қысқамерзімді үрдіс емес: АҚШ ФРЖ-нің әрекеттері, кірістің өсуі және салық саясатының жұмсаруы — small caps акцияларының тұрақты өсуіне себеп болады.
Егжей-тегжейлі
Ұзақ уақыт назардан тыс қалғаннан кейін шағын капитализациялы компаниялардың акциялары қайтадан назар ортасына шықты, деп жазады Bank of America (BofA) сарапшылары инвестициялық шолуда.
Russell 2000 индексі рекордтық максимумдарға жақын. 1 және 31 тамыз аралығында ол 9%-дан астамға өсті. Салыстыру үшін, сол кезеңде S&P 500 индексі тек 3,5% ғана қосты. Осылайша, бір жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет шағын компаниялар индексі ірі капитализациялы компаниялар индексінен озды, дейді сарапшылар.
Бұрын бұл ралли үзіліспен жүріп отырса да, қазір пайда болған жағымды факторлар қазіргі өсу үрдісінің тұрақты болуы мүмкін екеніне сенім ұялатады, дейді Bank of America сарапшылары.
Russell 2000 индексінің өсуінің үш себебі
1. Ақша-несие саясатының жұмсаруы
Бұл — раллидің жалғасуына ең мықты негіз, деп санайды BofA. Өткен аптада АҚШ-тың Федералдық ашық нарық комитеті (FOMC) негізгі мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетті. Енді ол 4-4,25% деңгейінде. Бұл — 2025 жылғы алғашқы мөлшерлеме төмендеуі.
1990 жылдан бері ФРЖ мөлшерлемесін төмендеткеннен кейінгі алғашқы 24 айда шағын компаниялардың акциялары орта есеппен ірі компаниялардан озып отырды. Бұл, бір жағынан, шағын компаниялар пайыздық мөлшерлеменің өзгерісіне сезімталдау келеді: олардың қарыздық жүктемесі жоғары, ал шамамен 45% қарыздары қысқа мерзімді және өзгермелі мөлшерлемемен.
2. Пайда өсімінің қалпына келуі
Бұл — small caps үшін тағы бір қуатты оң фактор. BofA сарапшыларының айтуынша, шағын капитализациялы компаниялар өткен тоқсанда акцияға шаққандағы табыстың (EPS) өскенін көрсетті. Бұл — 2022 жылдан бергі алғашқы өсім. Дегенмен, есепте нақты қанша пайызға өскені айтылмаған.
BofA сарапшыларының болжамынша осы жылдың соңына қарай small caps табысының өсу қарқыны ірі компанияларды басып озуы мүмкін. Осындай пікірді Royce сарапшылары да қолдайды. Олардың болжамына сәйкес 2025 жылдың желтоқсанына қарай шағын компаниялардың акцияға шаққандағы табысы 31,8% өседі, ал ірі компанияларда бұл көрсеткіш тек 8,1% болады.
3. Аналитикалық көрсеткіштер
BofA Global Research компаниясының нарықтық режим индикаторы «қалпына келу» аймағына өтті — бұл тарихи тұрғыдан шағын компаниялар үшін ең тиімді кезең. Нарық бағалауы жазғы өсімге байланысты жоғарылағанымен, болашақ табысқа (форвард) негізделген бағалау мультипликаторлары тарихи деңгейлермен салыстырғанда әлі де төмен күйде қалып отыр.
Дональд Трамптың бизнесті салықтық шегерімдермен қолдауды көздейтін «Үлкен көркем заң жобасының» (Big Beautiful Bill) ережелері де шағын компаниялар үшін қосымша артықшылық болуы мүмкін. Өзгерістерге сәйкес, енді компаниялар салық салынатын кірісті есептеген кезде амортизация мен тозуды шегерім ретінде қолдана алады. Бұл бизнестің салық төлемін азайтады. BofA атап өткендей, шағын компаниялардың амортизациялық көрсеткіштері ірі компанияларға қарағанда екі есе жоғары.
Сондай-ақ, жақында бірігу және жұтылу (M&A) және IPO салаларындағы белсенділік те раллидің қосымша катализаторы болуы мүмкін. Business Insider деректеріне сүйенсек, қыркүйек айының басында 2021 жылдан бергі ең белсенді IPO кезеңі тіркелді — алты мәміле аясында $4 млрд-тан астам қаражат тартылған.
Тәуекелдер
Бұл шағын компаниялар раллиі еш тәуекелсіз дегенді білдірмейді, деп ескертеді BofA сарапшылары. Инфляцияның тұрақты болуы ФРЖ мөлшерлемесін төмендету циклін тоқтатуы мүмкін. Бұл — small caps үшін басты тіректердің бірін шайқалтуы ықтимал.
Сонымен қатар, АҚШ-тың импорттық баж салығына қатысты белгісіздік сақталып тұр — бұл шағын компаниялардың табыстылығын қысқартуы мүмкін, себебі олардың маржасы ірі бәсекелестерге қарағанда әлдеқайда төмен.
Дегенмен, бұл тәуекелдерге қарамастан, BofA сарапшылары инвесторларға мықты іргетасы бар, сапалы шағын капитализациялы акцияларды теңгерімді портфельге енгізуді қарастыруды ұсынады.








