Қытай юаньға байланған криптоактивтерді заңдастырмақ — Reuters

Қытай алғаш рет юаньмен қамтамасыз етілген стейблкоиндарды пайдалануға рұқсат беруді жоспарлап отыр, деп хабарлады Reuters дереккөздерге сілтеме жасап. Бұл — Пекиннің криптовалюталарға қатысты саясатын түбегейлі өзгертетін қадам. Еске салсақ, елде цифрлық активтермен операция жасауға төрт жыл бұрын қаржылық жүйенің тұрақтылығына қауіп төндіреді деген себеппен тыйым салынған болатын.
Егжей-тегжейлі
КХР Мемлекеттік кеңесі — елдің жоғарғы атқарушы органы — тамыз айында юаньды жаһандық деңгейде кеңінен пайдалануға арналған жол картасын қарастыруда және оны бекітуі мүмкін, дейді Reuters-пен әңгімелескендер.
Жоспарда юаньды халықаралық нарықтарда қолдану бойынша сандық мақсаттар, ішкі реттеушілер арасындағы өкілеттіліктерді бөлу, сондай-ақ тәуекелдерді басқару ұсыныстары қамтылмақ. Жоспардың нақты мазмұны алдағы апталарда жариялануы ықтимал.
Reuters дереккөзіне сәйкес Қытай басшылығы тамыздың соңында юаньды халықаралық валюта ретінде ілгерілету және стейблкоиндарды пайдалану тақырыбына арналған арнайы жұмыс сессиясын өткізуді жоспарлап отыр. Кездесу барысында стейблкоиндардың бизнес-тәжірибедегі қолдану шеңбері мен даму стратегиясы талқыланбақ.
Бұл нарық үшін қандай белгі береді?
Стейблкоиндар — құны нақты фиат валютасына байланған криптовалютаның бір түрі. Олар криптотрейдерлер арасында әртүрлі токендер арасында қаражат аудару үшін кеңінен қолданылып келеді.
Бұл жоспардың қабылдануы Пекиннің цифрлық активтерге деген ұстанымында үлкен өзгеріс орнағанын білдірсе керек. 2021 жылдан бері Қытайда криптовалютамен сауда жасау мен майнингке тыйым салынып келгенболатын. Reuters-тің пікірінше стейблкоиндарды заңдастыруға деген қызығушылықтың артуына қытайлық экспорттаушылардың оларды жиі қолдануы әсер еткен — транзакциялардың 99%-ы доллармен қамтамасыз етілген стейблкоиндарға тиесілі.
SWIFT деректеріне сәйкес биыл маусым айында әлемдік есеп айырысудағы юаньның үлесі 2,9%-ға дейін төмендеген. Бұл соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал доллардың үлесі 47,2%-ды құрап отыр.
Контекст
Қытайдың көршілері де цифрлық активтерді енгізуге белсенді қадам жасап жатыр:
• Оңтүстік Корея вонаға байланған стейблкоиндарды шығаруға рұқсат беруді жоспарлауда;
• Жапонияда да осыған ұқсас бастамалар іске асырылуда.
1 тамыздан бастап Гонконгта стейблкоиндарға қатысты жаңа заң күшіне енді, бұл аймақты әлемдегі алғашқы нормативтік база құрған орталықтардың біріне айналдырды.
Сонымен бірге Шанхай цифрлық юаньға арналған халықаралық операциялық орталық құруда. Reuters дереккөздерінің айтуынша дәл осы екі қала — Гонконг пен Шанхай — жаңа жоспарды сынақтан өткізу алаңына айналмақ.
CoinGecko деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда әлемдік стейблкоин нарығының көлемі шамамен $247 млрд. Бірақ Standard Chartered банкінің болжамынша бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай $2 трлн-ға дейін өсуі мүмкін.








