BYD компаниясының нарықтық құны $20 млрд-қа төмендеді. Инвесторлар неге алаңдаулы?

Қытайда электромобиль нарығында баға соғысы өршіп жатқан шақта оны бастаған BYD компаниясы соңғы екі аптада $20 млрд нарықтық капитал құнынан айырылып қалды. Инвесторлар Қытайдың жетекші көлік өндірушісінің стратегиясының табысты боларына және сату жоспарына жете алатынына күмән келтіріп отыр. Осы уақытта BYD-тің жергілікті нарықтағы бәсекелестері жеткізілімдерін арттырып, нарықтағы үлесін көбейтуде.
Егжей-тегжейлі
6 маусым жұма күні Гонконгтағы сауда нәтижесінде BYD акциялары 2,2%-ға арзандады. Сөйтіп, Қытайдың жетекші көлік өндірушісінің қағаздары 23 мамырда тіркелген рекордтық жабылу бағасынан 13,4%-ға төмендеді. Bloomberg-тің хабарлауынша компанияның нарықтық құны $20 млрд-тан аса азайған.
Компания құнының күрт төмендеуіне BYD-тің өзі мамыр айында бастаған баға соғысының жаңа кезеңі себеп болды. Компания Қытайдағы көліктерінің бағасын 34%-ға дейін төмендетті. Bloomberg-тің мәліметінше енді инвесторлар компания стратегиясына күмәнмен қарай бастады. Нарық қатысушыларының көбі акциялардың құлдырауына бәс тігуде: қысқа позициялардың үлесі айналымдағы жалпы акциялардың 4,4%-ына жетті, ал 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш небәрі 0,3% болған, деп жазды агенттік S&P Global деректеріне сүйене отырып.
Бағаны төмендеткеніне қарамастан, BYD мамыр айының соңына дейін 2025 жылға жоспарланған сату көлемінің тек 32%-ын ғана орындай алды. Нарықтағы жалпы сұраныс баяулаған, ал Xiaomi мен Huawei Technologies сияқты жаңа ойыншылар бәсекені ушықтырды. Bloomberg-тің жазуынша BYD-тің соңғы жаңа үлгілері тұтынушылар тарапынан қызығушылық тудырмай отыр, ал Xpeng пен Zhejiang Leapmotor Technology сияқты бәсекелестері нарықтағы үлесін арттырып келеді. Мысалы, агенттіктің айтуынша, Leapmotor-дың мамыр айындағы жеткізілімдері өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам артқан.
Соңғы екі аптадағы акцияларды жаппай сату инвесторлардың BYD компаниясының 5,5 млн автокөлік сату мақсатына жетуіне күмәнданатынын және күшейген бәсеке компанияның табыстылығына кері әсер етуі мүмкін деп қорқатынын көрсетеді, деп жазады Bloomberg.
«BYD акцияларының құлдырауы – компания маржасына қысым және саланың жалпы көңіл күйінің нашарлауы сынды факторлардың қосындысын көрсетеді, – дейді Solomons Group компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша инвестициялық директоры Энди Вонг. – Қазір электромобильдердің анағұрлым дамыған және бәсекелі нарығында сату көлемін айтарлықтай өсіру үшін бір ғана бағаны агрессивті төмендету жеткіліксіз».
Баға соғысы немен аяқталады?
Баға соғысы бұл жолы да саланың бірігуіне алып келуі мүмкін, бірақ бұл процесс анағұрлым күрделі болмақ, дейді Edmond de Rothschild Asset Management қорының басқарушысы Бин Юань Bloomberg-ке.
«Нарықта қалған ойыншылардың ауқымы, қаржылық тұрақтылығы және бәсекеге қабілетті өнімдері бар, және, бәлкім, жағдай түзелмей тұрып, алдымен нашарлауы мүмкін», – дейді сарапшы. Соған қарамастан, Юаньның пікірінше, BYD бұл бәсекеден жеңімпаз болып шығуы мүмкін.
«Біз BYD-дің соңғы баға төмендетуін маусымдық сату бәсеңдеген кезеңде тұтынушыларды тарту үшін жасалған қысқа мерзімді маркетингтік қадам ретінде қарастырамыз, – дейді Macquarie Capital-дың Қытай бойынша акциялар стратегиясының жетекшісі Юджин Сяо. – BYD компаниясы баға бәсекесінің ұзақмерзімді өсімге тұрақты стратегия емес екенін жақсы түсінеді деп сенеміз».
Биыл BYD шетелдік нарықтарға жеткізілім бойынша рекорд орнатты. Бұл компанияға ел ішіндегі жоғары бәсекеге төтеп беруге мүмкіндік беретін өзіндік «қауіпсіздік жастығы» қызметін атқаруда, деп жазады Bloomberg. Сәуір айында BYD алғаш рет Еуропада Tesla-ны басып озды: сол айда ЕО-да тіркелген BYD электромобильдерінің саны бір жыл бұрынғыға қарағанда 169%-ға өсті.
Алайда экспорттың жоғары көлемі де ішкі сатылымдардың нарық күткеннен де үлкен қысымға ұшырағанын көрсетеді, әсіресе екінші тоқсандағы маусымдық баяулау аясында, дейді Edmond de Rothschild сарапшысы Бин Юань.
Сарапшылар не дейді?
Соңғы екі аптадағы құлдырауға қарамастан, BYD акциялары 2025 жылдың басымен салыстырғанда 51%-ға қымбат. MarketWatch дерегінше, бірде-бір аналитик BYD қағаздарын сатуға кеңес бермейді. Сегіз сарапшы оларды сатып алуға кеңес береді, алтауы – портфельде ұстауға шақырады.
BYD акциялары бұрынғы инвестициялық тартымдылығын жоғалтты: олар артық бағаланған, деп есептейді Bloomberg. Қазір олар болжалды жылдық табысқа шаққандағы 19 коэффициентімен (P/E) саудаланып жатыр, ал жылдың басында бұл көрсеткіш 14 болған, деп нақтылайды агенттік.
Контекст
Bloomberg-тің дерегінше осы аптада Қытай билігі ұзаққа созылған баға соғысының салдарын талқылау үшін елдегі жетекші электромобиль өндірушілерімен кездесу өткізген. Агенттік дереккөздері кездесуге BYD, Zhejiang Geely Holding Group және Xiaomi секілді ондаған компанияның топ-менеджерлері шақырылғанын хабарлады. Шенеуніктер автокомпанияларды «өз-өзін реттеуге» үндеп, көліктерді өзіндік құнынан төмен бағамен сатпауға және негізсіз жеңілдіктер ұсынбауға шақырған.
Bloomberg атап өткендей, Қытайдың нарық, өнеркәсіп және экономикалық реттеушілері көлік саласының ойыншыларымен баға белгілеу сияқты операциялық мәселелер бойынша өте сирек кездеседі. Бұл – елдің жоғарғы басшылығы осы секторға ерекше назар аударып отырғанының белгісі. Олар баға соғысы тұрақсыз сипатқа өтіп, әлсіз ойыншылардың банкроттығына әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Дегенмен, агенттік дереккөзі билік тарапынан қандай да бір ресми нұсқау берілмегенін айтты.








