Freedom Altimmune биотехнологиялық компаниясының акцияларын сатып алуға кеңес береді

Себебі компания семіздік пен алкогольге тәуелділікті емдеуге арналған препарат әзірлеп жатыр.
Freedom Broker шағын нарықтық құны бар Altimmune биотехкомпаниясының акцияларын сатып алуға кеңес берді. Сарапшылардың айтуынша, маусым айының соңында компания бауырды май басудан емдеуге арналған жаңа дәрінің клиникалық сынақтарының оң нәтижесін жариялайды. Бұл қысқа мерзімде акция бағасының өсуіне алып келуі мүмкін.
Freedom мамандары келесі екі ай ішінде Altimmune акцияларының құны 7,9 долларға дейін өсуі ықтимал деп санайды. Бұл қазіргі бағадан 17% жоғары.
Толығырақ
Altimmune компаниясы pemvidutide атты препараттың клиникалық сынақтарының екінші кезеңінің нәтижелерін маусым айының соңына дейін ұсынуға уәде берді. Бұл дәрі метаболикалық стеатогепатитті (MASH), яғни бауырдың майлануынан туындайтын, әрі қарай рак немесе циррозға әкелуі мүмкін ауыр ауруды емдеуге арналған.
Freedom бұл деректер нәтижелі болады деп күтеді. Сол себепті Altimmune акцияларының бағасы жақын арада өседі деген болжам бар. Сарапшылардың есебі бойынша, акциялар келесі екі айда 7,9 $ деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін. Бұл — 10 маусымдағы сауда жабылу бағасымен салыстырғанда 17% өсім.
Үміткерлер бәсекесі
Altimmune компаниясы артық салмақ пен бауыр ауруларын емдеуге арналған дәрілер әзірлейді. Оның негізгі үміткер препараты — pemvidutide. Оның құрамында екі гормон: GLP-1 және глюкагон бар. Бұл препарат тек MASH емес, сонымен қатар семіздік, алкогольге тәуелділік және алкогольдік бауыр ауруларын емдеуге де бағытталған.
Бастапқыда компания тек семіздікті емдеуге ден қойғанымен, алғашқы нәтижелердің мардымсыз болуы олардың стратегиясын өзгертуге мәжбүр етті.
Дегенмен, Merck және Boehringer Ingelheim секілді ірі фармкомпаниялардың MASH-ты емдеуге арналған дәрілері efinopegdutide және survodutide әлдеқайда жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Сарапшылар бұл бәсекенің нәтижесі Madrigal Pharmaceuticals компаниясына кімнің балама бола алатынын анықтайды деп санайды. Айта кетейік, Madrigal компаниясы MASH-ты емдеуге арналған дәрісіне 2024 жылы ресми мақұлдау алып, бұл салада үлкен жетістікке жеткен болатын.
Altimmune акцияларының жай-күйі:
Соңғы 12 айда Altimmune акциялары 7,7% өскен, бірақ 2025 жыл басталғалы бері 6,5% төмендеген.
MarketWatch порталының дерегінше, Уолл-Стриттің 9 сарапшысы бұл акцияны сатып алуға кеңес береді, ал 1 сарапшы — ұстауға ғана лайық дейді. Сатуға ешкім кеңес бермейді. Сарапшылардың орташа бағалауынша, компания акцияларының әділ бағасы — 22,38 $. Бұл 10 маусымдағы нарықтағы бағадан 246% жоғары.








