«Ең қолайсыз сәттегі бюрократиялық тозақ»: Уолл-стрит АҚШ-тағы шатдаун туралы

Уолл-стрит сарапшылары АҚШ үкіметі жұмысының тоқтауына қатысты екіге бөлініп жатыр. Кейбірі оның экономика мен нарыққа бұрынғыдан ауыр соққы болуы мүмкін екенін ескертті: макростатистиканы жариялау кешігеді, IPO-лар іркіледі. Басқалары тыныш қалып, шатдаун қысқа болады және тарихи тұрғыда нарық пен экономикаға әсері шағын дейді.
Егжей-тегжейі
— «Шатдаун күтілгенімен, шешім іздеудегі прогресс пен жеделдіктің жоқтығы инвесторларды алаңдатады. Қазіргі жағдай тарихтағы ең ұзақ болған 2018 жылғы шатдауннан өзгеше», — деді Freedom Capital Markets бас нарық стратегы Джей Вудс CNBC келтірген пікірінде.
— Қазіргі шатдаун экономикаға алдыңғыларға қарағанда көбірек әсер етуі мүмкін, деді Милкен институтының бас экономисі Уильям Ли. «Әдетте шатдаундар нақты экономиканы аса шарпымайтын. Соңынан бәрі тез қалыпқа келетін. Бірақ қазір жағдай басқа — екі тарап та стратегиямен әрекет етіп отыр», — деді ол CNBC-ге. Оның сөзінше, республикашылдар өз өзгерістерін ілгерілетуге тырысады, ал демократтар шатдаунды өздеріне керек заңдарды өткізу мүмкіндігі деп қарайды. «Бүгін бұл дойбы емес, шахматқа көбірек ұқсайды», — деп түйіндеді Ли.
— Үкімет жұмысының тоқтауы федералдық агенттіктер жаппай қысқартуға барса, еңбек нарығын шайқалтуы мүмкін. «Қызметтің тоқтауына байланысты ықтимал қысқарту туралы тақырыптар жұмыссыздықтың өсуін қоздыруы мүмкін сирек, бірақ күшті тәуекел қосады», — дейді Capital.com онлайн-трейдинг компаниясының аға нарық талдаушысы Даниэла Хаторн.
— Jefferies сарапшылары да тамырын жайған «саяси тығырық» аясында шатдаун созылыңқы әрі нарық үшін ауырлау болуы ықтимал деп ескертті. Олардың айтуынша, бұл дәрілерді мақұлдау мен жұмыспен қамту және инфляция есептерін жариялауды кешеуілдетіп, қазандағы ФРЖ отырысының алдында «деректер вакуумын» туғызуы мүмкін. FDA сияқты реттеушілердің жұмысы тоқтаса, жаңа препараттарды бекіту кешігеді, бұл биотех, фарма және қаржы компанияларына соққы болады. Қысқа мерзімде ең жоғары құбылмалылық төрт сегментте күтіледі. Олар: мөлшерлемеге сезімтал салалар, қатаң реттелетін салалар, қорғаныс пен медицина мердігерлері және ірі денсаулық сақтандыру компаниялары.
— JPMorgan сарапшылары қыркүйекке арналған жұмыспен қамту есебі және келесі аптадағы тұтыну бағалары индексі үкімет жұмысы қайта басталғанша кейінге қалдырылуы мүмкін деп болжайды. «Еңбек статистикасы бюросының толық қуатта жұмыс істемеуі басқа есептер үшін дерек жинауға әсер етіп, деректер сапасына ықпал етуі мүмкін», — деді Ameriprise бас нарық стратегы Энтони Саглимбен, Reuters-тің жазуынша.
— Шатдаун IPO нарығының жаңғыруын да тоқтатуы ықтимал. «Шатдаун іс жүзінде АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясын (SEC) парализдейді: проспектілер қаралмайды, түсіндірмелер берілмейді, биржаға шығуға рұқсат жоқ», — деді Reuters-ке Running Point Capital Advisors серіктесі Майкл Эшли Шульман.
— Evercore ISI стратегы Сара Бьянки шатдаунның ұзаққа созылуын күтпейді, өйткені уақытша қаржыландыру туралы құжат бойынша келіссөздерде ілгерілеуге үміт бар. «Бүгін үш демократ-сенатор осы құжатты қолдап дауыс берді, бір республикашыл қарсы болды. Сенатта шатдаундарға күмәнмен қарайтын кемінде тағы бес демократ бар, әсіресе федерал қызметкерлерін қысқарту қаупі күшейсе, жағдайды созғысы келмейді. Мұнымен қатар, республикашыл лидерлер денсаулық сақтау мәселелері бойынша келіссөзге дайын екенін білдірді. Сондықтан шатдаун салыстырмалы түрде қысқа болады деп санаймыз», — деді ол.
— Bank of America сарапшылары да шатдаун қысқа болады деп есептейді. «Қазір үкіметті ашудың жолы жоқ секілді көрінгенімен, тарих шатдаундардың әдетте қысқа болатынын көрсетеді […]. Төленбеген жалақылар, жабық ұлттық парктер және жаман рейтингтер оның аяқталуын жеделдетуі мүмкін», — деді BofA мамандары CNBC-ге жолдаған жазбасында.
— «Баға қозғалыстары нарықтың қысқа шатдаунды күтіп отырғанын көрсетеді», — деді Citi сарапшылары. Олардың айтуынша, шектеулі турбуленттіліктен кейін әдетте бюджет мәселесі шешілген соң тез қалпына келу жүреді. Сонымен бірге, ЖИ төңірегіндегі оптимизм мен ФРЖ-ның жұмсақ саясаты «бұқа» трендінің кері бұрылуын екіталай етеді. Ал егер шатдаун созыла түссе, қорғаныс ретінде доллардан гөрі қымбат металдарды ұсынады.








