Доллардың құлдырауы: Еуропа банктері мен дамушы нарық акцияларынан пайда табу жолы

2025 жылы АҚШ доллары негізгі валюталарға қатысты айтарлықтай әлсіреді. Bloomberg Dollar Spot Index — доллардың әлемдегі он жетекші валютаға шаққандағы бағамын көрсететін индекс — алты айда шамамен 11%-ға түсті. Бұл 1973 жылдан бергі ең нашар жартыжылдық нәтиже.
Bloomberg бес портфельдік менеджер мен стратегтің пікірін жинап, доллардың әлсіреуін инвестициялық мүмкіндікке қалай айналдыруға болатынын қарастырды. Ал идеяларды ETF арқылы жүзеге асырғысы келетіндерге Bloomberg Intelligence сарапшылары балама құралдарды ұсынды.
Еуропаның телекомдары мен банктері
BCA Research бас стратегы Марко Папичтің айтуынша доллар ұзақмерзімді «аю нарығына» кірді, ол 3–5 жылға созылуы мүмкін. Оның ойынша Трамп әкімшілігі сауда тапшылығын қысқартуы ықтимал, бірақ бұл АҚШ-қа капитал ағынын төмендетіп, экономика өсімін баяулатып, долларды әлсіретуі мүмкін.
Инвесторларға ол АҚШ-тан тыс активтерге қаражат құюды ұсынады. Папичтің сөзінше ең үлкен өсу әлеуеті Қытайда болғанымен, тәуекел де жоғары. Ол сонымен қатар Еуропаның қаржы және телекоммуникация секторларына басымдық береді, мұнда бірігу мен жұтылу толқыны болуы мүмкін.
Bloomberg Intelligence стратегияға сай келетін бірнеше ETF-ті атап өтті. Ол Vanguard FTSE Europe ETF (Еуропа компанияларына, соның ішінде қаржы секторына кең қолжетімділік береді), iShares MSCI Europe Financials ETF (банктер, сақтандыру, жылжымайтын мүлік және әртараптандырылған қаржы қызметтері), және iShares MSCI China ETF (Қытай нарығына әртараптандырылған қолжетімділік).
Шетелден табыс табатын америкалық компаниялар
New York Life Investments бас стратегы Лорен Гудвин доллардың «қауіпсіз айлақ» ретіндегі мәртебесі бюджет тапшылығы мен саяси тұрақсыздық кесірінен әлсіреп жатқанын айтуда. Америкалық активтердің сатылуы мен доллардың басқа валюталарға айырбасталуы қысымды күшейтеді, деп есептейді сарапшы.
Алайда шетелдік кірісі бар америкалық компаниялар үшін бұл артықшылық болуы мүмкін. Әлсіреген доллар валюталық айырмадан қосымша пайда әкеліп, акция бағасын көтереді. Дегенмен сарапшы валюталық тәуекелдерді хеджирлеуді ұмытпауға кеңес береді.
Bloomberg ETF-тің нақты баламасы жоқ екенін айтады, бірақ iShares S&P 100 ETF және iShares Top 20 US Stocks ETF шамамен сәйкес келеді.
Дамушы нарық облигациялары мен валюталары
Loomis, Sayles & Co портфель менеджері Андреа ДиЧензо доллар циклдері орташа 7–9 жылға созылатынын еске салады. Қазіргі «бұқа нарығы» 10 жылдан астам жалғасып келеді. Оның есебі бойынша доллар индексі (DXY) тағы 5–6% төмендеуі мүмкін.
Бұл жағдайда Еуропа мен дамушы нарық акциялары тиімді болмақ. ДиЧензоның айтуынша АҚШ «дамушы нарықтай» әрекет етіп жатқанда, көптеген дамушы елдер қатаң қаржылық тәртіп пен белсенді орталық банктерімен ерекшеленеді. Ол Гана, Кения, Эквадор облигацияларына, сондай-ақ жергілікті валюталық қазынашылық қағаздарға қызығушылық танытып отыр. Валютада Румыния, Польша, Венгрия, сонымен қатар Нигерия мен Египет мүмкіндігі жоғары көрінеді.
ETF-ішінде Vanguard Emerging Markets Government Bond ETF, VanEck Emerging Markets High Yield Bond ETF және iShares J.P. Morgan EM Corporate Bond ETF ұсынылды.
Дамушы нарық акциялары
Natixis Investment Managers Solutions бас стратегы Джек Янасиевич доллардың әлсіреуін АҚШ экономикасына деген үміттің төмендеуімен байланыстырады. Оның ойынша доллар уақытша «арзан бағаланған», бірақ 2026 жылға қарай күшеюі ықтимал.
Әзірге ол дамушы нарық акцияларын қолдап отыр. Әлсіз доллар олар үшін қолайлы орта қалыптастырады, ал жергілікті орталық банктердің мөлшерлеме төмендетуге кеңістігі бар. Янасиевич Қытай акцияларына үлесті арттырғанын айтты. Сауда қақтығысына қарамастан, Қытай өз нарығын қолдап отыр.
ETF нұсқалары арасында Technology Select Sector SPDR Fund, Vanguard Information Technology ETF және тәуекелшілдер үшін Roundhill Magnificent Seven ETF бар.
Австралия мен Ұлыбритания облигацияларына ставка
Invesco-ның макростратегия бойынша портфель менеджері Кристина Кампмани доллар бойынша «аю көзқарасы» сақталатынын айтты.
Ол инвесторларға халықаралық облигацияларға әртараптандыруды ұсынады. Дамыған елдер ішінде Австралия мен Ұлыбританияның қазынашылық қағаздарын, дамушы нарықтардан Бразилия мен Үндістан облигацияларын ерекше атап өтті.
ETF арқылы дамыған елдердің ұлттық валюталардағы облигацияларына қолжетімділік жоқ. Ал дамушы нарықтарда SPDR Bloomberg Emerging Markets Local Bond ETF және VanEck J.P. Morgan EM Local Currency Bond ETF бар.
Балама инвестициялар
Сарапшылар әлсіреген долларды тиімді пайдаланудың балама жолдарын да атады. Олардың пікірлері әртүрлі болып шықты. Бірі – «доллардың соңғы мықты сәттерін пайдаланып қалу үшін» Канадаға сапар брондауды ұсынса, енді бірі – валютасы құнсызданған елде, мысалы Аргентинада үй сатып алуды атады. Басқалары болса, француз шарабының жәшіктерін алуды құп көрді.








