Corona сырасын өндіретін компанияның сатылымы құлдырады, бірақ акциялары өсті

Америкалық Constellation Brands компаниясы (Corona сырасының өндірушісі) 2025 жылдың жаз айларында сатылым көлемінің төмендегенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша тұтынушылардың көңіл күйі жалпы алғанда «пәс», ал АҚШ-та тұратын латиноамерикалықтар депортация қаупі күшейген соң қоғамдық орындарға жиі барудан бас тартқан, деп хабарлайды MarketWatch. Соған қарамастан, компания акциялары кеңейтілген саудада 3%-дан астам өсті.
Егжей-тегжейлі
Constellation Brands компаниясының маусым–тамыз айларындағы (компания үшін бұл 2026 қаржы жылының екінші тоқсаны) табысы $2,48 млрд болды — бұл 2024 жылдың жаз мезгілімен салыстырғанда 15%-ға аз. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда (EPS) өткен жылғы $4,32-дан $3,63-қа дейін төмендеді.
Алайда екі көрсеткіш те Уолл-стрит сарапшыларының күткенінен жоғары болды. Аналитиктер табыстың $2,46 млрд-қа дейін төмендеуін және EPS көрсеткішінің $3,38-ға дейін азаюын болжаған еді.
Constellation Brands акциялары 6 қазанда Нью-Йорк қор биржасында есептілік жарияланғаннан кейін кеңейтілген саудада 3,3%-ға қымбаттады. Бірақ негізгі сауда сессиясында керісінше 2,45%-ға төмендеп, $138,7 деңгейінде жабылды.
Сатылым неге азайды
Компания сұраныстың азаюын АҚШ-тағы негізгі нарықтағы тұтынушылар көңіл күйінің «пәс» болуымен түсіндірді. Маусым мен шілдедегі іскерлік белсенділіктің жақсаруы тамызда баяулауға ұласты. Компания деректеріне сүйенсек, пиво бизнесінің шамамен жартысы латиноамерикалықтарға тиесілі. Ал латиноамерикалық диаспора өкілдері Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуынан кейін күшейген депортация қаупіне көбірек алаңдаулы.
Тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін Constellation Brands басшылығы сауалнама жүргізіп, нәтижесінде испан тілді және басқа да топтардың 80%-дан астамы АҚШ-тағы «әлеуметтік-экономикалық жағдайға» байланысты алаңдайтынын анықтады. Сонымен қатар респонденттердің 70%-дан астамы жеке қаржылық жағдайына қатысты да уайым білдірген.
Контекст
Жалпы алғанда, сыра және алкоголь нарығы соңғы уақытта қиындықтарға тап болып отыр. Себебі жастар мен әйелдер алкогольді аз тұтынуда, деп жазады Bloomberg. Сарапшылар мұны бірнеше фактордың жиынтығымен түсіндіреді: салауатты өмір салтының (ЗОЖ) танымалдығының артуы, каннабис тұтынудың көбеюі және тәбетті басатын салмақ азайтатын дәрілердің кең таралуы.
Gallup-тың жүргізген сауалнамасы бойынша ішімдік ішетін америкалықтардың үлесі соңғы 90 жылдағы ең төмен деңгейге түскен. Қыркүйек айында Barclays банкі Constellation Brands акцияларының рейтингін «нарықтан жоғары» (Overweight) деңгейінен «нарыққа сәйкес» (Equal Weight) деңгейге дейін төмендетіп, пиво сегментіндегі әлсіз көрсеткіштерді атап өтті.








