Goldman Sachs сирек жер металдары жеткізілімдеріне төнген қауіп туралы ескертті

Goldman Sachs әлемдік сирек жер металдары жеткізу тізбектерінің бұзылу қаупі бар екенін ескертті. Бұл қауіптің басты себебі – Қытайға тым жоғары тәуелділік және геосаяси шиеленістер. Банктің бағалауы бойынша осы шикізатқа тәуелді компаниялардың тек 10%-ында ғана мәселе туындаса да, ол миллиардтаған долларлық шығындарға және инфляциялық қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін.
Goldman Sachs инвесторлар осындай қауіптерден қорғану үшін сатып ала алатын үш компанияның акцияларын атап өтті.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs әлемдік нарықта сирек жер металдары мен өзге де стратегиялық маңызы бар минералдардың жеткізіліміне байланысты тәуекелдер күшейіп келе жатқанын ескертті, деп жазады Reuters 20 қазанда жарияланған банк жазбасына сілтеме жасап.
Негізгі қауіп – бұл салада Қытайдың басымдығы. Goldman Sachs мәліметі бойынша Қытай әлемдегі сирек жер металдарының 69% өндіреді, 92% қайта өңдейді және 98% магниттерін шығарады. Банктің есептеуінше сирек жер элементтеріне тәуелді өндірістің 10%-ы тоқтаса, әлемдік экономика $150 млрд жоғалтады, сонымен қатар тапшылық салдарынан инфляциялық қысым өседі.
Goldman Sachs ең тәуекелді минералдар ретінде самарий, графит, лютеций және тербийді атады. Самарий — аэрокосмостық және қорғаныс салалары үшін маңызды, ал лютеций мен тербий жеткізілімі бұзылса, бұл да жалпы ішкі өнімнің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге, геосаяси тәуекелдер кобальт, мұнай және табиғи газ жеткізіліміне де қауіп төндіреді.
Goldman инвесторларға АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі күшейген тұста сирек жер элементтері жеткізіліміне байланысты тәуекелдерді басқару үшін балама акцияларды қарастыруды ұсынады.
Iluka Resources
Австралиялық Iluka Resources компаниясы минералдарды, негізінен титан кенін өндіру және өңдеумен айналысады. Биыл компания акциялары шамамен 50%-ға өсті. Simply Wall Street-тің пікірінше бұл сектордағы сұраныстың артып келе жатқанын және Iluka-ның жеткізу тізбегіндегі орнын көрсетеді.
21 қазандағы сауда нәтижесінде акция бағасы 0,13-ке төмендеп, 7,5 австралиялық долларды ($4,87) құрады. Simply Wall Street талдаушыларының бағалауынша акцияның әділ құны — 6,6 австралиялық доллар, яғни ағымдағы бағадан 14% төмен. Басылымның пікірінше бұл инвесторлар үшін «компанияның нақты көрсеткіштері баға өсімін ақтай ма?» деген сұрақ тудырады.
Lynas Rare Earths
Lynas Rare Earths — нарықтық капитализациясы бойынша Австралиядағы ең ірі сирек жер металдарын өндіруші, деп жазады CNBC. Биыл компания акциялары 200%-ға жуық қымбаттады, бірақ бағалар өте құбылмалы, деп ескертеді TechStock2.
8 қазанда акциялар АҚШ пен Австралияның әріптестік туралы мәлімдемесінен кейін 14 жылдағы максимумға жетті. Алайда 17 қазанда инвесторлар пайдасын тіркей бастаған соң, акция бағасы 10%-ға құлады — бұл 2021 жылдан бергі ең ірі күндік төмендеу болды.
TipRanks-тың деректері бойынша Lynas акцияларының орташа мақсатты бағасы — 14,2 австралиялық доллар ($9,2). Бұл олардың қазіргі бағасынан 33% қымбат екенін білдіреді. Дегенмен талдаушылар акциялардың құбылмалылығы жоғары екенін айтып, инвестиция кезінде тәуекелді ескеруді ұсынады.
MP Materials
MP Materials Калифорниядағы Mountain Pass кен орнын басқарады. Бұл — АҚШ-тағы сирек жер металдарын өндіретін жалғыз белсенді кен орны. Онда неодим мен празеодим өндіріледі — олар жоғары технологиялық салаларға қажет элементтер.
Компанияның АҚШ Қорғаныс министрлігімен және Apple компаниясымен серіктестігі бар. Мемлекетпен жасалған келісім бойынша өнімге ең төменгі баға белгілеу шартынан кейін, компания акциялары жыл басынан бері шамамен 437%-ға өсті, деп жазады Barron’s.
Baird аналитигі Бен Калло компания акцияларының мақсатты бағасын $80 деп белгілеген. Бұл — 2030 жылға болжанған EBITDA көрсеткішіне 23 еселік қатынас. Алайда бұл ағымдағы $82 бағасынан 2,4% төмен, демек, талдаушы акцияның сәл төмендеуін күтеді.








