Италиялық люкс бренд жоғары сатылымымен таңғалдырды

Италиялық Brunello Cucinelli сән үйі бірінші жартыжылдықта сату көлемінің артқанын хабарлады. Нәтижелер сарапшылардың болжамынан жоғары шықты. CNBC жазуынша, компанияның аса ауқатты клиенттері АҚШ тарапынан енгізілуі мүмкін кедендік баж салығына қатысты қауіптерге қарамастан, сауда жасауды жалғастырып отыр. Бренд бағаны көтеріп, макроэкономикалық жағдай қиын болса да, өсімді сақтап қалуды көздеп отыр. Сарапшылар компанияны қауіп-қатерге төзімді деп санайды, бірақ жалпы люкс нарығына сауда шектеулері мен сұраныс төмендеуі секілді қауіптер әлі де бар екенін ескертеді.
Егжей-тегжейі
Brunello Cucinelli компаниясы 2024 жылдың алғашқы жартысында сатылым көлемінің 10,7%-ға өскенін хабарлады. Бұл өсім 2000 доллар тұратын кашемир свитерлер мен «үнсіз сән-салтанат» стиліне деген сұранысқа байланысты, деп жазады CNBC. Компанияның алдын ала есептеген екінші тоқсандық табысы 342,6 млн еуроға жетті. Jefferies сарапшылардың 341,4 млн еуро болады деп болжаған еді. Олар бұл көрсеткішті «саладағы ең үздік нәтиже» деп атады.
Люкс санатындағы бөлшек саудагер шілде айының басы да сенімді басталғанын атап өтті және 2024–2025 жылдары сату көлемі шамамен 10%-ға өседі деген болжамын растады.
Бұл – Brunello Cucinelli тұтынушылары АҚШ-тың кедендік баж салығына қатысты қауіптерге мән бермей отырғанын көрсетеді. Ал статус жағынан сәл төменірек люкс брендтер нарықтағы орнын жоғалтып жатыр, деп жазады CNBC. Итальян сән үйі қазіргіге дейін күрделі кезеңдерде де шығындарды тұтынушы есебінен жаба алатынын көрсетті.
Компания АҚШ-тағы импорттық салықтарға жауап ретінде жылдың екінші жартысында бағаларды тағы 3–4%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Бұған дейінгі алты ай ішінде де баға 3–3,5%-ға өскен болатын (Jefferies деректері бойынша).
Люкс нарығындағы жағдай?
Люкс сегменті АҚШ енгізген импорттық баж салығынан айтарлықтай зардап шегуі мүмкін. Себебі бұл сала көбіне жергілікті және тар ауқымды өндіріс орындарына тәуелді. Компаниялар болса макроэкономикалық тұрақсыздық пен тұтынушылар сенімінің әлсіреуін басты қауіптер ретінде атап отыр, дейді CNBC. Сонымен қатар, басқа брендтердің Brunello секілді тұтынушы есебінен шығынды жабу тәсілін қолдана алуы екіталай.
«Brunello Cucinelli маржаның бүкіл сала бойынша қысқару қаупіне қарамастан, бәсекелестерінен әлдеқайда мықты көрінеді», – деп жазды жұма күні UBS сарапшылары.
RBC Capital Markets те Brunello-ның сату қарқыны компанияның беріктігін және бүкіл саладан озық келе жатқанын көрсетеді деп отыр.
Brunello-ның мәліметтері алдағы екінші тоқсандық есеп беру маусымының қарсаңында люкс нарығының жағдайына алдын ала шолу береді. Есептер келесі аптада Cartier брендіне иелік ететін Richemont компаниясынан басталады. Алайда сарапшылар бүкіл саланың осындай оң нәтижелер көрсете алатынына сенімді емес. Өйткені жаңа баж салығы тіпті премиум сегменттегі тұтынушылардың да шығынына әсер етуі мүмкін.
Акциялар жағдайы
11 шілде, жұма күні еуропалық люкс брендтердің акциялары АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа баж салығы көлемі туралы мәлімдемесін күтудің фонында жалпы нарықпен бірге арзандады. Brunello Cucinelli акциялары 0,8%-ға, Hermes – 1,5%, LVMH – 3% төмендеді. Gucci брендіне иелік ететін Kering қағаздары 4%-ға жуық құлдырады. Moncler мен Richemont те арзандады.
Соған қарамастан, жыл басынан бері тек бірнеше брендтің акциясы аз да болса өскен: Brunello Cucinelli – 2,7%, Hermes – 4,9%, Richemont – шамамен 8%.
Сарапшылар Brunello акцияларына қалыпты оптимизммен қарайды: WSJ дерегі бойынша, тоғыз сарапшы акцияны портфельде ұстауға кеңес береді, сегізі сатып алуға кеңес берген. Бір ғана сарапшы сатуға ұсыныс жасап отыр.








