Миллиардер Далио: «Біз қазір көпіршік аймағымыз». Ол не істеуді ұсынады?

Bridgewater инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Рэй Далио CNBC арнасында сөйлеген сөзінде жасанды интеллектке бағытталған шығындар нарықта көпіршік (баға шамадан тыс өсуі) қалыптастырып жатқанын айтты.
«Көрініс анық: біз көпіршік аймағында тұрмыз. Бірақ оны жарып жіберетін нақты себеп әзірге жоқ», — деді миллиардер. Оның айтуынша, бұл «ине» рөлін ФРЖ-ның ақша-несие саясатын қатаңдатуы атқара алмайды, бірақ байларға салынатын жоғары салық осындай рөлге ие болуы мүмкін.
Далио көпіршік болса да, инвесторларға акцияларын сата салуға болмайды деп есептейді. «Көпіршік бар екен деп сата салмаңыз», — деді ол. Бірақ ұзақ мерзімді жоғары табысқа үміттенудің қажеті жоқ екенін ескертті.
Инвестордың айтуынша, нарыққа қатысушылар инвестициялық портфельдерін сенімдірек активтермен әртараптандыруы керек. Мысалы, алтын — тұрақсыздық кезеңінде дәстүрлі «қауіпсіз айлақ» саналады. Биыл оның бағасы 50%-дан астам өсіп, бірнеше рет тарихи максимум жаңартты.
Далионың бұл ескертулері Nvidia акцияларының 5%-дан артық өсіп, кезекті тоқсандық есебінде сарапшылардың күткенінен асып түскен кезде айтылды (дерек: CNBC). Есепке қатысты конференция кезінде компанияның бас директоры Дженсен Хуанг ЖИ нарығындағы көпіршікке қатысты алаңдаушылықты жоққа шығарып, сарапшыларға: «Біз мүлде басқа жағдайды көріп отырмыз» деді.
2025 жылы технологиялық Nasdaq Composite индексі шамамен 17%-ға өсті. Бұл — ірі капитализациялы компаниялар бағасының көтерілуі мен ЖИ саласындағы ажиотаждың сақталуымен байланысты.








