Brent мұнайы 4%-ға құлдырады. ОПЕК болжамы артық ұсынысқа қатысты алаңдаулы

12 қарашадағы саудада Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 4%-ға төмендеді. Бұған ОПЕК-тің нарықта мұнай артықшылығы болуы мүмкін деген болжамы себеп болды. Сонымен қатар, Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) мұнай мен газға деген сұраныс 2050 жылға дейін өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл бұған дейінгі болжамдарға қайшы.
Егжей-тегжейі
Қаңтар айында жеткізілетін Brent мұнайының фьючерстері шамамен 3,9%-ға арзандап, бір баррель үшін $62,58-ге дейін түсті. WTI маркалы мұнай фьючерстері 4,3%-ға құлдырап, $58,4 деңгейіне жетті. Бұл мәліметтер Межконтиненталды биржадан алынған.
Бағаның төмендеуіне ОПЕК-тің 2026 жылға қарай әлемдік мұнай ұсынысы сұраныспен теңеседі немесе аздап артып кетуі мүмкін деген мәлімдемесі әсер етті. Reuters хабарлауынша, бұл ұйымның бұрынғы болжамынан айырмашылық бар — бұрын мұнай тапшылығы күтілген еді.
Price Futures Group компаниясының аға сарапшысы Фил Флинн: «Нарықтың теңдестірілген жағдайға келу перспективалары бағаның құлдырауына себеп болды. Нарық бұған сенгісі келеді. Және меніңше, нарық бұл жолы ОПЕК-ті ХЭА-дан гөрі байыпты қабылдады», — деді.
ХЭА сәрсенбі күні жариялаған World Energy Outlook есебінде мұнай мен газға сұраныс 2050 жылға дейін өсуі мүмкін деп көрсетілген. Бұл агенттіктің бұрынғы ұстанымынан ауытқу: бұрын сұраныс осы онжылдықта шарықтау шегіне жетеді деп есептелген. Енді бұл болжам елдердің климаттық уәдесіне емес, нақты жүргізіліп жатқан саясатқа негізделіп отыр, деп түсіндірді Reuters.
АҚШ-тағы мұнай өндірісі
АҚШ-та мұнай өндірісі биыл бұрынғы күтілгеннен де жоғары рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Бұл АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) сәрсенбі күні жариялаған қысқа мерзімді болжамында айтылды.
2025 жылы АҚШ-та орташа тәуліктік мұнай өндіру көлемі 13,59 млн баррель болады деп болжануда, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш сәл төмендеп, 13,58 млн баррельге дейін түседі. Бұған дейінгі болжамда өндіріс 2025 жылы 13,53 млн баррельден 2026 жылы 13,51 млн баррельге дейін қысқарады делінген. Прогноздың қайта қаралуы тамыз айындағы нақты өндіріс көлемі күтілгеннен жоғары болғанымен түсіндіріледі.
EIA бағалауынша, 2025 жылы жаһандық мұнай мен сұйық көмірсутек өндірісі тәулігіне орта есеппен 106 млн баррель болады. Бұл — алдыңғы болжамнан 100 мың баррельге көп. Әлемдік тұтыну бойынша болжам да дәл сондай көлемге — 104,1 млн баррельге дейін көтерілді.
Кейбір сарапшылар АҚШ-та мұнай өнімдеріне деген сұраныс артады деп болжайды. IG Market сарапшысы Тони Сайкамора Reuters агенттігіне шатдаунның аяқталуы тұтынушылар сенімін және экономикалық белсенділікті арттыруы мүмкін екенін, бұл өз кезегінде мұнайға деген сұранысты өсіретінін айтқан.








