«Челси» клубының иесі санкцияға іліккен «Лукойл» активтеріне ниетті — WSJ

Америкалық миллиардер Тодд Боэли БAE-ден келген инвесторлар тобымен бірігіп, санкцияға іліккен Ресейдің мұнай алыбы «Лукойлдың» шетелдік активтері үшін таласуға консорциум құрды, деп хабарлады The Wall Street Journal Xtellus Partners консалтинг компаниясының дерегіне сүйене отырып. Xtellus осы үміткерлерді таныстырып отыр.
Консорциум АҚШ Қаржы министрлігінен келіссөздер жүргізуге және әлеуетті мәміле жасауға рұқсат беретін лицензия алуға өтінім берген. Дегенмен, өкілдің айтуынша, әзірге лицензия берілген жоқ. АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік компания активтерін сату жөніндегі келіссөздер үшін 13 желтоқсанды соңғы мерзім ретінде белгіледі.
Forbes нұсқасы бойынша, Боэли АҚШ-тың ең бай 137-адамдарының қатарына кірді — оның байлығы $9,3 млрд. Мұнай бизнесіне инвестициялау ол үшін әдеттегі тәжірибе емес. Оның Eldridge Industries конгломераты спорт пен ойын-сауық салаларындағы активтерімен және жылжымайтын мүлікке салатын инвестициялары арқылы танымал. 2022 жылы Боэли Роман Абрамовичтен ағылшынның «Челси» футбол клубын сатып алған консорциумға жетекшілік етті.
WSJ БАӘ-ден шыққан инвесторлардың есімдерін анықтай алмады.
Басында Боэлидің басшылығындағы консорциум басқа үміткерлердің бәсекесіне тап болуы мүмкін, деп жазады WSJ. Басылым сұхбаттастарына сәйкес, «Лукойл» активтері бір бүтін пакет түрінде де, бөлек-бөлек түрлі сатып алушыларға да сатылуы ықтимал. Бұған дейін Reuters және Bloomberg дереккөздерге сүйеніп, америкалық мұнай алпауыттары Exxon Mobil мен Chevron, Carlyle Group инвестициялық қоры және БАӘ-дегі энергетикалық компания Abu Dhabi National Oil (ADNOC) бұл активтерге қызығушылық танытып отырғанын жазған.
Ресейдің ең ірі жеке мұнай компаниясы — «Лукойл», АҚШ санкциясына ілінгеннен кейін өз шетелдік активтерін қазан айында сатылымға шығарды. Бастапқыда бұл активтерді швейцариялық трейдер Gunvor сатып алмақ болған, бірақ мәмілені АҚШ Қаржы министрлігі бұғаттады.








