БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Еңбек нарығы мен инфляция бойынша деректер шатдауннан кейін жарияланбайды — Ақ үй

Ринат Таиров

Ринат Таиров

Oninvest тілшісі
Еңбек нарығы мен инфляция бойынша деректер шатдауннан кейін жарияланбайды — Ақ үй

АҚШ еңбек нарығы және қазан айындағы тұтыну бағалары индексі (CPI) бойынша мәліметтер үкіметтің жұмысындағы үзіліске (шатдаун) байланысты жарияланбайды. Бұл туралы Ақ үй мәлімдеді. Инвесторлар бұл деректерге сүйене отырып, АҚШ экономикасының жағдайын бағалап, желтоқсандағы Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) мөлшерлеме шешімін болжағысы келген еді.

Егжей-тегжейі

Bloomberg жазуынша, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт: «Демократтар федералды статистикалық жүйеге қалпына келмейтін зиян келтірді. Соның салдарынан қазан айындағы CPI мен жұмыс орындары туралы есеп жарияланбай қалуы мүмкін», — деді.

Ол сондай-ақ: «Маңызды кезеңде ФРЖ деректерсіз әрекет етуге мәжбүр болып отыр», — деп қосты. ФРЖ 9–10 желтоқсанда жиналып, пайыздық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Бұған дейін қыркүйек пен қазанда мөлшерлеме екі рет қатарынан төмендетілген болатын.

Ливитт мәлімдемесінен кейін акция нарығындағы өсім баяулады. Сауда жабылуына бір сағат қалғанда S&P 500 индексі 0,14% өсіп тұрғанымен, кейін бұл өсімді жоғалтып, тұрақсыз күйде қалды. Dow Jones индексі 0,8%-ға көтеріліп, кейін 0,7%-ға дейін төмендеді. Технологиялық компаниялар басым Nasdaq Composite 0,35%-ға төмендеді.

Контекст

АҚШ Еңбек статистикасы бюросы (BLS) үкімет жұмысы тоқтағандықтан қазан айында жұмыс орындары мен инфляция туралы есептерді жарияламады. Barron’s дерегінше, бюро жұмысын қайта бастаған соң қандай мәліметтерді беретінін кейін хабарлайтынын айтқан.

CNBC мәліметінше, маңызды экономикалық деректердің болмауы — Уолл-стрит үшін шатдаунға қатысты басты алаңдаушылық. Сарапшылар деректер кешігіп болса да жарияланады деп үміттенген. Barron’s агенттігі экономистердің пікірін келтіре отырып, деректер бәрібір жарияланады, бірақ әдеттегіден көбірек болжамдарға сүйенуі мүмкін екенін жазады. Bloomberg кей мәліметтер екі айды біріктіріп бір есеп түрінде берілуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. BLS әзірге бұл туралы түсініктеме бермеді.

АҚШ үкіметінің шатдауны 1 қазанда басталды және ел тарихындағы ең ұзақ үзіліс болып отыр. Үкімет жұмысы бюджет заңын дер кезінде қабылдамауға байланысты тоқтаған. 11 қарашаға қараған түні Сенат бұл заң жобасын мақұлдады. Енді оны Өкілдер палатасы дауысқа салады. Егер мақұлданса, заңға АҚШ президенті Дональд Трамп қол қояды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары