Prada Hermès компаниясынан кейін сатылымның өскенін хабарлады

Италиялық сән үйі Prada 2025 жылдың алғашқы тоғыз айындағы бөлшек сауда табысы 9 пайызға артқанын мәлімдеді. Бұл жаңалық Hermès компаниясының жоғары нәтижелерінен кейін люкс нарығында оптимизм тудырды. Уолл-стрит сарапшылары қымбат брендтер нарығының қайта жандану белгілерін байқағанын айтты. Соңғы уақытта бұл нарық Қытай экономикасының баяулауы мен инфляцияның өсуінен қысымға түскен еді. Дегенмен сарапшылар әзірге сақтық танытып отыр және тұтынушылардың бұрынғы әдеті қалпына келуі үшін уақыт қажет дейді.
Егжей-тегжейі
Prada мәліметінше, компанияның бөлшек саудадағы табысы тоғыз айда жылдық есеппен 9 пайызға артқан. Таза табыс 4,07 миллиард еуроға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға жоғары. Мұндай нәтиже брендтің Miu Miu бағытына тұрақты сұраныстың арқасында мүмкін болды. Әсіресе бұл брендті Z буыны көп таңдайды. Оның сатылымы тоғыз айда 41 пайызға өсіп, Prada негізгі бренді сатылымының төмендеуін өтеді.
Үшінші тоқсанда Prada бренді сатылымы тұрақты валюта бағамында 0,8 пайызға төмендеді. Bloomberg дерегінше, сарапшылар бұдан да көп — шамамен 1,7 пайыз төмендейді деп күткен. Ал Miu Miu бренді сол кезеңде 29 пайыз өсім көрсетті. Компанияның мәлімдеуінше, бұл өсім барлық аймақтар мен тауар санаттарындағы кең танымалдықтың нәтижесі. Prada тобының бас директоры Андреа Герра Miu Miu бренді соңғы төрт жыл қатарынан тұрақты өсіп келе жатқанын айтты. Ол өткен жылғы 105 пайыздық серпінмен салыстырғанда да көрсеткіш жақсы екенін атап өтті. Бұл Prada және оның барлық брендтерінің мықты жағдайын білдіреді деді ол.
Жалпы алғанда, компания 19 тоқсан қатарынан өсім көрсетіп келеді.
Акциялар жайлы
Гонконг биржасындағы сауда қорытындысы бойынша Prada акциялары шамамен 1 пайызға арзандады. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 26 пайызға азайған.
Дегенмен сарапшылар компанияға сенімін жоғалтқан жоқ. WSJ мәліметінше, Prada бойынша берілген 19 талдаушының 17-сі акцияны сатып алуға кеңес береді (рейтингтер Buy және Overweight), ал төртеуі бейтарап ұстанымда.
Контекст
Bloomberg мәліметінше, соңғы уақытта бірнеше еуропалық сән үйлері сатылымның тұрақтанғанын хабарлағаннан кейін люкс нарығында сұраныстың қалпына келуіне үміт артқан. Мысалы, Citi сарапшысы Тома Шове Hermès компаниясы жылдық өсімді қатарынан үшінші рет көрсетті деп атап өтті. The Wall Street Journal жазуынша, бұл бүкіл люкс секторының қайта жандануына жол ашуы мүмкін.
Алайда кейбір сарапшылар бұл салаға сақ көзбен қарайды. Berenberg сарапшылары «люкс индустриясы қазір бетбұрыс кезеңінде тұр» деп ескертеді. Нарыққа әсер ететін негізгі факторлар — Қытай экономикасының баяулауы, орта тап табысының азаюы және жас буынның талғамының өзгеруі. Bloomberg пікірінше, осы факторлар 2010-жылдардағы «ерекше» кезеңнен кейін индустрияны түбегейлі өзгертті.
Morgan Stanley сарапшылары да ұқсас көзқараста. Банктің зерттеу бөлімі 2026 жылға дейін люкс нарығының табыс өсімі орта деңгейден төмен болады деп болжайды. Сарапшылар салаға әсер ететін басты қиындықтардың бірі — валюта бағамдарының құбылуы, әсіресе еуроның АҚШ доллары, қытай юані және оңтүстіккорея вонасына қатысты күшеюі екенін айтты.
Сән индустриясы әдетте экономикалық циклдарға тәуелді. Экономика өсіп тұрғанда адамдар сәнді тауарларға көбірек ақша жұмсайды, ал құлдырау кезінде үнемдеуге бейім болады. Morgan Stanley мәліметінше, Қытай мен Еуропа экономикасының баяу қалпына келуі жағдайында тұтынушылардың мінез-құлқы біртіндеп өзгереді.
Дегенмен сарапшылардың айтуынша, инвесторлардың люкс нарығына қызығушылығы алдағы уақытта біртіндеп артуы мүмкін. «Егер оң сценарий сақталса, бұл сектор шығармашылықтың күшеюінен және АҚШ пен Қытайдағы “байлық әсерінен” қосымша пайда көруі ықтимал», — деп қорытындылады инвестициялық компания сарапшысы.








