Citi S&P 500 индексіндегі ұзын позициядан шықты. Оның үлгісін қайталау дұрыс па?

Citi АҚШ-тың негізгі S&P 500 индексі бойынша ұзын позициясын жапты. Банк бұны ЖИ-ралли төңірегіндегі оптимизмнің әлсіреуімен түсіндірді. Citi нарықта жасанды интеллектке байланысты «көпіршік» барын ескерткенімен, оның әлі шегіне жетпегенін және мұндай көпіршіктер ұзақ уақыт бойы үлкейе беретінін атап өтті. Уолл-стритте сарапшылардың бірі «капитуляция белгілерін» байқаса, енді бірі «мереке әлі біткен жоқ» деп сенеді.
Егжей-тегжейлі
Citi өздерінің тактикалық ұзын позициясын S&P 500 индексі бойынша жапты, сондай-ақ Nasdaq 100 және S&P 500 Equal Weight индекстеріндегі ұзын позициядан пайдасын бекітеді, деп жазды CNBC. Мұндай шешімге себеп, 19 қараша, сәрсенбі күні жарияланған мықты есептен кейін Nvidia акциясының сәтсіз аяқталған раллиі. Келесі күнгі саудада чип өндірушінің акциясы алдымен шамамен 5% өсті, бірақ кейін күрт төмендеп, сессияны 3%-дан астам минуста жапты. Бұл бүкіл нарықты да төменге тартты. Citi мұны нарықтағы оптимизмнің ұзаққа созылмағанының белгісі деп бағалады: инвесторлар ЖИ-раллидің тұрақтылығына қайта алаңдай бастады.
Нарықта ЖИ-көпіршік қазірдің өзінде пайда болды, бірақ инвесторларға пайданы бекітуге асықпаса да болады, деді Citi-дің жаһандық макростратегия және активтер аллокациясы бөлімі басшысы Дирк Виллер. Оның айтуынша, мұндай көпіршіктер ұзақ уақыт сақтала алады. «Көпіршік шегіне жетті деген сенімді дәлелдер көріп тұрған жоқпыз, — деді Виллер CNBC келтірген жазбасында. — Бірақ тактикалық тұрғыда тәуекел/пайда арақатынасы біз күткендей тартымды емес, себебі Nvidia-ның мықты есебі нарыққа оптимизмді қайтара алмады».
Нарықта не болып жатыр?
21 қарашадағы саудада S&P 500 бір сәтте шамамен 2% қымбаттап, алдыңғы күндердегі жоғалтуларды қайтарды, бірақ сессияны шамамен 1% плюсте жапты. Жыл басынан бері кең нарықтық индексі шамамен 13% өсім көрсетті.
Алайда, қараша айында S&P 500 шамамен 4% төмендеді. Бұған ЖИ төңірегіндегі оптимизмнің әлсіреуі және ФРЖ негізгі мөлшерлемені төмендетуді жалғастырады деген үміттердің бәсеңдеуі әсер етті. CNBC жазғандай, АҚШ-тың негізгі индексі алты ай қатарынан жалғасқан өсім жолын үзуге жақын тұр және наурыздан бергі ең үлкен айлық төмендеуді көрсетіп жатыр.
Citi сарапшысы мұндай нарық динамикасын «ерекше» деп атады. Оның айтуынша, қараша мен желтоқсан әдетте статистика бойынша мықты айлар, әсіресе жылдың алғашқы он айында кіріс жоғары болса. «Қарашаның ортасына қарай Санта инвесторларға аса жомарт бола қойған жоқ», — деді инвестбанктің сарапшысы.
Басқалар не ойлайды?
Әлемдегі ең ірі хедж-қорлардың бірі Bridgewater негізін қалаған Рэй Далио да жасанды интеллектке байланысты шығындардың күрт өсуі нарықты «көпіршік зонасына» жақындатты деп ескертті. Соған қарамастан, ол инвесторларға позицияларынан бас тартатын уақыт келді деп есептемейді. Бірақ Далио ұзақ мерзімді перспективада жоғары табысқа сенудің қажеті жоқ екенін айтып, портфельді алтын сияқты анағұрлым сенімді активтер арқылы әртараптандыруды ұсынды.
Goldman Sachs өкілі Тони Пасквариелло айтуынша, нарық тұрақтанғанға дейін сатылымдар жалғасады, деп жазды Bloomberg. «Бағаның төмендеуі алгоритмдік қорлар мен жеке трейдерлер тарапынан ұсыныстың артуына әкелуі мүмкін. Қазан айындағы раллиден кейінгі «есеңгіреу» әлі толық басылған жоқ. Бірақ менің ойымша, осы аптада тәуекелдерді қайта бөлу айтарлықтай жүрді және капитуляцияның жекелеген белгілері байқалды», — деп жазды стратег.
Citadel сарапшысы Скотт Рубнердің айтуынша, жыл соңына дейін S&P 500 7000 пунктке дейін өсуі мүмкін — бұл жұма күнгі жабылудан 6% жоғары. Ол жақындағы «сау» коррекция жаңа раллиге негіз қалады деп есептейді. Bloomberg келтіргендей, нарықты жоғары итермелеуі мүмкін факторлар көп: жеке инвесторлардың тұрақты сұранысы, Рақмет айту күні алдында институционалдардың тәуекелді позицияларды қысқартуы (оларға жаңа сатып алулар жасауға мүмкіндік береді) және Nvidia-ның мықты есебі, ол трейдерлерді қорғаныс позицияларын жауып, жыл соңына қарай қайтадан акцияларға оралуға итермелеуі мүмкін. Рубнер маусымдық фактор да нарықтың пайдасына жұмыс істеп тұрғанын атап өтті: тарихи тұрғыда қараша соңынан желтоқсанға дейін S&P 500 шамамен 4% қосады. «Мереке біткен жоқ — оны тек барға көшірді», — деді ол.








