БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Ең сәтті тоқсандардың бірі»: Boeing-тің нәтижелері болжамнан асып түсті

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
«Ең сәтті тоқсандардың бірі»: Boeing-тің нәтижелері болжамнан асып түсті

2025 жылдың екінші тоқсанында Boeing компаниясы Уолл-стриттің болжамынан артық нәтижелер көрсетті. Компания тоқсандық шығындарын айтарлықтай қысқартып, 2018 жылдан бергі ең жоғары әуе кемелері жеткізіліміне қол жеткізді. Уолл-стрит сарапшылары мұны «қалпына келу белгілері» деп бағалап отыр. Бірақ толық қалпына келу үшін компания әлі де біраз жол жүруі тиіс. 29 шілдедегі саудада Boeing акциялары 3 пайыздан астам төмендеді.

Егжей-тегжейі

2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Boeing тоқсандық шығындарын екі есеге қысқартты. Әр акцияға шаққандағы түзетілген шығын 1,24 $ болды. Бұл Уолл-стрит күткен 1,48 $ көрсеткішінен төмен. Бұл жөнінде CNBC LSEG деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Компанияның табысы да болжамнан жоғары болды. Жылдық есеппен алғанда табыс 35 пайызға өсіп, 22,75 млрд долларға жетті. Сарапшылар бұған дейін 21,84 млрд $ болады деп болжаған.

Уолл-стрит үшін өтімділіктің негізгі көрсеткіші болып саналатын еркін ақша ағыны 200 млн $ болды. Бұл сарапшылар күткен 1,72 млрд $ тапшылықтан тоғыз есе жақсы нәтиже. Бұл туралы Reuters LSEG мәліметтеріне сүйене отырып жазды.

Сонымен қатар, компания 2023 жылдан бері алғаш рет оң операциялық ақша ағынын көрсетті — 227 млн $. Бұл деректі Bloomberg атап өтті.

Boeing бас директоры Келли Ортберг қызметкерлерге жазған хатында: «Егер біз қауіпсіздікке, сапа мен тұрақтылыққа назар аудара берсек, жаһандық тұрақсыздыққа төтеп беріп, 2025 жылды бетбұрыс жылы ете аламыз», — деді. Ол CNBC арнасына берген сұхбатында компания төртінші тоқсанда ақша таба бастайтынын айтты.

Компания екінші тоқсанда 150 ұшақ жеткізді. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 2018 жылы тіркелген. Сол жылы Boeing соңғы рет жылдық пайда көрген болатын. Сонымен қатар, компания 737 Max жолаушы ұшақтарының өндірісін айына 38 данаға дейін жеткізді. Бұл — АҚШ авиациялық реттеушісі рұқсат еткен ең жоғарғы шек. Бұл шектеу 2024 жылдың қаңтарында ұшу кезінде есік қақпағының ажырап кетуінен кейін енгізілген еді. Бас директор компания өндірісті одан әрі ұлғайтуға рұқсат алуға биыл қол жеткізгісі келетінін айтқан.

Бұл нені білдіреді?

Жеткізу көлемінің өсуі — Boeing үшін бірнеше қиындықтан кейінгі маңызды кезең. Reuters агенттігінің жазуынша, ақша ағынының азаюы — компания басшысы Келли Ортберг бастаған дағдарысқа қарсы стратегияның алғашқы нәтижелері.

Егер қазіргі қарқын сақталса, Boeing 2025 жылдың екінші жартысында оң еркін ақша ағынына қол жеткізуі мүмкін. Бұл — компанияның 53,3 млрд $ қарызы жағдайында аса маңызды. Bloomberg Intelligence сарапшысы Джордж Фергюсон бұл жағдайды «қалпына келу белгісі» деп атады. «Әрине, бұл — үлкен жетістік. Себебі олар ақша табуы керек, сонда ғана тепе-теңдікті қайта қалпына келтіре алады», — деді ол.

Bank of America сарапшысы Рон Эпштейн Bloomberg-ке берген пікірінде: «Бұл, бәлкім, Boeing үшін соңғы уақыттағы ең сәтті тоқсандардың бірі. Бірақ компания шыңға шығуға асығар емес. Алда әлі де көп қадам бар», — деді.

Акциялар не болды?

Есеп жарияланған соң Boeing акциялары сауда алдындағы кезеңде 3 пайыздан астам өсті. Алайда сауда ашылғанда дәл сонша төмендеп, 228,6 $ деңгейіне түсті.

Жыл басынан бері акциялар 30 пайыздан астам қымбаттады. Бұл Dow Jones индексіндегі ең жоғары өсім болды. Салыстыра айтқанда, Boeing үшін сәтсіз болған 2024 жылы акциялар 32 пайызға құлдыраған еді.

Контекст

Boeing тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінен кейін қалпына келіп жатыр. 2024 жылы компания бірнеше борттағы оқиғаларды және қызметкерлердің ауқымды ереуілін бастан кешірді. Сол жылы қаржылық қысымнан кейін компания акция шығару арқылы 24 млрд $ тартуға мәжбүр болды.

Сала ардагері Келли Ортберг отставкадан қайта оралып, дағдарыстан шығу реформаларын бастады. Қалпына келудің негізгі қозғаушы күші — ұшақтарға берілген жаңа тапсырыстар. Бұл тапсырыстар АҚШ-тың сауда келіссөздерінде белсенді түрде пайдаланылып жатыр. Президент Дональд Трамп Boeing келісімдерін саяси шарттармен байланыстырып келеді.

Нәтижесінде, 2025 жылы Boeing Airbus-ты жаңа тапсырыстар саны бойынша басып озды.

Соған қарамастан, қалпына келу жолы әлі де күрделі. Компания сейсенбі күні Max желісіндегі ең кіші (737 Max 7) және ең ірі (Max 10) модельдердің сертификатталуы биыл жүзеге аспайтынын хабарлады. Бұл мамырдағы Ортбергтің болжамына қарама-қайшы.

Reuters агенттігінің жазуынша, компанияның қорғаныс бөліміндегі жағдай да қосымша қауіп тудырып отыр. Жаңа еңбек келісімшартын қызметкерлердің мақұлдамауынан кейін, жексенбіден бастап ол бөлімде ереуіл басталуы мүмкін.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары