БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Екі аналитик Visa мен Mastercard акцияларын алуға кеңес берді: Стейблкоин кедергі ме?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Екі аналитик Visa мен Mastercard акцияларын алуға кеңес берді: Стейблкоин кедергі ме?

Уолл-стриттің бірқатар сарапшысы стейблкоиндер дәстүрлі төлем жүйелеріне Visa мен Mastercard-қа айтарлықтай қауіп төндіреді деген алаңдаушылықты асыра сілтеу деп санайды. Олардың пікірінше, бұл компаниялар тұрақтылығын сақтап отыр. Криптовалюталық шешімдерге қатысты ажиотаж салдарынан акция бағасының төмендеуін Wells Fargo мен Freedom Broker сатып алуға тиімді мүмкіндік ретінде қарастыруды ұсынады.

Егжей-тегжейі

Wells Fargo аналитигі Дональд Фандетти сейсенбі күні CNBC-ге берген пікірінде инвесторларға төлем компанияларының акция бағасының төмендеуін тиімді сәт ретінде пайдалануға кеңес берді. «Стейблкоиндерге қатысты алаңдаушылық тым әсіреленген. Сондықтан біз Visa мен Mastercard акцияларын сатып алуды ұсынамыз», – деді ол клиенттерге арналған жазбасында.

Фандетти осы екі компания үшін де «нарықтан жоғары» (overweight) рейтингін растады және акциялардың шамамен 12 пайызға өсу әлеуеті барын көрсететін мақсатты бағаларды сақтады.

Visa мен Mastercard акциялары АҚШ Сенаты доллармен қамтылған криптовалюталар – стейблкоиндерді реттейтін GENIUS заң жобасын мақұлдағаннан кейін арзандай бастады. Бұл құжат америкалық компанияларға мұндай токендерді шығарып, есеп айырысуда қолдануға жол ашады. CNBC жазуынша, инвесторлар криптовалюталық шешімдердің дамуы дәстүрлі ойыншылардың нарықтағы орнын әлсіретуі мүмкін деп қауіптеніп отыр. 25 маусым күні Visa мен Mastercard котировкалары 1,3 пайыздан астамға төмендеді.

Freedom Broker аналитиктері де Mastercard-тың құлдыраудан кейін қалпына келу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Oninvest порталына түскен шолуда олар нарықтың стейблкоиндерге берген жауабы шамадан тыс болғанын атап өткен.

Freedom Mastercard акцияларын сатып алуға кеңес беріп, мақсатты бағасын 576 доллар деп көрсетті. Бұл қазіргі деңгейден 3,8 пайызға жоғары.

Неліктен сарапшылар стейблкоиндерден қауіп күтпейді?

Стейблкоиндер төлем жүйелерін айналып өтіп, бір шоттан екіншісіне тікелей ақша аударуға мүмкіндік беретін тәсілге ұқсайды. Алайда Wells Fargo сарапшысы Дональд Фандеттидің пікірінше, бұл тәсіл кеңінен қолданыс таппаған. Сарапшы бұған дейін де Visa мен Mastercard баламалары баяу дамып, кең қолдау таппағанын еске салады. «Біз банктер өз позицияларынан айырылуға қарсы болады деп есептейміз, бұл Visa мен Mastercard-тың нарықтағы орнына қосымша тірек болады. Ал GENIUS заң жобасы, біздің білуімізше, стейблкоиндерде сақталған қаражатқа пайыз төлеуге мүмкіндік бермейді», – деді Фандетти.

«Стейблкоиндерге қатысты үрей уақыт өте келе басылады. Төлем саласында ретсіздікке жол жоқ», – деп түйіндеді ол.

Freedom Broker сарапшылары да криптовалюталардың карталық төлем моделіне қауіп төндірмейтінін айтады. «Криптожобалар әлі бастапқы кезеңде. Оларды жүзеге асыруға уақыт керек. Ал стейблкоинмен есеп айырысу үлгісі дәстүрлі төлем жүйелерін толық ығыстырып шығуы екіталай», – делінген шолуда.

Одан бөлек, Mastercard компаниясы да стейблкоиндермен есеп айырысу инфрақұрылымына белсенді түрде инвестиция салып келеді. Бұл оның қалыптасып жатқан жаңа экожүйеге енуіне жол ашады. Сарапшылар атап өткендей, Mastercard жақында FIUSD стейблкоинін шығаратын Fiserv компаниясымен бірлесе отырып, осы токенге байланған карталар шығару жоспарын жариялаған.

Сондай-ақ Freedom мәліметінше, Mastercard бизнесі тұрақты өсім көрсетіп отыр: компанияның таза рентабельдігі шамамен 45 пайызды құрайды, ал табысы жыл сайын екі таңбалы қарқынмен артып келеді.

Басқа сарапшылар не дейді?

Jefferies сарапшысы Тревор Уильямс та Visa мен Mastercard бизнесі үшін стейблкоиндерден елеулі қауіп көрмейді. Алайда ол инвесторлар тарапынан туындаған алаңдаушылықты жоққа шығармайды. «Бүкіл әлем бойынша бізге жолданған сұрақтардың саны мен сипатына қарағанда, бұл алаңдаушылық жақын арада сейіледі деу қиын», – деді ол дүйсенбі күні MarketWatch жариялаған зерттеу жазбасында.

Уильямс бұл жағдайды 2021 жылмен салыстырады. Ол кезде инвесторлар «қазір сатып ал – кейін төле» (buy now, pay later) қызметтері мен басқа да финтех-компаниялардың бәсекесінен қауіптеніп, Visa мен Mastercard акцияларына қысым артқан еді.

MarketWatch дерегінше, Wall Street сарапшыларының басым бөлігі Visa акцияларын сатып алуға кеңес береді: 43 сарапшының 34-і қолдайды, 8-і ұстауға, ал тек 1-еуі сатуға кеңес берген. Mastercard-қа да ұқсас көзқарас қалыптасқан: 42 сарапшының 29-ы сатып алуды, 12-і портфельде сақтауды, ал біреуі сатуды ұсынған.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары