Freedom Holding Stanford Graduate School of Business-тің оқу кейсіне енді

Freedom Holding Corp. (FRHC) тарихы әлемдегі жетекші бизнес-мектептердің бірі — Stanford Graduate School of Business-тің оқу кейсіне айналды, деп хабарлады холдингтің негізін қалаушы Тимур Турлов Instagram парақшасында.
«Әлемдегі үздік үш бизнес-мектептің бірі – Stanford Graduate School of Business оқу бағдарламасына Freedom Holding Corp. туралы кейс енді. Бұл жарнама емес. Бұл — MBA студенттері талдайтын оқу материалы: стратегия, бизнес-модель, басқарушылық шешімдер, корпоративтік мәдениет, сандар, тәуекелдер, контекст», — деп жазды Турлов.
Кейсте Freedom Holding бизнесінің қалай құрылғаны талданады — қарапайым қазақстандық брокерлік компаниядан толыққанды қаржылық экожүйеге дейінгі жолы қарастырылған. Талқылауға ұсынылған негізгі сұрақ — компания одан әрі қалай дамуы тиіс. Қазақстандағы позициясын нығайта ма, ТМД елдеріне кеңеюді көздей ме немесе Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс сияқты жаңа аймақтарға шығуды жоспарлауы қажет пе деген жолдар қарастырылады.
Контекст
2019 жылы Freedom Holding — америкалық Nasdaq биржасында акцияларын орналастырған ТМД-дан шыққан алғашқы брокер болды. Сол уақыттан бері компания акциялары 1000%-дан астам өсті. 2024 жылдың мамырында Freedom Holding капитализациясы алғаш рет $10 млрд-тан асты.
Биыл Freedom Holding акциялары шамамен 11%-ға қымбаттады, ал АҚШ-тың кең нарық индексі S&P 500 небәрі 5%-ға жетпеді. Бұл раллидің арқасында Freedom Holding-тің негізгі акционері және негізін қалаушысы Тимур Турловтың байлығы 27 маусымдағы Forbes рейтингі бойынша $6,2 млрд-қа жетті.








