Citi банкі күмістің бағасы $40-тан асады деп болжады. Банк болжамын неге жақсартты?

Citigroup мәліметінше күмістің бағасы өсе береді және алдағы айларда бір унциясы $40-тан асып түсуі мүмкін. Уолл-стриттегі банк мұны металл жеткізілімі азайып жатқан кезде инвестициялық сұраныстың тұрақтылығымен түсіндіреді. Ал алтынға қатысты болжам сақталып отыр: Citi сарапшылары оның шарықтау шегі артта қалды деп есептейді.
Егжей-тегжейлі
Citi үш айға арналған күміс бойынша болжамын бір унция үшін $38-ден $40-қа дейін көтерді. Ал алты-он екі ай ішінде баға $43-қа жетуі мүмкін дейді. Бұл қазіргі деңгейден 5% және 13% өсімді білдіреді.
Ал алтын бойынша болжам өзгеріссіз қалды: банк бағасы шарықтау шегінен өтіп кетті деп санайды және келесі жылы ол $3 мыңнан төмен түседі деп болжайды, деп жазады Bloomberg.
«Біз күміске қолжетімділік бірнеше жылдық тапшылық, қор ұстаушылардың қазіргі бағамен сатуға құлықсыздығы және инвестициялық сұраныстың тұрақтылығы аясында төмендей береді деп күтеміз», — дейді Citi сарапшысы Макс Лейтон. — «Күміс бағасының соңғы уақыттағы өсуі алтынды қуып жету ниетімен қатар, мықты іргелі факторларға да байланысты».
Нарықтағы жағдай
2025 жылы бағалы металдар биржалық тауар нарығындағы ең табысты активтердің қатарына кірді. Қаңтардан бастап алтын бағасы 27%-ға өсті. Бұл орталық банктердің сұранысы, биржалық инвестициялық қорларға капитал ағыны және АҚШ-тың сауда саясаты аясындағы геосаяси белгісіздікпен байланысты.
Алайда күміс одан да жоғары — 31%-ға қымбаттады. Шілде айында оның бағасы 2011 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Күміс — жай ғана қорғаныс активі емес, сонымен қатар күн панельдері мен басқа да жасыл энергетика нысандарын өндіруге қажет маңызды өнеркәсіптік металл. Bloomberg атап өткендей, Silver Institute салалық ұйымының мәліметінше күміс нарығында тапшылық қатарынан бесінші жыл сақталып отыр.
16 шілдеде күміс бағасы екі күндік түзетуден кейін бір унциясы үшін $38 деңгейіне қайта көтерілді. Бұған дейінгі күні АҚШ-тағы инфляция бойынша жаңа деректер нарыққа қысым жасап, трейдерлердің пайыздық мөлшерлеменің жақын арада төмендеуі туралы үмітін әлсіретті, деп хабарлайды Trading Economics. Сонымен қатар, Даллас Федералдық резерв банкінің басшысы Лори Логанның мәлімдемесі де нарықтың үмітін су сепкендей басты: оның айтуынша, импорттық баж салығының артуы аясында инфляцияны бақылау үшін ФРЖ мөлшерлемелерді ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстауға мәжбүр болады.








