BYD рекордтық көлемде электрокарларын кері шақырып жатыр. Акциялары арзандап кетті

Tesla-ның басты бәсекелесі саналатын Қытайдың BYD компаниясы өз тарихындағы ең ауқымды электромобильдерді кері шақыру науқанын өткізбек. Бұған конструкциялық ақаулар мен аккумуляторларға қатысты ықтимал мәселелер себеп болды, деп хабарлайды Reuters. Бұл шара 2015 жылдан 2022 жылға дейін шығарылған 115 мыңнан астам көлікті қамтиды.
Егжей-тегжейлі
BYD реттеуші органдарға 2015 жылдың наурызынан 2017 жылдың шілдесіне дейін шығарылған 44,5 мың Tang моделін кері шақыру жоспарын хабарлаған. Компания бұл көліктердегі кейбір бөлшектердің құрылымдық ақауы олардың жұмысында қиындықтар туғызуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады Reuters.
Сонымен қатар, BYD 2021 жылдың ақпанынан 2022 жылдың тамызына дейін шығарылған 71,2 мың Yuan Pro электрокарын кері шақырады. Басты себеп — аккумуляторды орнату кезінде кеткен өндірістік қате.
Бұған дейін, 2025 жылдың қаңтарында, компания 7 мыңға жуық Fangchengbao Bao 5 гибридтік жол талғамайтын көлігін өрт шығу қаупіне байланысты кері шақырған болатын. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде — 97 мыңға жуық Dolphin және Yuan Plus электрокарлары өндірістегі руль басқару блогындағы ақауға байланысты қайтарылған еді. Бұл ақау да өрт қаупін туғызуы мүмкін деп хабарлаған агенттік.
Акциялар не болды
Гонконгтағы сауда кезінде BYD акциялары 4%-ға арзандады. Дегенмен, MarketScreener-дің мәліметінше сарапшылардың басым бөлігі компания акцияларын сатып алуға кеңес беріп отыр (консенсус-рейтинг — Buy). Сайттың орташа мақсатты бағасы бойынша, келесі бір жылда BYD акцияларының 26%-ға өсуі күтіледі.
Контекст
Әлемдік көлік өнеркәсібі тарихындағы ең ірі кері шақыру науқаны — жапондық Takata компаниясының қауіпсіздік жастықтарындағы ақауға байланысты болды. Бұл мәселе 100 миллионнан астам көлікті қамтыған.
Ақау газ генераторларында болған еді, олар іске қосылғанда жарылып, көлік салонына металл сынықтарын шашқан.
Бұл ақау ондаған жарақат пен кемінде 33 адамның өліміне себеп болды. Кері шақыру науқаны 2013 жылы басталып, бірнеше жылға созылды және көптеген ірі автоконцерндерді қамтыды. Мәселенің ауқымы мен Takata компаниясының баяу әрекеті оның 2017 жылы банкрот болуына әкеп соқтырды.








