Бөлшек инвесторлардың сүйікті акциясы нарықтан 7 есе озды. Неге алаңдатарлық белгі?

Қыркүйек айының басынан бері АҚШ-тағы жеке трейдерлер акцияларды рекордтық қарқынмен сатып алып жатыр. Олардың Tesla, Nvidia және Dell секілді сүйікті компаниялардың қағазы орта есеппен 30% өскен, ал S&P 500 индексі бар болғаны 4% көтерілді. Сауда көлемі тарихи максимумға жетіп, инвесторлардың FOMO (пайдадан қалып қою қорқынышы) және MOMO (тренд қуалау) сезімін күшейтті. Сарапшылардың айтуынша, жеке трейдерлер белсенділігінің мұндай күрт артуы акциялардың шамадан тыс қымбаттауына әкелуі мүмкін, ал олардың қызығушылығының суытуы нарықта түзетуді тудыру қаупін арттырады.
Егжей-тегжейлі
АҚШ-тағы жеке трейдерлер акцияларды рекордтық қарқынмен сатып алып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg. Citigroup дерегіне сүйенсек, арасында ең танымал 46 акциядан тұратын қоржын қыркүйек айының басынан бері 30% өскен, ал S&P 500 индексі небәрі 4,3% ғана көтерілген. Қазан айының басынан бастап жеке сауда көлемі тарихи максимумға жетті. Bloomberg пен JPMorgan деректері бойынша, 2–8 қазан аралығында жеке трейдерлердің акция сатып алу көлемі аптасына $7 млрд-тан асқан — бұл соңғы екі айдағы орташа $5,3 млрд-пен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Осының нәтижесінде қазанда әдетте байқалатын маусымдық баяулау бұл жолы орын алған жоқ — олардың белсенділігі Citi бұл деректерді қадағалай бастаған 2018 жылдан бері ең жоғары деңгейге жетті.
Bloomberg атап өткендей, белсенділіктің артуы жасанды интеллектпен байланысты акцияларға деген жаңа қызығушылық толқынымен тұспа-тұс келді. Бұған корпоративтік келісімдер, ставкалардың төмендеуін күту және компаниялардың тұрақты қаржылық нәтижелері әсер етті. Трейдерлердің фавориттері қатарында соңғы бес айдағы ең ірі инвестициялық ағымға ие болған Dell Technologies, сондай-ақ «Керемет жетілік» өкілдерінің кейбірі — Tesla, Nvidia және Meta бар. Ал Apple бұл тізімге енбеген.
Акциялардан бөлек, трейдерлердің тәуекелге бейім опциондар нарығында да байқалды: JPMorgan дерегінше, соңғы жеті сауда сессиясында жеке трейдерлердің опцион сату көлемі рекордтық $93 млрд-қа жеткен. Бұған негізінен технологиялық және телекоммуникациялық секторлардағы белсенділік себеп болған. Сонымен қатар, инвесторлар ETF-қорларға да белсенді түрде қаржы бағыттаған — олардың ағымы $5,8 млрд болып, бұл соңғы бес айдағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Қаражаттың бір бөлігі алтын (SPDR Gold Shares) және күміс (iShares Silver Trust) қорларына салынған.
Қандай қауіп бар?
Bloomberg мәліметінше, 22V Research сарапшылары жеке трейдерлердің тәуекелге деген тәбеті шамадан тыс артып кеткенін ескертті. Сауда белсенділігінің мұндай күрт өсуі олардың сүйікті позицияларының (яғни, ең көп иеленетін акцияның) тым қымбаттап кету қаупін тудырады. Сарапшылардың айтуынша, егер осындай жағдайда инвесторлардың қызығушылығы аздап суыса, бұл нарықта күрт түзету қаупін арттырады.
Interactive Brokers компаниясының бас стратегі Стив Сосник: «Біз көптен бері қор нарығындағы өсімнің негізінен FOMO (пайдадан қалып қою қорқынышы) мен MOMO (трендті ұстанатын инвесторлар) комбинациясымен қоректеніп отырғанын айтып келеміз. Қазір кез келген бағаның төмендеуі — сатып алу мүмкіндігі ретінде, ал өсім — қосылуға белгі ретінде қабылданады».
22V Research компаниясының бас нарықтық стратегі Деннис ДеБушердің айтуынша: «Олардың шоғырлануы жоғары болғандықтан, бөлшек сауда фавориттер индексіне шамадан тыс әсер етуі мүмкін, тіпті акцияларда аз ғана түзету болса да». Тіпті пайыздық мөлшерлеменің, кредиттік спрэдтің немесе құбылмалылықтың аз ғана өзгеруі Citi-дің бөлшек инвесторларына бағытталған қоржынның күрт құлдырауын тудыруы мүмкін, деп қосты ол.








