БастыReview
Бөлісу

BYD өсу қарқынын баяулатты. Қытай электромобиль нарығындағы жаңа көшбасшылар кімдер?

Едіге  Қасымжан

Едіге Қасымжан

BYD өсу қарқынын баяулатты. Қытай электромобиль нарығындағы жаңа көшбасшылар кімдер?

BYD, Қытайдағы ең ірі көлік өндірушісі, биылғы жылға қойған сату жоспарын 16%-ға қысқартты. Енді компания 4,6 млн автокөлік сатуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Reuters 4 қыркүйекте екі дереккөзге сілтеме жасап. Бұл соңғы бес жылдағы ең баяу қарқын, және агенттік атап өткендей, «BYD-дің рекордтық өсім дәуірі аяқталуы мүмкін деген басқа да белгілер бар».

Бұған дейін, 29 тамызда компания екінші тоқсандағы таза пайдасының 30%-ға төмендеп, 6,4 млрд юаньға түскенін және табысының 14,5%-ға өсіп, 200,9 млрд юаньға жеткенін хабарлаған еді. Компанияның тоқсандық пайдасы соңғы 3,5 жылда алғаш рет құлдырады.

BYD соңғы айларда сатылымдардың азаюымен де бетпе-бет келіп отыр. Түсімінің шамамен 80%-ын Қытайдан алатын компания үшін тамыз ішкі нарықтағы сатылымдардың қатарынан төртінші ай төмендеу айы болды.

Негізгі себептердің бірі — Қытай билігінің ішкі нарықтағы баға соғыстарын тоқтатуды талап етуі. Сонымен қатар билік автокомпаниялардан жеткізушілерге төлемді жеделдетуді қатаң қадағалауда. 2023 жылы BYD жеткізушілерге орташа есеппен 275 күнде есеп айырысқан болса, енді бұл мерзім 60 күнге қысқартылды. Соның салдарынан айналым капиталы тапшылығы 30 маусымдағы жағдай бойынша 122,7 млрд юаньға дейін ұлғайды (31 наурыздағы 95,8 млрд юаньнан).

Қытайлық «электромобиль ғажайыбының» ақыры келе ме?

Қытайда соңғы бірнеше ай бойы сатылған жаңа көліктердің жартысынан астамы электромобильдер мен гибридтер болды. Бірақ тамыз айында олардың өсімі соңғы 1,5 жылдағы ең төмен деңгейде қалды — бар болғаны 7,5% (шілдеде 12%).

Бәсекелестік өте жоғары. AlixPartners деректеріне сүйенсек, өткен жылы Қытайда толық немесе ішінара электр көліктерін шығаратын 129 бренд жұмыс істеді. Бірақ олардың тек 15-і ғана 2030 жылға дейін қаржылық тұрғыдан тұрақты бола алады деп күтіледі. Салыстыру үшін: 2018 жылы елде 486 өндіруші тіркелген. Сол кезде-ақ сарапшылар мұны «көпіршік» деп атаған.

BYD әлі де ең үлкен нарық үлесін сақтап отыр. Бірақ ондаған бәсекелес компания бағаны төмендетіп, табыс маржасын барынша қысқартуға мәжбүр. Reuters дерегінше биыл Қытайда автокөліктің орташа бағасы $24 мыңға дейін төмендейді, бұл 2021 жылғы деңгейден 21%-ға арзан. Сонымен қатар өндірушілер мемлекеттік банктердің несиесі арқылы жаңа зауыттар салып жатыр. Ал 2023 жылы 27,6 млн көлік сатылғанымен, өндірістік қуаттылық 55,6 млн-ға жеткен.

Бұл артық өндіріс жергілікті компанияларды экспортқа итермелеп отыр. Қазір шамамен 20% өнім шетелге кетеді, бірақ ЕО секілді елдер Қытай көліктерінің ағымына жоғары кедендік баж салығын енгізіп, қорғанып жатыр.

Басқа ірі өндірушілердің жағдайы

BYD-дің ірі бәсекелестерінде жағдай соншалықты пессимистік емес. 2025 жылдың тамыз айы Geely, Xpeng және NIO үшін электромобильдер мен гибридтер сатылымы бойынша рекордтық ай болды. Мысалы, Geely бұл сегменттегі сатылымын 95,2% арттырды.

• Xpeng. Екінші тоқсанда акцияға шаққандағы шығыны 0,2 юань болды (нарық күткені — 0,83 юань). Табысы 126%-ға өсіп, 18,3 млрд юаньға жетті. Жаңа бюджеттік MONA M03 моделінің арқасында жеткізілімдер үш еседен астам артты. Бұл модель Xpeng сатылымдарының 40%-ын құрады. Сондай-ақ Volkswagen-мен бірлескен жоба компанияға жоғары маржалы бағдарламалық табыс әкелмек.

• NIO. 2 қыркүйекте жариялаған есепте түзетілген шығын акцияға шаққанда 2,21 юаньнан 1,85 юаньға дейін қысқарды (нарық күткені — 2,25 юань). Табысы 17,5 млрд-тан 19 млрд юаньға өсті.

• Xiaomi. 19 тамыздағы есепте акцияға шаққандағы пайда 0,2-ден 0,45 юаньға өсті (нарық болжамы — 0,36 юань). Түзетілген таза пайда 10,8 млрд юаньға жетіп, 75%-ға өсті. Бұл — компания тарихындағы ең ірі тоқсандық көрсеткіш. Негізгі драйверлері — жасанды интеллект және электромобильдер.

• Li Auto. Екінші тоқсандағы пайда акцияға шаққанда 1,42-ден 1,37 юаньға дейін азайды (нарық болжамы — 0,98 юань). Табысы 4,5%-ға қысқарып, 30,2 млрд юань болды. Компания шамамен 111 мың көлік сатып, өткен жылға қарағанда 2,3% артық нәтиже көрсетті.

BYD-дің келешегі қандай?

JPMorgan сарапшылары 2026 жылды компания үшін «стратегиялық бетбұрыс нүктесі» деп атап отыр. Бұл кезде Қытайдан тыс төрт зауыты толық қуатында іске қосылып, Таиланд, Индонезия, Венгрия, Бразилия және Түркиядағы алаңдар толықтай жұмыс істемек. Банктің болжамынша BYD пайдасындағы шетел үлесі 2025 жылғы 40%-дан кейінгі жылдары 50%-ға жетеді.

JPMorgan 30 тамызда BYD акцияларының мақсатты бағасын 160-тан 150 гонконг долларына дейін түсіргенімен, «сатып алу» рейтингін сақтап қалды. Өсу әлеуеті — 41,6%.

Jefferies, керісінше, өз көзқарасын түбегейлі өзгертті: рейтингті «сатып алудан» «сатуға» дейін түсіріп, мақсатты бағаны 447-ден 92 гонконг долларына дейін төмендетті. Олар Қытай билігінің баға соғыстарынан бас тарту талабы BYD-дің артықшылықтарын азайтатынын атап өтті.

Кімге сенуге болады?

Bloomberg-тің дерегінше Қытайдағы бес ірі өндірушінің ішінде Xpeng акцияларының өсу әлеуеті ең жоғары — 33,4%. 40 аналитиктің 36-сы «сатып алуды» ұсынады.

• BYD акцияларының әлеуетті өсімі — 30%. 45 сарапшының 42-сі «сатып алуды» ұсынады.

• Xiaomi акцияларының өсім әлеуеті — 18%. 54 сарапшының 49-ы «сатып алуды» қолдайды.

• Li Auto қағаздары — 18,6% өсім. Бірақ сарапшылардың тек үштен екісі ғана «сатып алуды» қолдайды.

• Ал NIO акциялары бойынша орташа баға мақсатты мәннен 3,2%-ға төмен. Дегенмен JPMorgan NIO-ға ерекше сенім артып отыр: жаңа ES8 кроссоверінің шығуы сатылымды арттырады деп күтеді.

HSBC XPeng компаниясы жаңа өнімдік циклге кірді деп санайды. Deutsche Bank болса Li Auto акциялары үшін 50%-дан астам өсім болжап отыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары