Deutsche Bank Cartier бренді иесінің акциясынан 13% өсу әлеуетін көрді

Deutsche Bank Cartier, Van Cleef & Arpels, Montblanc және басқа да люкс брендтеріне иелік ететін швейцариялық Richemont холдингінің акциясын сатып алуға кеңес берді және қағазының мақсатты бағасын 180-дан 195 швейцариялық франкқа (шамамен $224-дан $243-ға) көтерді. Банк люкс секторындағы басқа компаниялар бойынша да болжамдарын жаңартты. Сарапшылардың ойынша, 2026 жылы индустриядағы өсім бірқалыпты болады, ал көшбасшылар мен аутсайдерлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарады.
Егжей-тегжейлі
Deutsche Bank швейцариялық Compagnie Financière Richemont SA холдингінің акциясы бойынша рейтингін «ұстаудан» «сатып алуға» дейін жақсартты. Сарапшылардың болжамынша, Richemont қағазының мақсатты бағасы 2026 жыл ішінде ағымдағы 173 швейцариялық франктан (шамамен $215) 13% өсіп, 195 франкқа (шамамен $243) жетеді. Бұл бағалаулаар Investing.com жазған Luxury Outlook 2026 есебінде келтірілген.
Банк сектордағы басқа компаниялар бойынша да мақсатты бағаларды қайта қарады: Hermes International SCA бойынша «сатып алу» рейтингі сақталғанымен, компания акциясының мақсатты бағасы €2420-дан €2400-ға төмендетілді (ағымдағы бағадан +13%). Ал LVMH Moët Hennessy Louis Vuitton SE қағазы 2026 жылы керісінше жоғары өсім көрсетуі мүмкін: мақсатты баға €635-дан €715-ға көтерілді (ағымдағы бағадан +12%); «сатып алу» рейтингі өзгеріссіз қалды.
Люкс индустриясынан не күтуге болады?
Deutsche Bank сарапшыларының пікірінше, 2026 жылы люкс индустриясындағы өсім бірқалыптырақ болады: ең табысты және ең әлсіз компаниялар арасындағы айырмашылық шамамен 5 пайыздық тармаққа дейін қысқарады, ал соңғы жылдары бұл алшақтық әлдеқайда үлкен болған.
Банк люкс брендтері «2026 жылы өсімнің жеделдеуі үшін жалпы жақсы дайындалғанын» атап өтеді, бірақ орта мерзімді перспективада пандемияға дейінгі қарқынға қайта оралу әлі күтілмейді.
Deutsche Bank үшін ең тартымды акциялар қатарында LVMH пен Burberry қалып отыр. Сарапшылар оларға Richemont-ты да қосты — күтілгеннен жоғары сату динамикасының арқасында. Ал ең аз тартымды компаниялар тізімінде Kering мен Moncler қалды: олардың өсімге қатысты күтілімдері тым жоғары, әрі 2026 жылғы пайдаға қатысты тәуекелдер күшейіп отыр.
Басқа да сарапшылар пікірі
Bain & Co консалтингтік компаниясының сарапшылары люкс тауарлар нарығы 2026 жылы қайта өсімге шығады деп күтеді. Премиум-класс өнімдерінің сатылымы шамамен 3–5% өседі деген болжам бар, деп қараша айының соңында жазды Bloomberg.
Bain компаниясының басқарушы серіктесі Клаудия Д’Арпицционың айтуынша, 2025 жылы нарық ағымдағы болжамдар бойынша айтарлықтай серпіліс көрсете қоймайды. Бірақ бұл — жаздағы күтулермен салыстырғанда жақсырақ жағдай: сол кезде сарапшылар сұраныс шамамен 5% төмендеуі мүмкін деп болжаған еді.
Д’Арпицционың сөзінше, нарықтың салқындауына брендтердің өзі де әсер етті — эксклюзивтілікке баса назар аудару үшін бағаларды тым күрт көтеріп жіберді. Алайда LVMH, Richemont және Burberry сияқты ірі ойыншыларда жағдай біртіндеп жақсара бастады. Бұл индустрияның жаңа өсу цикліне жақындап қалғанының белгісі болуы мүмкін.
«Қазір люкс үйлері жаңару кезеңінен өтіп жатыр: олар жаңа дизайнерлерді шақырып, креативті болуға тырысуда, — деді сарапшы. — Сонымен қатар брендтер баға стратегиясын қайта қарап, бастапқы деңгейдегі қолжетімдірек модельдерді шығарып жатыр».








