Coach бренді зумерлер мен миллениалдардың арқасында табысын өсірді

Tapestry сән үйі 2025 қаржы жылының төртінші тоқсанында Уолл-стрит күткеннен жоғары табыс көрсетті. Бұған әсіресе компанияға тиесілі Coach брендіне Z және Y буын өкілдерінің қызығушылығы ықпал етті. Алайда есептен кейін Tapestry акциялары 15%-дан астамға арзандады. Инвесторлар Kate Spade және Stuart Weitzman брендтерінің сатылымдарының төмендеуіне, сондай-ақ «шошытарлық» деңгейдегі таза шығынға назар аударды.
Егжей-тегжейлі
28 маусымда аяқталған тоқсанда Tapestry-дің табысы бір жылда 8%-ға өсіп, $1,723 млрд-қа жетті. FactSet-тің дерегінше сарапшылар $1,681 млрд күтті. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда $1,04 болды (болжам — $1,02).
Негізгі өсім Coach есебінен болды. Брендтің сатылымы 14%-ға өсіп, $1,425 млрд-қа жетті. Компанияның айтуынша жаңа 1,5 млн клиенттің 60%-ы — зумерлер мен миллениалдар.
Бірақ Coach-тың жетістігі басқа брендтердің әлсіздігін толық өтей алмады. 13 тамызда рекордтық деңгейде жабылған Tapestry акциялары 14 тамызда 15,7%-ға арзандап, S&P 500 индексіндегі ең нашар көрсеткішке ие болды. Бұл сәуірден бергі ең ірі күндік құлдырау.
Инвесторларды не алаңдатуда
Kate Spade сатылымы 13%-ға төмендеп, $252,6 млн болды. Бұл — қатарынан оныншы тоқсандағы төмендеу және 2020 жылдан бергі ең аз көрсеткіш. Stuart Weitzman табысы 10%-ға қысқарып, $45,5 млн болды. Тамызда Tapestry бұл брендті Caleres компаниясына сатты.
Компания жалпы табысы күткендей жоғары болғанымен, инвесторлар үшін ол жеткіліксіз көрінді. 2025 жылдың басынан бері Tapestry акциялары 48,7%-ға қымбаттаған еді (секторлық ETF — +2%, S&P 500 — +9,8%).
GlobalData сарапшысы Нил Сондерс табыс өсімін «маңызды жетістік» деп атады, бірақ $517 млн (бір акцияға $2,49) таза шығын бәрін көлеңкеде қалдырғанын айтты. Өткен жылы бұл көрсеткіш $159,3 млн таза пайда болған. Шығынның басты себептері — Capri компаниясын сатып алу сәтсіздігінен $120 млн қарыз бойынша шығын жазу және Kate Spade бренді құнының төмендеуі. Сарапшының пікірінше соңғысы — менеджменттің бренді қалпына келтіре алмауынан болған.
Болашаққа жоспарлар
Tapestry жаңа қаржы жылында табысы $7,2 млрд шамасында болады деп болжап отыр (өсім — бір таңбалы пайыз). Сарапшылар консенсусы — $7,12 млрд. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда $5,3–5,45 болады деп күтіледі, бұл қосымша кедендік баждардан шамамен $0,6 теріс әсерді қамтиды.
Компания операциялық маржа былтырдан 2,5 пайыздық тармаққа жоғары болады деп күтеді, бірақ баж салықтарының әсері бұл өсімді азайтуы ықтимал.
Нарық пікірі
MarketWatch-тың дерегінше 21 сарапшының 14-і Tapestry акцияларын «сатып алу» немесе «артық салмақ» деп бағаласа, 6-уы «ұстап тұру», тек біреуі ғана «сату» деп ұсынған. Орташа мақсатты баға — $115,9, бұл бейсенбі жабылуынан 21%-ға жоғары.








