Цукерберг Apple-дің жасанды интеллект бойынша басты сарапшысын өзіне тартты

Apple компаниясында жасанды интеллект (ЖИ) модельдерін әзірлеуге жауапты жетекші маман Руомин Пан Meta Platforms-қа ауысты. Бұл — Apple-дің ЖИ саласындағы амбицияларына ауыр соққы. Meta оны көпмиллиондық ұсыныспен өз жағына тартты. iPhone өндірушісі бәсекелестерін қуып жетуге ұмтылмай отырғанда, Meta басшысы Марк Цукерберг жасанды интеллектіні басым бағыт етіп қойды.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша жақында ғана Apple Foundation Models тобын басқарған инженер Руомин Пан Meta компаниясына ауысты. Facebook-тің холдингтік компаниясы бұл ауысуды растады.
Apple-де Пан шамамен жүз адамнан тұратын топты басқарды. Бұл команда ірі тілдік модельдермен айналысты — олар Apple Intelligence және басқа да құрылғылардағы ЖИ функцияларының негізі болды. Маусым айында Apple бұл модельдерге үшінші тарап әзірлеушілеріне алғаш рет қолжеткізуге мүмкіндік беретінін хабарлады — бұл iPhone мен iPad үшін жаңа қосымшалар жасауға жол ашады.
Bloomberg атап өткендей, Панды жоғалту — Apple-дің Apple Intelligence қызметтер жиынтығын дамытуын бастаған сәттен бергі ЖИ бағыты үшін ең елеулі шығын. Агенттік дереккөздерінің айтуынша Меta бұл маманды тарту үшін жылына бірнеше ондаған миллион доллар ұсынған. Панның командасы да онымен бірге еріп кетуі мүмкін. Мақалада Meta жетекші инженерлерге Apple-дегіден едәуір жоғары, көпмиллиондық сыйақылар төлеуге дайын екені жазылған.
Контекст
Apple-дің жасанды интеллект технологиялары саладағы бәсекелестерден едәуір артта қалған және компания бұл алшақтықты қысқартуға ұмтылып жатқанын айқын көрсетіп отырған жоқ. Bloomberg журналисі Марк Гурман жазғандай, Apple Intelligence платформасы кешігіп іске қосылды және сәтсіздікке ұшырады — бұл, шын мәнінде, iPhone 16-ны сатып алуға негізгі уәж болуға тиіс еді.
Ал Цукерберг Meta-да жасанды интеллектіні басты басымдыққа айналдырды, өйткені OpenAI мен Google-дан қалып қойғысы келмейді. Meta негізін қалаушы болашақ қызметкерлермен жеке өзі келіссөз жүргізеді, олармен Кремний алқабындағы және Лейк-Таходағы үйлерінде кездеседі, кездесулерді өзі бастайды. Маусым айының соңында ол жасанды интеллекті топтарын қайта құрылымдап, «суперинтеллект» — адам деңгейінде немесе одан жоғары тапсырмаларды орындай алатын технологияларды әзірлеуге назар аударды. 2025 жылы Meta ЖИ жобаларына ондаған миллиард доллар, ал алдағы жылдары жүздеген миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр.
Meta сондай-ақ OpenAI қызметкерлерін де өзіне тартуда белсенді: маусым айында бірден бірнеше маман Meta-ға ауысуға шешім қабылдады. OpenAI зерттеу директоры Марк Чен бұл жағдайды қызметкерлеріне: «Біреу үйімізге кіріп, бірдеңе ұрлап кеткендей сезіледі» деп сипаттаған. Ал OpenAI басшысы Сэм Альтман басқа көзқараста. Ол ең үздік кадрларды сақтап қалдық дейді, ал Meta ең маңызды емес үміткерлермен шектелуге мәжбүр болды. Альтман «миссионерлер жалдамалылардан басым түседі» десе де, OpenAI қызметкерлеріне берілетін акциялар түріндегі бонустарды бес еседен астам ұлғайтуға мәжбүр болған.
Бұл іске тұрарлық па?
Meta-ның дарынды мамандарға деген агрессивті «аңшылығы» оның қысқа мерзімді қаржылық тәуекелдерін арттыруы мүмкін, деп жазады MarketWatch Rosenblatt Securities сарапшысы Бартон Крокеттке сілтеме жасап. «Суперинтеллект» әзірлейтін Meta Superintelligence Labs командасына жаңадан 14 адам қосылды — егер әрқайсысына $100 млн төлесе, олардың жалақысы жылына $1,4 млрд болады, деп есептейді Крокетт (бірақ бұл команданың бір мүшесі мұндай соманы алғанын әлеуметтік желілерде жоққа шығарды).
Meta бұл соманы төлей алатын болса да, капиталды «талант үшін титықтатар соғысқа» жұмсау ең дұрыс шешім емес, дейді Крокетт. Оның айтуынша жылдық болжам бойынша Meta-ның шығын өсімі кіріс өсімінен жылдамырақ болады. Қымбат команда жалдау — «компанияның табыстың тұрақты өсіміне және шығындардың тиімділігіне сенімін көрсетуі мүмкін». Алайда, Rosenblatt сарапшысы атап өткендей, Meta үшін «барған сайын көзге түсіп келе жатқан тәуекел» — бұл маржаның төмендеуі. Егер маржа құлдырай бастаса, инвесторлар Meta акцияларына деген көзқарасын өзгертуі мүмкін, деп жазады ол.
Акциялардың жағдайы
2025 жылдың басынан бері Meta Platforms акциялары 23%-ға өсті. Сол кезеңде Apple акциялары 16%-ға арзандады. FactSet деректері бойынша сарапшылар орта есеппен екі компанияның акцияларын сатып алуға кеңес береді: Meta — Buy, Apple — Overweight.
OpenAI акцияларының өсу әлеуеті Meta-дан әлдеқайда жоғары, деп есептейді Альтман. 2025 жылдың наурызында стартап $300 млрд-қа бағаланған. Жеке компания акцияларымен сауда жасау платформасы Forge мәліметінше 2025 жылдың шілдесіне қарай OpenAI бағалауы $325 млрд-қа жеткен. Соңғы алты жыл ішінде жасанды интеллектке деген қызу қызығушылық арқасында ChatGPT әзірлеушісінің құны 300 есе өскен. CB Insights құрастырған ең қымбат стартаптар тізімінде OpenAI екінші орынды қытайлық ByteDance (TikTok иесі) компаниясымен бөлісіп тұр.








