Freedom Energy Recovery акцияларын сатып алуға кеңес беріп отыр

Freedom Broker теңіз суын тұщыландыру технологияларын да әзірлейтін шағын капиталды Energy Recovery компаниясының акцияларын сатып алуға кеңес берді. Сарапшылардың айтуынша, су тапшылығының күшеюі мен экологиялық талаптардың қатаңдауы тұрақты инфрақұрылымға деген сұранысты арттырып отыр.
Егжей-тегжейі
Freedom алғаш рет Energy Recovery акцияларына рейтинг беріп, бірден сатып алуға ұсынды. Бұл туралы Oninvest порталының инвестициялық жазбасында айтылған. Компания акцияларына белгіленген мақсатты баға – 19 доллар. Бұл 1 тамыздағы жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 49 пайыздық өсу әлеуетін білдіреді.
Ұсыныс себептері
Energy Recovery – энергияны қайталай пайдалануға арналған технологияларды әзірлейтін компания. Бұл шешімдер теңіз суын тұщыландыруға немесе өндірістік сарқынды суларды тазартуға қолданылады.Freedom компаниясының мәліметінше, Energy Recovery әзірлеген PX Pressure Exchanger технологиясы — теңіз суын кері осмос арқылы тазарту саласында әлемдік нарық көшбасшысы. 2024–2025 жылдары компания Испания, Марокко және Біріккен Араб Әмірліктерінде жалпы сомасы шамамен 46 млн долларға келісімшарттар жасасқан.Сарапшылардың айтуынша, бұл бағыт қазіргі кезде Energy Recovery-дің негізгі табыс көзі болып отыр. Сонымен қатар, көмірқышқыл газы негізіндегі салқындату және өндірістік сарқынды суларды тазарту технологиялары әлі бастапқы даму сатысында болса да, компания үшін ұзақ мерзімді табыс көзі мен әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Өйткені су тапшылығы мен экологиялық шектеулер артып келеді.
Тәуекелдер
Freedom компания бизнесіне төнетін басты қауіп ретінде ірі жобаларды жүзеге асырудағы кідірістерді атады. Мұндай кідірістер тоқсандық қаржылық нәтижелерді бұрмалап, болжауды қиындатып, инвесторлар үшін белгісіздік тудырады. Мысалы, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Energy Recovery табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға азайып, 8,1 млн долларға төмендеген. Компания бұл құбылысты кірістің жобалық кезеңдермен түсу уақытына байланысты деп түсіндірді.Тағы бір маңызды қауіп — сауда соғыстары. Energy Recovery өз өнімін экспорттайтын Қытай тарапынан енгізілген импорттық баж салығы салдарынан бұл елде баға қымбаттап кеткен. Осыған байланысты компания 2025 жылға арналған кіріс болжамын жариялаудан бас тартты.
Акциялардың жағдайы
MarketWatch деректеріне сүйенсек, Freedom-ның болжамы Уолл-стриттегі ең оптимистік баға болып отыр. Energy Recovery акциялары бойынша орташа мақсатты баға — 14,5 доллар. Бұл ағымдағы бағадан 13 пайызға жоғары.Компания қызметін бақылайтын үш сарапшының екеуі акцияны сатып алуға кеңес береді, біреуі – ұстауға ұсыныс жасаған.








