Goldman мен Morgan Stanley Қытай нарығы жайлы екі түрлі көзқараста

Инвестициялық банк Goldman Sachs Қытайдың материктік акциялары бойынша жылдық болжамын жақсартты. Тамыз айындағы өсім 2024 жылдың күзімен салыстырғанда ең жоғары көрсеткішке жетті. Ал Morgan Stanley Қытай нарығына сақтықпен қарап, Жапонияның азық-түлік пен медициналық жабдық өндірушілеріне, сондай-ақ әуе тасымалдау секторына назар аударуды ұсынады.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs 28 тамызда Қытайдың материктік көгілдір фишкалар индексі — CSI 300 бойынша 12 айлық болжамын 4500-ден 4900 тармаққа дейін көтерді. Банк бұл шешімді тартымды бағалау, нарықтағы жағымды позиция және ұзақмерзімді табыс өсімінің жоғары біртаңбалы көрсеткіштерге жету әлеуетімен түсіндірді, деп хабарлайды Bloomberg.
«Қысқамерзімді табыс фиксациясына байланысты қысымға қарамастан, өсім тренді жалғаса алады», — деп жазды Goldman Sachs экономисі Кингер Лау клиенттеріне. Оның айтуынша бүкіл әлемде, соның ішінде Қытайда да, акциялар өсімін экономикалық жағдайдың жақсаруы емес, артық өтімділік пен нарықтық бағалаудың жоғарылауы қамтамасыз етіп отыр.
Ал Morgan Stanley сарапшылары Қытайдың қор нарығында қызып кету белгілерін атап өтіп, әлдеқайда сақ көзқарас білдірді. Олар жапон акцияларының сауда тәуекелдерінің әлсіреуінен ұтыс табуы мүмкін екенін айтты. Бұл пікірдің артында шілде айының соңында Токио мен Вашингтон арасында қол қойылған импорттық баж салығын 15%-ға дейін төмендету туралы келісім тұр. Бұл бұрын инвесторларды, әсіресе автокөлік секторының өкілдерін, алаңдатқан белгісіздікті айтарлықтай азайтты.
«Соңғы айларда баж салығына қатысты алаңдаушылық инвесторлардың нарықтағы орналасуына кері әсер еткен болатын. Біз бұл фактор біртіндеп жойылады деп ойлаймыз», — деп келтіреді Investing.com Morgan Stanley жазбасын.
Morgan Stanley-дің пікірінше қазіргі жағдайда жақсы өсу әлеуеті бар акциялар:
тез дайындалатын кеспе өндіруші Nissin Foods,
қан анализіне арналған жабдық пен реагенттер бойынша әлемдік көшбасшы Sysmex,
асқазан-ішек эндоскопиясы нарығының ірі ойыншысы Olympus,
Жапонияның ішкі әуе нарығында All Nippon Airways-пен бірге көш бастап тұрған Japan Airlines.
Сонымен қатар Morgan Stanley бөлшек сауда мен қаржы секторларынан инвестиция жасаудан сақтандырады, өйткені бұл секторлар артық бағаланған.
Контекст
Қытай компанияларының акциялары тамыз айын 2024 жылдың қыркүйегінен бері ең ірі айлық өсіммен аяқтауға жақын. TradingView агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап хабарлағандай, технологиялық компаниялар баға өсімінен кейін ескерту жасағанына қарамастан, артық өтімділік раллиді жалғастырып отыр.
Агенттіктің мәліметінше акциялар өсіміне Пекиннің агрессивті баға бәсекелестігін шектеу бағытындағы әрекеттері де сеп болды. CSI 300 индексі тамыз айының басынан бері шамамен 10% өсті. Shanghai Composite – 8%-ға жуық. Гонконгтың Hang Seng индексі тамызда небәрі 1% қосты. Investing.com бұл әлсіз нәтижені айдың екінші жартысындағы технологиялық сектордағы акциялардың жаппай сатылымымен байланыстырады.
Сонымен қатар Жапонияның Nikkei 225 және TOPIX индекстері тамызда 4-5%-ға өсті. Бұл индекстер ай ішінде бірнеше рет тарихи максимумдарын жаңартты.








