Қытай компаниялары санкциялар салдарынан ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатты

Қытайдың мемлекеттік мұнай компаниялары АҚШ «Роснефть» пен «Лукойлға» санкциялар енгізгеннен кейін ресейлік теңіз мұнайын сатып алуды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Reuters бірнеше сауда көздеріне сілтеме жасап.
Егжей-тегжейі
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Қытайдың мемлекеттік мұнай компаниялары PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil санкцияларға ілігу қаупінен қорқып, ресейлік теңіз мұнайын уақытша сатып алудан бас тартқан. Компаниялардың өкілдері Reuters сауалдарына түсініктеме бермеді.
Сонымен қатар, Үндістанның мұнай өңдеу зауыттары да енгізілген шектеулерді сақтау мақсатында ресейлік мұнай сатып алу көлемін күрт қысқартуға шешім қабылдады. Үндістан үкіметі мен мемлекеттік мұнай өңдеу зауыттары да түсініктеме беруден бас тартқан.
Мұның салдары қандай болуы мүмкін?
Reuters жазуынша, ресейлік мұнайдың екі ірі сатып алушысы тарапынан сұраныстың күрт төмендеуі Мәскеудің табысына соққы береді және әлемнің ірі мұнай импорттаушыларына баламалы жеткізу көздерін іздеуге мәжбүрлейді. Бұл, өз кезегінде, әлемдік мұнай бағасының өсуіне түрткі болуы мүмкін.
Бұл жаңалық жарияланғаннан кейін мұнай бағасы АҚШ санкцияларынан кейінгі алдыңғы өсімді жалғастырып, тағы да жоғарылады: сауда кезінде Brent бағасы 5,7%, ал WTI бағасы 6,2% көтерілді.
Контекст
Қытай тәулігіне шамамен 1,4 миллион баррель ресейлік мұнайды теңіз арқылы импорттайды. Алайда, бұл көлемнің басым бөлігін ірі мемлекеттік емес тәуелсіз мұнай өңдеушілер, соның ішінде шағын кәсіпорындар сатып алады. Мемлекеттік компаниялардың сатып алу көлеміне қатысты бағалар едәуір өзгеше, деп атап өтеді агенттік.
Vortexa Analytics деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қытайдың мемлекеттік компаниялары тәулігіне 250 мың баррельден аз ресейлік мұнай сатып алған. Ал Energy Aspects бағалауынша, бұл көрсеткіш шамамен 500 мың баррель болған.
Sinopec компаниясының сауда бөлімшесі Unipec өткен аптада ресейлік мұнай сатып алуды тоқтатты. Бұған себеп — Ұлыбританияның «Роснефть», «Лукойл», «көлеңкелі» мұнай тасымалдаушы флот және бірқатар қытай құрылымдарын, соның ішінде ірі мұнай өңдеушілердің бірін, санкциялық тізімге енгізуі болды.








