Ethereum-нан Уолл-стритке дейін: болжау нарығын құрған Шейн Копланның тарихы

27 жастағы Шейн Коплан — оқиғаларға болжам жасауға арналған Polymarket платформасының негізін қалаушы және бас директоры. Bloomberg 8 қазанда жазғандай, ол өз еңбегімен миллиардер атанған ең жас кәсіпкер болды.
Бұл жаңалық Intercontinental Exchange (Нью-Йорк қор биржасының иесі) Polymarket-ке 2 миллиард долларға дейін инвестиция салатынын хабарлағаннан кейін белгілі болды. Компанияның құны келісімге дейін 8 миллиард долларға, ал инвестициядан кейін 9 миллиард долларға жетті. Forbes дерегінше, Копланның үлесі 11 пайыз.
Бірнеше жыл бұрын ол пәтер жалдау үшін жиһаздарын сатқан, ал алғашқы бағдарламасын жуынатын бөлмеде жазған.
Қазір оның платформасы Уолл-стрит үшін маңызды дерек көзіне айналды. Мысалы, Goldman Sachs жазда Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс кезінде мұнай нарығы бойынша болжамдар жасау үшін Polymarket деректерін қолданды.
Коплан децентрализденген болжау нарығы идеясын қалай бизнеске айналдырды?
Жақсы отбасынан шыққан бала
Коплан Нью-Йорктегі Вест-Сайд ауданында анасының жанында өскен. Анасы Нью-Йорк университетінің кино профессоры болды. Ол Манхэттендегі ең беделді мемлекеттік мектептердің бірі — The Beacon School-де оқыды. Жас кезінен бағдарламалауды үйреніп, блокчейнге қызығушылық танытқан.
2014 жылы, небәрі 16 жасында, ол Ethereum-ның алғашқы сатылымына қатысып, токендерді әрқайсысын 0,3 долларға сатып алған ең жас инвестор болды.
2015 жылы genius.com музыкалық платформасында, ал келесі жылы Spotify жобасында тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ 2016 жылы Chronicled компаниясында жұмыс істеді. Ол ғылыми салаға арналған блокчейн шешімдерін әзірлейді. Сол жылы Нью-Йорк университетіне түсіп, компьютерлік ғылымды оқымақ болды, бірақ көп ұзамай оқуды тастап, крипто жобаларға ден қойды.
Алдымен Union Marketplace стартапын құрды — ол блокчейн негізіндегі «ставкалар нарығы» болатын. Ал 2020 жылдың маусымында Polymarket платформасын іске қосты.
«Пандемия басталғанда менде жоғалтар ештеңе жоқ еді. 21 жастамын, ақшам таусылды, оқуды тастағаныма екі жарым жыл болды. Бірақ мен шындықты іздеу дәуірі келгенін түсіндім, және Polymarket осы жолда үлкен рөл атқара алады», — деп жазды Коплан X желісінде.
2024 жылы ол американдық статистик Нэйт Сильвермен подкастта сөйлесіп, Polymarket-ті құруға Джордж Мейсон университетінің экономисі Робин Хэнсон шабыт бергенін айтты. Хэнсон «футархия» деген идеяны ұсынған — яғни саясаткерлер шешім қабылдағанда болжау нарықтарының нәтижелеріне сүйенуі керек.
Коплан өзіне ұнайтын тағы бір еңбек — Фридрих Хайектің «Қоғамдағы білімді пайдалану» атты 1945 жылғы эссесі екенін айтты. Онда көп адамның жинақталған білімі кез келген орталық дереккөзден нақтырақ деп жазылған.
Polymarket негізінде жатқан идея осы: шындыққа ұмтылу адамдардың өз ақшасын салуымен бекітіледі. Ал Коплан осы ойды жүзеге асырып, миллиардерге айналды.
Ол нағыз энтузиаст ретінде сипатталады. Dragonfly қорының серіктесі Роб Хэдик: «Ол бұл туралы тоқтамай сөйлей алады. Бұл оның өмірі», — дейді. Бірінші кездесуде Коплан ресми таныстырудан бас тартып, қала ішінде екі сағат бойы жаяу жүріп, болжам нарықтары туралы айтқан.
Fortune жазғандай, Манхэттендегі ресми кешке ол джинс пен былғары күртеше киіп келген, еркін мінезімен ерекшеленген.
Polymarket қалай жұмыс істейді
Polymarket — қазіргі заманның жаңа «абызы». Dune зерттеуінде көрсетілгендей, оның болжам дәлдігі оқиғаға төрт сағат қалғанда 95%, 12 сағат қалғанда 90%, ал бір күн бұрын 89%. Коплан CNBC арнасына берген сұхбатында әзілдеп: «Polymarket қазір Google сияқты сөзге айналды. Егер не болатынын білгің келсе, Polymarket-тен қара», — дейді.
Платформада Нью-Йорк мэрін сайлау, Федералдық резерв шешімдері, Газа қақтығысы немесе Тейлор Свифттің жүкті болуы сияқты тақырыптарға ставкалар жасауға болады.
Ставка бір доллар тұрады. Мысалы, «иә» нұсқасы 0,66 долларға сатылса, бұл оқиғаның орын алу ықтималдығы 66% деген сөз. Бұл ставкаларды оқиға шешілгенге дейін сатып, табыс табуға мүмкіндік бар.
Соңғы айда Polymarket-тағы сауда көлемі 2,2 миллиард долларды, ал жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асты. Платформа Ethereum мен Polygon желілерінде жұмыс істейді, бұл транзакцияларды жылдам әрі арзан етеді.
Қазір Polymarket табыс әкелмейді. Пайдаланушылардан жазылым немесе қосымша комиссия алынбайды. Платформа тек транзакция төлемдерін жабу үшін USDC форматында шағын комиссия алады.
Компания венчурлық инвестиция есебінен жұмыс істеп келеді. Crunchbase дерегінше, жалпы инвестиция көлемі 2,3 миллиард доллар. Алғашқы инвесторлар қатарында Polychain, General Catalyst, Founders Fund және Ethereum негізін қалаушы Виталик Бутерин бар.
Трампқа жасалған ставка
Polymarket 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауы кезінде көп назар аудартты. Қосымша тәулігіне 50 мың рет жүктелді, ал сайлау нәтижесіне қойылған ставкалар 3,6 миллиард долларға жетті.
4 қарашада Трамптың жеңу мүмкіндігі 57%, Харристікі — 43% деп көрсетілді. Кейін платформа саяси бейтараптықты бұзды деген айыптаулар пайда болды, себебі бір француз пайдаланушысы 28 миллион долларлық ірі ставка жасаған.
Polymarket Nardello & Company компаниясымен бірге тексеріс жүргізіп, заңбұзушылық таппады. Бірақ сайлаудан кейін ФБР Копланның үйінде тінту жүргізіп, телефондарын алып кетті.
Тергеу АҚШ Әділет министрлігі мен Тауар фьючерстері комиссиясы тарапынан жүргізілді. Себебі Polymarket 2022 жылдан бері АҚШ-та жұмыс істеуге тыйым салынған еді. Сол жылы компания тіркелмеген деривативтер ұсынғаны үшін 1,4 миллион доллар айыппұл төледі.
2025 жылдың шілдесінде Коплан істің жабылғанын айтты. Сол айда Polymarket АҚШ-та тіркелген QCEX биржасын 112 миллион долларға сатып алды.
Тамызда Дональд Трамптың ұлы — Трамп кіші құрған 1789 Capital венчурлық қоры платформаның инвесторлары қатарына қосылды.
Кейін CFTC Polymarket-ке АҚШ нарығына қайта кіруге рұқсат берді. Компания елде қайта іске қосылуға дайындалып жатыр.
Оракулдар, арбитраж және болашақ
Polymarket АҚШ нарығына қайта шыққанымен, сұрақтар көп. Fortune зерттеуіне сәйкес, платформаның шамамен үштен бірі жалған сауда — яғни қолданушылар бір оқиғаның екі нұсқасына да ставка жасап, сауда көлемін жасанды арттырған.
2025 жылы Оксфорд және IMDEA институттары жүргізген зерттеу осындай арбитраж арқылы 40 миллион доллар пайда алынғанын көрсетті. Кейбір ірі қатысушылар автоматты жүйелер арқылы мыңдаған ставка жасаған.
Сондай-ақ платформа UMA токеніне негізделген «оптимистік оракул» жүйесін қолданады. 2025 жылы бұл жүйеге ірі токен иесі BornTooLate.eth тарапынан шабуыл жасалған.
Инвесторлар не күтеді?
Fortune жазғандай, Polymarket-тің негізгі табыс көзі әлі анық емес. Ең ықтимал нұсқа — пайдаланушылардан комиссия алу. Kalshi платформасы дәл осындай үлгімен 1% комиссия алып отыр, ал Polymarket бұл тәсілді қолданса, жылына жүздеген миллион доллар табыс табуы мүмкін.
Polymarket 2026 жылы өзінің POLY токенін шығаруды жоспарлап отыр. Компания маркетинг директоры Мэттью Модаббер бұл ақпаратты растады, бірақ нақты мерзімін атамады.








