Жапон акциялары «ниндзя-раллиде». Неліктен ол инвесторлардың фаворитіне айналды?

Жапон қор нарығы ерекше өсімді бастан өткеріп жатыр: Токио биржасының басты индикаторы TOPIX индексі алғаш рет 3000 пункттен асты. Төрт айға созылған «ниндзя-ралли» бірнеше фактордың арқасында мүмкін болды, одан қоса $35,7 млрд шетелдік инвестиция құйылуы. Өсімді ішкі реформалар мен әлемнің ірі қорларының Жапонияға деген қызығушылығының артуы қолдап отыр.
Егжей-тегжейлі
Financial Times (FT) газетінің жазуынша, «ниндзя-ралли» атауына ие болған жапон акцияларының төрт айлық өсуі TOPIX индексін рекордтық деңгейге көтерді. TOPIX – Токио биржасының басты индексі, ол америкалық S&P 500-ге ұқсас: Nikkei 225-ке қарағанда ауқымдырақ, себебі 225 эмитентпен шектелмей, Жапонияның 2000-нан астам ең ірі компанияларының динамикасын көрсетеді.
TOPIX индексінің өсуі сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда бастамаларынан туған нарықтағы дүрбелеңнен кейін басталды. Алғашында Вашингтон жапон импортына 25% баж салығын енгіземіз деп қоқан-лоқы жасаған, бірақ кейін АҚШ пен Жапония 15%-ға келісті. Қытай мен АҚШ-тан активтерін шығарып, инвестицияларын әртараптандыруға ұмтылған инвесторлар мұны жапон компаниялары үшін оң белгі деп қабылдады.
8 тамызда TOPIX алғаш рет тарихта 3000 пункттен асты. Осы аптадағы 1%-дық түзетуге қарамастан, 7 сәуірден бері индекс 34%-дан астам қосты. Салыстыру үшін: Еуропаның Stoxx 600 индексі 19,5% қосты, ал америкалық S&P 500 — 33% өсті.
Сарапшылар пікірі
FT сауалнама жүргізген сарапшылар жапон акцияларының өсуі шетелдік те, отандық та қорларды тартқанын айтады. 2024 жылы Токио жеңілдік беретін инвестициялық бағдарламаларды кеңейтті, соның нәтижесінде жапондардың жалпы сомасы $14 трлн-нан асатын жинақтарының бір бөлігі қор нарығына бағытталды. Инфляцияның қайта оралуы мен жалақының соңғы 30 жылдағы алғашқы өсуі салымшыларға күшті ынталандыру болды: ақшаны қолма-қол ұстау тиімсіз, ал акциялардың тартымдылығы артты.
Сонымен бірге, ағымдағы ралли 2024 жылғы өсімнен едәуір ерекшеленеді. Ол кезде экспортқа бағытталған Nikkei 225 индексі 1989 жылғы «көпіршік» күйреуінен бергі максимумге жеткен еді, дейді Astris Advisory Japan компаниясының Жапония бойынша стратегi Нил Ньюман.
Жапонияның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығының бір белгісі – Bridgewater хедж-қорының Қытайдағы инвестицияларын қысқарту туралы шешімі болды, дейді Ньюман. Қор АҚШ биржаларында саудаланған қытай акцияларын сатып жіберді. Бұл ең ірі ойыншылар баламаларды іздеп жатқанын, ал Жапонияның қауіпсіз әрі перспективалы нұсқа болып көрінетінін көрсетті.
Goldman Sachs сарапшысы Брюс Кирктің айтуынша, «ниндзя-раллидің» басты қозғаушы күші – шетелдік инвестициялар. Жыл басынан бері жапон нарығына $35,7 млрд шетелдік капитал тартылды, әсіресе Трамп жаңа баж салығы жариялағаннан кейін. Соңғы айларда шетелдіктер жапон акцияларын үздіксіз дерлік сатып алып, осының арқасында TOPIX индексі рекордтарға жетті.
Jefferies стратегі Шрикант Кале атап өткендей, жапон нарығының P/E мультипликаторы бұрын «шектен жоғары» деп саналатын деңгейге дейін көтерілді. Алайда жағдай өзгерді: қазір компаниялар залалды активтерін сатуға және акционерлер үшін тартымды болуға мәжбүр. Бұл тіпті жоғары мультипликаторлар жағдайында да жаңа мүмкіндіктер ашады, дейді Кале.
Жапония реформаларды 2012 жылы бастағанымен, шын мәніндегі өзгерістер 2023 жылы басталды. Сол кезде Токио биржасы name and shame («атап, әшкереле») науқанын іске қосты. Ол корпоративтік басқару стандарттарын орындамаған компанияларды жария түрде көрсетіп отырды. Бұл бизнеске ашық әрі тиімді болуға мәжбүр етті.








