Goldman Sachs: жасанды интеллект дауы әлі бастау сатысында

Жасанды интеллект (ЖИ) саласында «көпіршік» пайда болуы мүмкін деген нарықтағы күшейіп келе жатқан алаңдаушылықтарға қарамастан, Goldman Sachs сарапшылары бұл бумның әлі бастапқы кезеңінде екенін айтады. Сондықтан кімнің басты бенефициар болатыны әлі белгісіз — тарих көрсеткендей, жаңа технологияға алғаш болып қаржы құйған компаниялар кейіннен міндетті түрде ең көп пайда таба бермейді, деп ескертті Уолл-стриттің инвестициялық алып банкі.
Егжей-тегжейлі
Ірі технологиялық корпорациялар қазірдің өзінде жасанды интеллектке он миллиардтаған доллар бағыттап отыр. Бірақ Goldman Sachs бұл инвестициялардың ауқымы әлеуетті қайтарыммен салыстырғанда әлі де шағын екенін атап өтті — мұнда сөз триллиондар туралы болып отыр.
Банк есептеуінше, қазіргі таңда АҚШ-та ЖИ-ге салынған инвестициялар елдің ЖІӨ-нің 1%-нан азын ғана құрайды. Бұл көрсеткіш алдыңғы технологиялық төңкерістердің — теміржол құрылысы, 1920-жылдардағы электрлендіру немесе 1990-жылдар соңындағы дотком дәуірінің — 2–5% ЖІӨ деңгейіндегі шыңынан әлдеқайда төмен, деп жазады Business Insider.
Goldman Sachs-тың бағалауынша алдағы онжылдықта ЖИ АҚШ-тағы еңбек өнімділігін 15%-ға арттырады, ал оның экономикалық пайдасы бастапқы шығындардан әлдеқайда жоғары болады. Банк болжамына сай, ЖИ-дің кеңінен енгізілуі АҚШ экономикасына $20 трлн қосымша құн әкелмек, оның шамамен $8 трлны компаниялардың табысына айналады.
Алғашқы инвесторлар ұтылысы
Goldman Sachs қазіргі ірі инвесторлардың бәрі болашақта ең көп пайда көре алады деген пікірдің күмәнді екенін мойындайды. Тарих дәлелдегендей, инфрақұрылымдық жобалардың алғашқы бастамашылары — теміржол не телекоммуникация салаларында болсын — әрдайым басты бенефициарға айналған жоқ. Көп жағдайда нарыққа кейінірек келген ойыншылар активтерді төмен бағамен сатып алып, жоғары табысқа қол жеткізді, деп атап өтті банк сарапшылары.
Goldman Sachs ЖИ-ге инвестициялау қызығушылығының қашан бәсеңдейтінін болжау қиын екенін айтады — себебі еңбек өнімділігі үздіксіз өсіп, тілдік модельдер жыл сайын жетілдіріліп келеді.
«Уақыт өте келе инвестиция қарқыны баяулауы мүмкін — өйткені ЖИ-дегі инвестициялық цикл құрылыс фазасынан шығып, негізгі фактор ретінде жабдықтардың арзандауы алдыңғы орынға шығады. Алайда технологиялық негіздің өзі ЖИ-ге инвестиция үшін әлі де қолайлы болып тұр», — деп қорытындылады Goldman Sachs талдаушылары.
Контекст
ЖИ саласындағы инвестициялық бум АҚШ-та дотком дәуіріндегі сияқты күйреумен аяқталуы мүмкін, бірақ бұл жүйелі дағдарысқа әкеліп, АҚШ немесе жаһандық қаржы жүйесін шайқалтады деу екіталай, деді 14 қазанда Халықаралық валюта қорының бас экономисі Пьер-Оливье Гуринша.
Оның айтуынша 1990-жылдардың соңындағы дотком көпіршігі мен қазіргі ЖИ бумы арасында ұқсастықтар көп, бірақ басты айырмашылық — инвестициялардың қайнар көзі.
Сол кезде стартаптар қарыз есебінен өмір сүрсе, қазір секторға қаржы жоғары өтімділікке ие технологиялық алыптардың өз қаражатынан бағытталып отыр.
Bank of America да осы аптада жасанды интеллекттің органикалық даму кезеңінде екенін дәлелдейтін төрт белгі келтірді. Банк пікірінше қазіргі ЖИ-инвестициялар циклі мен дотком көпіршігінің басты айырмашылығы — тұрақты ақшалай ағындардың болуы: жетекші бұлттық корпорациялар өздерінің операциялық табыстары есебінен капиталдық шығындарын жауып отыр, ал дотком дәуірінде компаниялар негізінен қарыз қаражатымен жұмыс істеген.








