Freedom бразилиялық Embraer акцияларын алуға кеңес береді

Дональд Трамптың Бразилияға қатысты енгізген баж салығы Embraer ұшақ құрастыру компаниясына әсер етпеді. Бұл жағдай аталған компанияның депозитарлық қолхаттарын инвесторлар үшін тартымды етеді, деп есептейді Freedom Broker сарапшылары.
Олар Embraer акцияларын сатып алуға кеңес береді. Себебі компанияның негізгі қаржылық көрсеткіштері жақсы. Сонымен қатар Embraer-дің қорғаныс саласында және аэротакси нарығында болашағы зор. Бұған қоса, Wolfe Research агенттігі компания рейтингін жоғарылатты.
Егжей-тегжейі
30 шілдедегі сауда барысында Embraer-дің АҚШ-тағы депозитарлық қолхаттары 13%-дан аса қымбаттады. Ал келесі күні, яғни 31 шілдеде олар тағы 5% өсті. Бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың Бразилиядан импортталатын өнімдерге қатысты 40%-дық баж салығынан Embraer-ді босатуынан кейін болды.
Freedom Broker сарапшылары бұл оң импульс ұзаққа созылуы мүмкін деп болжайды. Олар Embraer қолхаттарын сатып алуға кеңес береді. Компанияның мақсатты бағасы – 61,5 доллар. Бұл 30 шілдедегі жабылу бағасымен салыстырғанда 12% өсімді білдіреді.
Embraer-дің қаржылық жағдайы «жақсы» деп бағаланады, әсіресе 5 тамызда жарияланатын екінші тоқсан есебі қарсаңында. Бірінші тоқсанда компания жылдық болжамын растады. Бұл болжам коммерциялық және бизнес-ұшақтар жеткізілімі екі таңбалы өсіммен артады дегенді білдіреді.
Freedom компаниясы Embraer менеджментінің пікіріне сүйене отырып, АҚШ баж салығының әсері шектеулі болады деп жазады. Бұл әсер негізінен бизнес-авиация сегментін қамтиды. Компания сонымен қатар коммерциялық және әскери авиациямен де айналысады.
«Embraer-дің АҚШ-тан тыс сатылым үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл, әсіресе Section 232 аясындағы жаңа шектеулерді ескерсек, америкалық өндірушілермен салыстырғанда бәсекелік артықшылық береді», – дейді Freedom сарапшылары.
Section 232 – бұл АҚШ заңындағы бап, оған сәйкес президент импортқа, әсіресе болат, алюминий және кейінірек мысқа жоғары баж салығын енгізуге құқылы.
Wolfe Research те сенім білдіреді
30 шілде күні Wolfe Research сарапшылары Embraer қағаздарының рейтингін «нарықпен тең» (Peer Perform) деңгейінен «нарықтан жоғары» (Outperform) деңгейіне көтерді. Бұл туралы CNBC хабарлады.
Seeking Alpha дерегінше, Wolfe Embraer-дің іргелі көрсеткіштері жақсарғанын және АҚШ тарапынан болған басты сауда тәуекелінің жойылғанын атап өтті.
Сарапшы Майлс Уолтонның айтуынша, Embraer үшін АҚШ баж салығының нақты мөлшері стандартты 10%-дан төмен болады. Себебі компания ұшақтарының құрамында америкалық бөлшектердің үлесі жоғары.
Wolfe компанияның депозитарлық қолхаттары үшін мақсатты бағаны 64 доллар деп белгіледі. Бұл ағымдағы бағамен салыстырғанда 17%-ға жоғары.
Басқа оң факторлар
Freedom Broker сарапшылары Embraer-дің қорғаныс сегментінде де табысты екенін айтады. Еуропалық клиенттерге жеткізілім көлемі шамамен 50%-ды құрайды. Еуропа елдеріндегі қорғаныс бюджетінің артуы арқасында компания табысын айтарлықтай ұлғайта алады.
2024 жылы Embraer-дің АҚШ-тағы позициясы әлсіз болды. Алайда қазір компания KC-390 жүк ұшағын АҚШ нарығына шығару үшін америкалық кеңесшілермен жұмыс істеп жатыр.
KC-390 ұшағы 57%-ға америкалық компоненттерден тұрады. Бұл ұшақты Үндістан, Сауд Арабиясы және Польша сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Мексика да әлеуетті клиент ретінде қарастырылуда.
Freedom Broker пікірінше, Embraer акциялары аэротакси саласына да инвестиция салуға мүмкіндік береді. Компания Eve Holding Inc. стартапының шамамен 80% акциясына иелік етеді.
«2025 жыл Eve үшін маңызды кезең болмақ. Жыл соңына дейін толық көлемді прототиптің алғашқы ұшуы және алғашқы нақты тапсырыстар күтілуде. Бұл компанияның ұзақмерзімді өсімінің жаңа бағытын ашады. Аппараттарды пайдалану 2026 жылы басталады деп күтілуде», – делінген талдауда.
Соңғы мәлімет бойынша, Eve тапсырыс портфелінде 2800 бірлік әуе құрылғысы бар. Жалпы құны – шамамен 14 миллиард доллар. Негізгі тапсырыс берушілер қатарында – United Airlines (200 бірлік және қосымша 200 бірлікке опция), Republic Airways, SkyWest және BAE Systems сияқты қорғаныс саласының өкілдері бар.
Акциялар бойынша жағдай
2025 жылдың басынан бері Embraer-дің депозитарлық қолхаттары 57%-ға қымбаттады. Ал кейінгі 12 айда өсім 96%-ды құрады.
Оларға қатысты 13 сараптамалық баға бар: 11-і – сатып алуға кеңес (Buy), біреуі – артық салмақ (Overweight), тағы біреуі – ұстауға кеңес (Hold), деп жазады MarketWatch.
Embraer қолхаттары оның басты бәсекелесі Bombardier акцияларынан жылдам өсіп келеді. Bombardier 2025 жылы 64,5%-ға, ал кейінгі 12 айда 81%-ға қымбаттады.
Салыстырмалы түрде айтқанда Boeing акциялары екі кезеңде де шамамен 25%-ға өскен.








