БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Exxon мен Chevron-ның пайдасы мұнай арзандаған соң төрт жылдағы минимумға түсті

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Exxon мен Chevron-ның пайдасы мұнай арзандаған соң төрт жылдағы минимумға түсті

АҚШ-тың ірі мұнай өндірушілері Exxon Mobil мен Chevron соңғы төрт жылдағы ең төменгі пайда көрсеткішін көрсетті. Оларға ОПЕК+ ұйымының ұсынысты арттыруы және мұнай бағасының тоқсанда 11% төмендеуі табыс пен пайдаға қысым түсірді. Дегенмен, рекордтық көлемдегі өндіру мен шығындарды бақылау екі компанияға да сарапшылар күткеннен жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік берді.

Exxon Mobil

АҚШ-тағы ең ірі мұнай өндіруші Exxon Mobil-дің екінші тоқсандағы пайдасы бір жылда 23% төмендеп, соңғы төрт жылдағы ең төменгі деңгейге түсті, деп жазады AP. Мұндай құлдырауға ОПЕК+ елдерінің өндірісті арттыруы мұнай бағасының төмендеуіне әкелді.

Exxon-ның екінші тоқсандағы пайдасы $7,1 млрд немесе бір акцияға шаққанда $1,64 құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш $9,24 млрд, яғни $2,14 болған.

Соған қарамастан, компания мұнай мен газ өндіру көлемінің артуы және өндірістік шығындардың төмен болуы есебінен Уолл-стриттің пайдаға қатысты болжамынан асып түсті, деп хабарлайды Reuters. LSEG деректері бойынша, сарапшылар $1,56 пайда болады деп күткен.

Exxon-ның табысы 14% төмендеп, $81,5 млрд-ты құрады (былтыр — $93 млрд), бұл Уолл-стрит күткен $82,8 млрд-тан аз, деп жазады AP.

Компанияның мұнай мен газ өндіру көлемі тәулігіне 4,6 млн баррель мұнай эквивалентін құрады, бұл өткен тоқсандағы 4,5 млн баррельден жоғары. Exxon мен Mobil біріктірілгелі бері (25 жылдан астам уақыт бұрын) екінші тоқсан үшін бұл — ең жоғары көрсеткіш, деп мәлімдеді компания.

«Біз өндіру көлемін арттырып келеміз», — деді Exxon бас директоры Даррен Вудс FT келтірген конференц-коллда. — «Шындығын айтқанда, ағымдағы баға өте тартымды. Егер мұндай бағамен сіз табыс таба алмай, жақсы кіріс көре алмасаңыз, онда сізде терең іргелі мәселелер барын білдіреді», — деп қосты ол.

Компанияның негізгі өндіру аймақтарына Пермь бассейні — АҚШ-тағы ең ірі мұнай кен орны және Гайана жағалауындағы болашағы зор Stabroek блогы кіреді. Бұған дейін Exxon атап өткендей, аталған кен орындарындағы төмен өндіру құны компанияға мұнай бағасы төмен кезде де табысты болуға мүмкіндік береді, деп жазады Reuters. Exxon мәліметінше, келесі аптада Гайана жағалауындағы мұнайды өндіру, сақтау және тасымалдауға арналған төртінші қалқымалы платформа — Yellowtail іске қосылады деп күтілуде.

Мұнай мен газ өндіруден түскен пайда бірінші тоқсанда $6,7 млрд-қа төмендеп, $5,4 млрд-ты құрады.

Exxon Mobil екінші тоқсандағы еркін ақша ағымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,2% өсіп, $5,39 млрд-ты құрады, бұл FactSet сарапшылары күткен $4,05 млрд-тан едәуір жоғары. MarketWatch келтірген FactSet деректері бойынша, нақты көрсеткіш пен болжам арасындағы мұндай үлкен айырма 2021 жылдың бірінші тоқсанынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Exxon акциялары 1 тамыздағы саудада шамамен 2% төмендеді, ал жыл басынан бері де шамамен 2% жоғалтты.

Chevron

АҚШ-тың тағы бір ірі мұнай алпауыты Chevron-ның пайдасы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 44% төмендеп, $2,49 млрд немесе бір акцияға шаққанда $1,45 құрады. Бір реттік шығындарды есептемегендегі түзетілген пайда $1,8 болды, бұл сарапшылар күткен $1,73-тен жоғары, деп жазады AP. Бұл сонымен қатар соңғы төрт жылдағы екінші тоқсандағы ең төменгі пайда көрсеткіші болды.

Chevron-ның тоқсандық табысы бір жылда 12,5%-ға азайып, $44,8 млрд құрады.

Компанияның жаһандық және АҚШ-тағы мұнай мен газ өндіру көлемі мұнай эквивалентінде есептегенде тәулігіне шамамен 4 млн баррельге жетіп, тоқсандық рекорд орнатты. Tengizchevroil бірлескен кәсіпорнындағы өндіріс 34%, Мексика шығанағындағы өндіріс 22%, ал Пермь бассейніндегі өндіріс 14% өсіп, тәулігіне 1 млн баррель мұнай эквивалентіне жетті.

Chevron-ның еркін ақша ағымы 113% өсіп, $4,9 млрд-ты құрады, бұл FactSet консенсус-болжамы ($3,99 млрд)-нан едәуір жоғары. MarketWatch дерегінше, нақты көрсеткіш пен болжам арасындағы мұндай айырма 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бері алғаш рет байқалып отыр.

Екінші тоқсандағы мықты нәтижелерге қарамастан, Chevron мұнай бағасының жыл соңына дейін төмендеуі мүмкін екенін ескертті, себебі ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың артуы жаһандық нарықты қанықтыруы мүмкін, деп жазады Bloomberg.

«Осы факторларды ескере отырып, жылдың екінші жартысында бағаға белгілі бір қысым түсуі мүмкін. Біз кез келген баға жағдайына дайынбыз, сондықтан нарық әлсіресе де, біз тиімді позицияда боламыз», — деді Chevron компаниясының қаржы директоры Имер Боннер.

Chevron акциялары 1 тамыздағы сауда кезінде 0,4% төмендеді, алайда жыл басынан бері 5% өскен.

Контекст

Энергетика секторы ОПЕК+ елдерінің өндіруді арттыруы аясында баға құбылмалылығына тап болып отыр. Тоқсан ішінде жаһандық эталон — Brent маркалы мұнайының бағасы 11% қысқарды.

Бағаға қосымша қысым АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген жаһандық баж салықтары арқылы туындады, өйткені олар әлемдік экономиканың баяулауына қатысты алаңдаушылықты күшейтті, ал бұл өз кезегінде мұнайға сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Осы кезеңде мұнайдың әлемдік бағасы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда бір баррель үшін дерлік $20-ға төмен болды, бұл АҚШ-тағы бірқатар өндірушілерді, әсіресе Пермь бассейнінде, өндіру өсімін баяулатуға мәжбүр етті. Алайда, Exxon америкалық сланец кен орындарындағы өндірісті кеңейту жоспарынан бас тартуға себеп көріп отырған жоқ, деп жазады Bloomberg.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары