Электрленген экономикаға өткен Қытай және оның бүкіл әлемге тәуекелі

Қытай экономикасын жедел жаңғыртып жатыр: арзан өндіріс алаңы болудан қалып, электрленген мемлекетке айналуда. Бірақ, жүйені тиімді ету үшін әлі көп жұмыс жасау қажет, ал Қытайдың сауда серіктестері енді онымен қарым-қатынасты қалай құру керегін нақтылау тиіс. Бұл туралы Project Syndicate үшін Allianz компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры әрі бас экономисі Людовик Субран жазды.
Бүкіл жол Қытайға апарады
Қытай кезекті ауқымды трансформация кезеңінде. Әлемнің «фабрикасы» саналатын ел біртіндеп экономикасы таза энергетикаға, жасанды интеллектке, озық өнеркәсіпке және негізгі стратегиялық материалдарды бақылауға көбірек сүйенетін әлемдегі алғашқы электрленген мемлекетке айналуда. Бұл жаңа модельдің әлеуеті зор болғанымен, ол елеулі сын-қатерлермен де бетпе-бет келіп отыр.
Қытай экологиялық таза технологиялар секторының өнеркәсібінде сөзсіз көшбасшы ретінде орнықты. Қазір ел күн және жел энергетикасына арналған жабдықтар мен аккумуляторлар өндірісіндегі қуаттардың шамамен 60%-ын бақылауда ұстайды, сондай-ақ әлемдегі барлық күн панельдерінің 80%-дан астамын шығарады. Мұндай масштаб шығындардың күрт төмендеуіне ықпал етті: мысалы, соңғы 10 жылда күн модульдерінің бағасы шамамен 80% арзандады.
Қытай үстемдігін күшейте отырып, электромобильдер, жел турбиналары және ЖИ-датчиктер сияқты жоғары технологиялық өнімдердің кең ауқымын өндіру үшін аса маңызды саналатын сирек жер металдарына да толық бақылау орнатты. Қазіргі таңда, Қытай әлемдік сирек жер металдары қорының 40–50%-ын және олардың өндірісі мен өңдеуінің шамамен 70%-ын бақылап отыр.
Қытайдың инновациялық әлеуетті арттыруға, әсіресе жасанды интеллект саласына бағытталған ауқымды инвестициялары қазірдің өзінде нәтиже бере бастады. Бүгінде Қытай әлемдегі ЖИ-мамандарының жартысынан астамын жұмыспен қамтып, жаһандық ЖИ-патенттердің шамамен 70%-ына иелік етеді. Ел Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) әзірлейтін рейтингтерді қоса алғанда, жаһандық инновациялар рейтингтерінің алғашқы ондығына кіреді.
Мұның бәрі ұзақмерзімді, стратегиялық ұстанымның айқын үлгісі. Қалыптасып жатқан жаһандық экономикалық ауысымның әрбір элементі — жоғары технологиялық тауарлар өндірісіне қажетті негізгі ресурстарды жеткізуден бастап, жаңа өнеркәсіптік және энергетикалық жүйелерді әзірлеу мен қаржыландыруға дейін, Қытайға айтарлықтай тәуелді. Сирек жер металдарына қол жеткізгісі келетін Америка болсын немесе таза энергетика инфрақұрылымына мұқтаж дамушы ел болсын, бәрібір Қытайға жүгінуге мәжбүр.
Монополистің әлсіз тұстары
Немесе, кем дегенде, жоспар осындай. Қытай маңызды минералдар мен технологиялардың жетекші экспорттаушысы ретінде қаншалықты қуатты көрінгенімен, мұндай ұстаным елдің өзі арылуға тырысып отырған сыртқы сұранысқа тәуелділігін бекіте түседі. Ұлтшылдыққа негізделген протекционизмнің күшеюі мен ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық жаһандық өндірістік тізбектерді өзгертіп жатыр, бұл көбіне қытайлық жеткізушілерден бас тартуды білдіреді. Мұның бәрі елеулі осалдықтарға әкелуі мүмкін.
Тәуекелдер Қытайда алдағы демографиялық дағдарыспен де күшейе түсуде. Еңбекке қабілетті халық саны қысқарып, демографиялық жүктеме коэффициенті (зейнет жасындағы адамдар мен еңбекке қабілетті тұрғындардың арақатынасы) өсіп жатыр, ал туу деңгейі халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін шектен әлдеқайда төмен түсті. Жұмыс күші азайған жағдайда табыс пен тұтыну өсімінің қарқыны баяулауы ықтимал, бұл биліктің экономикалық өсімді тұтыну есебінен арттыруға бағытталған жоспарына кедергі келтіруі мүмкін.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы соңғы оқиғалар жағдайды жақсартуға ықпал етіп отырған жоқ. Соңғы онжылдықтарда Қытайда бұл нарықтағы баға жедел урбанизация, жергілікті биліктің жер сатудан түсетін табысқа тәуелділігі және экономиканың қарқынды өсетініне деген күтімнің арқасында күрт қымбаттады. Соның салдарынан тұрғын үй қытайлық үй шаруашылықтары үшін байлықты арттырудың басты құралына айналды.
Алайда әлсіз сұраныс, ұсыныстың артық болуы және жоғары қарыз жүктемесінің ұштасуы Қытайдағы жылжымайтын мүлік бағасының құлдырауына әкеліп, үй шаруашылықтарының әл-ауқаты мен тұтынушылық сеніміне соққы берді. 2021 жылдан бері баға төмендеуі үй шаруашылықтарының жалпы шығындарының 3 трлн юаньнан ($424 млрд) астам көлемде орындалмай қалуына себеп болуы мүмкін. Бұған еңбек өнімділігі өсімінің баяулауы мен жастар арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейін (16–24 жас аралығында шамамен 17,5%) қосқанда, Қытайдың орта тап өкілдеріне елге қажет тұтынушылық база мен инновациялардың қозғаушы күшіне айналу барған сайын қиындап барады.
Қытайға керек 3 кеңес
Осылайша, Қытай бетбұрыс кезеңіне жетті. Ел нөлдік шығарындыларға көшу мен басталып жатқан ЖИ революциясын әлемдік деңгейде бастап әкетуге қабілетті, инновациялық әрі төмен көміртекті өнеркәсіптік экономиканың тетігін қалыптастырды. Алайда, электрленген мемлекеттің тұрақты болуы үшін Қытай 3 шешуші бағытта ілгерілеуге тиіс.
Біріншіден, өнімділік роботтар немесе зауыттар санын арттыру есебінен емес, үздіксіз инновациялар, кадрлардың біліктілігін көтеру, тиімді басқару және қызмет көрсету секторын жаңғырту арқылы өсуі қажет. Мұнда ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) қарқындылығы ерекше маңызды: осы бағыттағы шығындарды ЖІӨ-дегі үлес ретінде 10% арттыру өнеркәсіптегі өнімділікті шамамен 7% көтеруі мүмкін.
Екіншіден, Қытай экономиканы ішкі сұранысқа қарай қайта теңгеруді жеделдетудің жолдарын табуы тиіс. Ол үшін үй шаруашылықтарының табысы мен әл-ауқатын арттыру, тұтынушылық сенімді нығайту және жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Мұның бір жолы — қызмет көрсету секторын, соның ішінде қарттарға күтім жасау мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, сондай-ақ жұмыс күшін өнеркәсіп пен жылжымайтын мүлік секторынан тұтынуға бағытталған салаларға қайта бөлу.
Түбі, Қытай сыртқы тәуелділігін ақылмен басқаруға міндетті. Өзін-өзі қамтамасыз етуді күшейту маңызды болғанымен, стратегиялық әріптестіктер, болжамды сауда қатынастары және ынтымақтастықтың ашық ережелері де қажет.
Болашақта не болсада, оның салдары қалған әлемге өте маңызды. Жағымды жағы — Қытайдағы өзгерістер жаңартылатын энергетиканың құнын төмендетіп, cleantech өнімдерінің ұсынысын кеңейтіп, Азия мен Африкада жаңа инфрақұрылымдық инвестицияларға жол ашып отыр. Қытай дамушы елдерге қазба отынға негізделген жүйелерді пайдалануды азайтуға көмектесуде қазірдің өзінде шешуші рөл атқарып келеді.
Алайда «электрленген мемлекет» стратегиясы Қытайға басқа елдерге ықпал ететін қуатты тетіктер береді, оны ол қажет болған жағдайда саяси қару ретінде де қолдана алады (мұны сирек жер металдарының экспортына жуырда енгізілген шектеулер көрсетті). Пекиннің технология мен өнеркәсіптегі жетістіктері әрдайым геосаяси тұрғыдан бағаланады. Ел шикізат пен жоғары технологиялы өндіріс салаларындағы бақылауды күшейтіп отыр. Сондықтан, өзге мемлекеттер Қытаймен ынтымақтастықты тереңдете ме, өндірістік тізбектерді әртараптандырып Қытайды айналып өте ме, әлде толық оқшаулану тәуекеліне бара ма — осыны айқындауы тиіс.
Гонконг пен Азия–Тынық мұхиты өңірі елдері үшін сигнал белгілі: арзан өндіріс іздеу дәуірі аяқталуға жақын, ал экономикалық өсім мен өркендеудің жаңа көкжиектері жасанды интеллект, «жасыл» инфрақұрылым және цифрлық жабдықтармен байланысты. Қытай өзін осы жаңа экономиканың жеткізушісі, әзірлеушісі әрі өндірістік орталығы ретінде көрсетіп отыр, сондықтан Азия елдеріне (және тек оларға ғана емес) бейімделуге тура келеді: Қытаймен өзара іс-қимыл жасау, осал тұстарды сақтандыру және өз өнеркәсіптік модельдерін қайта құру қажет.








