Люкс өрледі: сарапшылар сектордағы төрт перспективті акцияны ұсынды

Люкс тауарлар нарығында Қытайда сұраныс жандана бастады. Бұл ел әлемдік премиум брендтердің сатылымының үштен бірін қамтамасыз ететін негізгі нарық. Сондай-ақ, АҚШ-та тұтынушылық шығындардың тұрақтылығы да өсімге ықпал етіп отыр, деп мәлімдеді CNBC-ге JPMorgan мен Bank of America сарапшылары. Олар инвесторларға осы сектордағы төрт перспективті акцияны ұсынды.
Егжей-тегжейлі
Люкс компанияларының үшінші тоқсан нәтижелері «үміт күттірерлік», ал сектор жағдайдың жақсару белгілерін көрсетіп отыр, деп мәлімдеді CNBC-ге JPMorgan-ның Еуропадағы люкс және спорт тауарлары бағытының жетекшісі Кьяра Баттистини.
JPMorgan Қытай нарығында тұрақтану байқалғанын және сұраныстың «жас өскіндері» көріне бастағанын атап өтеді, дегенмен трендтің толық өзгеруі немесе «нақтық бетбұрыс» туралы айтуға әлі ерте екенін Баттистини ескертті. Ал АҚШ-тағы тұтынушылық шығындардың үшінші тоқсанда күшеюі «үлкен жағымды тосынсый» әрі «кезеңнің басты нәтижесі» болды. Сарапшының айтуынша, халықтың әл-ауқатының өсуіне әсер ететін негізгі факторлар — қор нарығының динамикасы, криптовалюталар мен бағалы металдар бағасы — тұрақты күйде тұр, сондықтан «мұның бәрі америкалық тұтынушыға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр».
Қазір люкс секторы әзірге күрделі күйде — бұған кедендік тарифтер бойынша жалғасып жатқан келіссөздер және Азия сұранысына тым тәуелділік те әсер етуде, деп ескертті Nautilus Wealth Management инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Бруно Верстрате. Алайда ол нарықтың болашағын жалпы оң бағалады: «Тарифтер мәселесі реттелген кезде люкс нарығы қайтадан өсім жалғастыруға қолайлы позицияға оралады, өйткені әлемде ауқатты адамдар саны қарқынды өсіп жатыр, ал Азия бұл үдерісте маңызды рөл атқарады», — деді ол.
Сарапшылар пікірінше, осы екі трендтен табыс табу үшін инвесторлар қандай төрт акцияға назар аударуы керек?
Richemont
Баттистинидің айтуынша, JPMorgan соңғы үш жыл бойы швейцариялық зергерлік және сағат холдингі Richemont акциясын өздерінің «ең үздік таңдауы» деп атап келеді.
Банктің пікірінше, Richemont-қа тиесілі Cartier және Van Cleef & Arpels брендтері бағалы металдар бағасының өсуін тиімді пайдаланып, зергерлік сегментте әлі де ең жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр.
17 қарашада Richemont акциясы саудада 1% төмендеді, алайда 14 қараша, жұма күні есеп жарияланғаннан кейін шамамен 6% өскен еді. CNBC жазғандай, Richemont-тың 30 қыркүйекте аяқталған алты айдағы сатылымы 5% өсіп, 10,6 млрд еуроға жетті — бұл сарапшылар күткен нәтижеден жоғары.
Salvatorre Ferragamo
Бұдан бөлек, Баттистини инвесторларға италиялық сән үйі Salvatore Ferragamo акциясына назар аударуға кеңес берді. Компания 2022 жылдан бергі алғаш рет үшінші тоқсанда тоқсандық табысын арттырды, ал оның акциясы қазір 2025 жылдың басымен салыстырғанда 10,7% жоғары бағалануда. Дегенмен тамыз айында олар соңғы бес жылдағы ең минималды бағамен саудаланған еді. CNBC мәліметінше, компания нәтижелері ұзақ уақыт әлсіз болғанымен, қазір қалпына келудің барған сайын сенімді белгілерін көрсетуде — бұл салыстыруға арналған «төмен база» береді.
«Қазіргі нарықтық жағдай және тұтынушылардың мінез-құлқы құлдыраудан шығуға тырысқан компаниялар үшін аса қолайлы емес, – деді Баттистини. – Бірақ Ferragamo, әсіресе соңғы тоқсанда, айтарлықтай серпіліс көрсетіп, өсу траекториясына шықты».
17 қарашадағы саудада Ferragamo акциясы 2%-дан аса төмендеді.
LVMH
Bank of America дерегінше, француздық LVMH холдингінің өнімдеріне Қытайда сұраныс айтарлықтай жеделдеді: екінші тоқсандағы –13%-дан үшінші тоқсанда –3%-ға дейін жақсарды. Осы жаңалықтар аясында LVMH акциясы соңғы алты айдағы ең жоғары бағасына жақындады, деп жазды CNBC.
LVMH қазан айының ортасында үшінші тоқсандағы сатылымның органикалық өсімі 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1% болғанын хабарлады — бұл екі тоқсан қатарынан төмендеген көрсеткіштен кейінгі алғашқы өсім.
17 қарашадағы саудада компания акциялары шамамен 2% арзандады.
Ralph Lauren
JPMorgan-ның АҚШ бөлшек сауда секторын зерттеу бағытының жетекшісі Мэттью Босс америкалық премиум бренд Ralph Lauren-ды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, компанияның «әлі алда үлкен әлеуеті бар». Люкс нарығы бөлшектенген құрылымға ие, ал Ralph Lauren-нің үлесі онда небәрі 2% ғана. Бростың сөзінше, өсу мүмкіндіктері негізінен әйелдер киім желісі, аксессуарлар және сырт киім сегментімен байланысты.
17 қарашадағы саудада Ralph Lauren акциясы 0,9% арзандады.








