Дамыған нарықтардағы ралли мен АҚШ-тағы камбэк: озық small-cap ETF-тер

2025 жылдың үшінші тоқсанында Еуропа мен Азиядағы шағын капитализациялы компанияларға (small-cap) инвестиция құйған инвесторлар табысқа шықты. Жыл басынан бері көш бастап келген халықаралық ETF-тер позициясын сақтап қалды. Ал бұған дейін әлсіз нәтиже көрсеткен америкалық ETF-тер қайтадан өсім аймағына өтті.
АҚШ-тағы шағын капитализациялы компаниялар индексі Russell 2000 тоқсанда 12,4%, ал ірі компанияларды қамтитын Russell 1000 — 8% өсті.
Oninvest аналитигі Алдияр Ануарбеков үшінші тоқсанда қай small-cap ETF ең жоғары өсім көрсеткенін және қай секторлар алға шыққанын талдап шықты.
Халықаралық small-cap ETF-тер көшбасшылықты сақтады
Жыл басынан бері дамыған елдердегі шағын компаниялардың бағаланбаған акцияларына инвестициялайтын қорлар көш бастап тұр.
Dimensional International Small Cap Value ETF (DISV) 37,5%-ға, ал Avantis Emerging Markets Small Cap Equity ETF (AVEE) шамамен 40%-ға өсті.
Мұндай өсімнің басты себебі — жылдың екінші жартысынан бастап доллардың әлсіреуі, бұл халықаралық активтердің доллармен есептегендегі табыстылығын арттырды. Сонымен қатар, АҚШ нарығын жылдың басында қамтыған пессимизм толқыны шетелдік компанияларды айналып өтті.
АҚШ-тан тыс шағын компаниялар индекстері 2025 жылдың бірінші тоқсанынан бері тұрақты өсім көрсетті. Мәселен, MSCI ACWI ex-USA Small Cap индексі үшінші тоқсан қорытындысы бойынша 26%-ға артты.
Дәстүрлі салаларға — өнеркәсіп, қаржы, энергетика және шикізатқа — бағытталған халықаралық ETF-тер де шикізат нарығындағы ұзақ циклден пайда көрді.
2025 жылы алтын бағасы қыркүйектің соңына дейін 43%-ға қымбаттап, тарихи максимумға жетті. Бұл ірі де, шағын да тау-кен компанияларының акцияларын қолдап, халықаралық шағын капитализациялы қорлардың табыстылығын арттырды.
2025 жылы күтпеген жоғары нәтижені нишалық small-cap қорлар көрсетті — яғни АҚШ-тан тыс шағын компанияларға бағытталған, құндық (value) стратегия ұстанатын арнайы қорлар.
Мысалы, Dimensional International ETF және iShares International Developed Small Cap Value Factor ETF (ISVL) жылдың ортасына қарай 20%-дан астам өссе, үшінші тоқсан соңында тиісінше 38% және 34% табыс көрсетті.
Көшбасшы — Avantis International Small Cap Value (AVDV), оның өсімі шамамен 40%-ға жетті.
Сонымен қатар, АҚШ-тан тыс сегмент ішінде аймақтық айырмашылықтар байқалды.
Дамыған нарықтарға бағытталған қорлар (DISV, ISVL және AVDV) дамушы елдерге инвестициялайтын қорлардан әлдеқайда озық болды.
Мысалы, Avantis Emerging ETF үш тоқсанда шамамен 28%-ға өсті — жақсы нәтиже, бірақ дамыған нарықтарға бағытталған аналогтардан төмен.
Бұл айырмашылық базалық индекстердің құрылымымен түсіндіріледі: мұнда Үндістан (20,3%), Тайвань (24,3%), Оңтүстік Корея (12,6%) және Қытай (12,1%) үлесі басым.
Дамушы нарықтарға бағытталған қорлардың секторлық құрылымы көбіне технология мен өнеркәсіпке шоғырланған, сондықтан олар шикізат пен қорғаныс салаларының өсуінен аз әсер алды — бұл факторлар дамыған елдер нарығына көбірек қолдау көрсетті.
Жалпы алғанда, халықаралық small-cap компаниялар пайыздық мөлшерлемелердің жаһандық төмендеу циклінің басты бенефициарларының бірі болды. Олардың бизнесінің циклдік сипаты әлемдік экономиканың өсім фазасына өтуі мен шикізат бағасының өсуі кезінде табыс әкелді.
АҚШ-та small-cap ETF-тердің «камбэкі»
Америкалық шағын компаниялар үшінші тоқсанда нақты қайта өрлеу кезеңін бастан кешті.
Жылдың басында шетелдік ETF-тер тұрақты өсіп жатқанда, АҚШ-тағы small-cap қорлар артта қалды.
Шілденің басында олардың көпшілігі теріс аймақта болды: мысалы, iShares Russell 2000 Value (IWN) бірінші жартыжылдықта 3%-ға, ал кең индекс IWM — 2%-ға төмендеген.
Инвесторлар ФРЖ-ның қатаң саясаты мен ықтимал рецессия шағын компанияларға кері әсер етеді деп қауіптенді.
Алайда жағдай күзге қарай өзгерді: ФРЖ 2024 жылдан бері алғаш рет ставканы 0,25%-ға төмендетіп, жаңа жұмсарту циклін бастады.
Нарық бұл шешімді алдын ала «сезіп», жазда-ақ өсе бастады.
Қарыз құнына ең сезімтал сегмент саналатын small-cap акциялары ставка төмендемей тұрып-ақ өсуге кірісті.
ФРЖ шешімінен кейін Russell 2000 индексі 967 сауда күні ішінде алғаш рет тарихи максимумды жаңартты — мұндай ұзақ үзіліс соңғы рет 2004 жылы болған.
Үшінші тоқсанда small-cap сегментіндегі барлық 11 сала өсім көрсетті, ал циклдік секторлар қорғаныс салаларынан басым болды.
Бұл АҚШ экономикасының рецессиядан аман шығуымен байланысты: тұтынушылық сұраныс жоғары, ал еңбек нарығы баяулағанымен, күрт әлсіреген жоқ.
Қосымша фактор — капиталға қолжетімділіктің жақсаруы.
Ставканың төмендеуі Russell 2000 құрамындағы компаниялардың несиелік шығындарын азайтып, қарыз ауыртпалығын жеңілдетті.
Сондықтан шағын бизнестің операциялық табыстылығы мен өсім әлеуеті айтарлықтай жақсарды, бұл инвесторлардың сегментке деген қызығушылығын қайта оятты.
Болашаққа көзқарас
JPMorgan сарапшыларының пікірінше ФРЖ саясатының жұмсаруы — маңызды қолдау факторы, бірақ жалғыз емес.
Инвестбанк шағын және орта компаниялар табыстылық бойынша ірі корпорацияларды 30–60% артта қалдыруы мүмкін деп есептейді.
Мұның себебі — шағын бизнес үлесінің артуы, олардың тиімді бағалануы және табысты құрылымдық өзгерістер.
JPMorgan болжамынша, қазіргі өсім циклі — бұл тек бастамасы.








