Екі стратегия және алты акция: дәл қазір $10 мыңды қайда инвестицияласа болады?

Егер Сіз қолыңызда $10 мың бар инвестор болсаңыз, бұл қаражатты қай акцияларға салуға болады? Freedom Finance Global Сараптама департаментінің директоры Вадим Меркулов екі түрлі стратегияны ұсынады.
Бірінші стратегия
Классикалық таңдау — ірі әрі сенімді компаниялар. Бұл — бизнес-моделі түсінікті, ақша ағыны тұрақты және капитализациясы жоғары танымал компаниялар. Мұндай акциялар көбіне аса құбылмайды, бірақ ұзақ мерзімде тұрақтылық көрсетеді. Олар портфельді теңестіруді, тәуекелдерді төмендетуді көздейтін және акция бағасының өсуінен немесе дивидендтерден табыс алғысы келетін инвесторлар үшін қолайлы.
Не сатып алу керек?
— Netflix
Компанияға Трамп әкімшілігінің сауда соғысы қатты әсер еткен жоқ. Өткен жылдың қарашасында компанияның хабарлауынша ең арзан жазылым түрін таңдаған қолданушылар саны 70 млн-ға жеткен. Бұл жазылым жарнама арқылы контент көруге мүмкіндік береді, яғни Netflix жаңа жазылымдардан ғана емес, жарнама сатудан да табыс табады.
Акция бағасы: 19 мамырдағы сауда жабылуында $1191,64.
— Uber Technologies
Uber бизнесі әртараптандырылған: такси, тамақ жеткізу, жалпы тасымалға қатысты барлық нәрсе. Автономды көлік саласында перспективасы аса жоғары емес. Бірақ өздігінен жүретін көлік жасап жатқан басқа компанияларға бастапқыда Uber-мен әріптес болуға тура келеді — өйткені бұл сегментте ең үлкен қолданушы базасы дәл осы компанияда.
Акция бағасы — $92,46 19 мамырдағы жабылу бағасы.
— Alphabet
(Google-дың бас компаниясы)
Google Search дамыған ЖИ-мен бәсекеде жеңілуі мүмкін. Бірақ Alphabet-тің қолында YouTube бар. Бірнеше жыл бұрын сарапшылар бұл сервиске $300 млрд баға берген, ал MoffettNathanson зерттеу компаниясы 2025 жылғы наурызда YouTube-ке $475–550 млрд аралығында баға берді.
Сонымен қатар компанияда қарқынды дамып келе жатқан Waymo атты автопилотты такси қызметі бар. Бұдан бөлек, Alphabet-тің пайдаланушылар туралы ауқымды дерекқоры бар — бұл жарнама берушілер үшін маңызды актив болып қала береді.
2024 жылы компания алғаш рет дивиденд төлеу туралы хабарлағандықтан, бұл технологиялық алпауыттар арасындағы жақсы таңдау болып отыр.
Акция бағасы — 19 мамырдағы жабылу кезінде $166,54 .
Екінші стратегия
Бұл стратегия айқын емес, бірақ тез өсіп келе жатқан активтерді іздеуге негізделген. Мұндай активтерге шағын капитализациялы немесе бағаланбаған компаниялар жатады. Олар әлі ірі компаниялар деңгейіне жетпесе де, өсу қарқыны, табыстылығы немесе инновациялық бизнес-моделі арқылы келесі деңгейге көтерілуі мүмкін. Мұндай акциялар көпшілік назарынан тыс қалады, бірақ дұрыс таңдалса, үлкен табыс әкелуі мүмкін.
Не сатып алу керек?
— Dave
АҚШ-тағы жетекші необанктердің бірі, қолданушылар саны — 12 млн (Oninvest мәліметі бойынша). Қазіргі капитализациясы — $2,44 млрд.
Жыл басынан бері акциялары 110,5%-ға өсті. Сегіз сарапшының орташа бағалауына сәйкес, мақсатты баға — $190,75. Ең жоғары таргет — $206. Freedom Broker болжамы — $200.
19 мамырдағы жабылу бағасы — $182,97. Орташа бағалау бойынша өсу әлеуеті — 4,25%, ал максималды бағалау бойынша — 12,6%.
— TAT Technologies
Израильдік компания авиация және қорғаныс өнеркәсібі үшін салқындату және техникалық қызмет көрсету жүйелерін өндіреді. Табыстылық қарқыны жоғары, клиенттер тарапынан сұраныс артады. Капитализациясы — шамамен $381 млн. Freedom Broker мақсатты бағасы — $40,16 (16 мамырдағы жабылудан 15,34% жоғары).
Компанияға сауда соғысы айтарлықтай зиян тигізбейді, әсіресе Қытайдағы Lufthansa Technik серіктестігі арқасында. Бұл шығындардың өсу қаупін азайтады және Қытай нарығының әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа ұшақ жеткізілімдерінің кешігуі ескі ұшақтарды жиі ұшыруға мәжбүр етеді, бұл жөндеу жұмыстары мен TAT табысын арттыруы мүмкін. Жалпы нарық төмендесе де, бұл компания өсім сақтай алады.
Акция бағасы — $34,82 (19 мамырдағы жабылу).
— Millrose Properties
Жер активтерін басқаруға бағытталған жылжымайтын мүлікке инвестициялайтын қор (REIT). MRP-тің негізгі серіктесі — АҚШ-тағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі Lennar.
Құрылыс қарқыны біраз бәсеңдегеннен кейін, АҚШ-та оның қайта жандануына сұраныс бар. Компания дивиденд те төлейді. Сондықтан бұл акцияны сатып алу пайдалы болады деп күтілуде.
Акция бағасы — $28,7 (19 мамырдағы жабылу).
Бұл инвестициялық кеңес емес.








