Morgan Stanley 2028 жылы жасанды интеллекттен түсетін табысты $1,1 трлн деп болжауда

Инвестициялық банк Morgan Stanley болжамынша 2028 жылға қарай жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы бағдарламалық қамтамасыз етуден түсетін жаһандық табыс $1,1 трлн деңгейіне жетпек. Банк қазіргі ЖИ-ге жұмсалып жатқан ауқымды инвестициялар – алыпсатарлық көпіршік емес, ірі әрі ұзақмерзімді инвестициялық циклдің бастауы деп есептейді.
Егжей-тегжейлі
«Біздің ойымызша, қазіргі инвестициялық циклдің тұрақтылығы жасанды интеллект тұрақты ақшалай ағымдар қалыптастыра ала ма, соған байланысты болады. Бұл өз кезегінде салынған капиталдың қайтарымын қамтамасыз етеді», – деп жазды Morgan Stanley-дің жаһандық зерттеу жөніндегі директоры Кэти Хьюберти 13 қазанда инвесторларға арналған жазбасында. Бұл туралы Business Insider хабарлады.
Аналитиктің айтуынша көптеген инвестициялар 2028 жылға қарай өз нәтижесін бере бастайды, сол кезде ЖИ бағдарламалық қамтудан түсетін жиынтық табыс $1,1 трлн болады.
Morgan Stanley-дің бұл болжамы қазіргі инвестициялар толқыны ұзақ мерзімді табыс өсімінің бөлігі екенін, ал кей сарапшылар күмәнданғандай спекулятивті көпіршік емес екенін көрсетеді. Хьюберти тобының пікірінше, ЖИ бумы дәл қазір технологияға белсенді қаржы құйып жатқан компаниялардың өсуін жалғастыра түседі.
Басқа сарапшылар не дейді
Morningstar сарапшыларының ойынша Amazon, Microsoft және Alphabet сияқты ірі технологиялық алпауыттардың ЖИ-ге салған үлкен капиталы уақыт өте олардың акция бағасына қысым жасауы мүмкін.
Goldman Sachs стратегиясы Питер Опенгеймер болса, АҚШ-тағы технологиялық акциялар бағасының тез өсуіне қарамастан, қазір көпіршік деп айтуға ерте екенін айтты: «Технологиялық сектордың бағалауы шиеленісе түсті, бірақ ол әлі тарихи көпіршік деңгейіне жеткен жоқ».
Ал Англия Банкі қаржылық тұрақтылық жөніндегі есебінде ЖИ саласындағы компаниялардың жоғары бағалануы нарықтағы күрт түзетудің басты тәуекелдерінің бірі екенін атап өтті.
Регулятордың пікірінше, қор нарығы жалпы алғанда шамадан тыс қымбат, ал ЖИ технологияларымен айналысатын компаниялар ең осал топ.
Сонымен қатар, банк энергия, деректер мен шикізат тапшылығын, сондай-ақ технологиялық серпілістерді сала дамуына кедергі келтіруі мүмкін факторлар деп атады.
Джефф Безос пен басқа пікірлер
Amazon негізін қалаушы Джефф Безос ЖИ-ге салынған инвестициялар «жақсы көпіршік» екенін айтты: «Бұл қаржылық емес, өндірістік көпіршік», – деді ол.
Безостың пікірінше 2008 жылғы ипотекалық дағдарыс – жаман көпіршіктің мысалы. Тіпті егер ЖИ нарығы дотком дәуіріндегідей құлдыраса да, технология қоғамға ұзақ мерзімді пайда әкеледі.
Сол іс-шарада Goldman Sachs басшысы Дэвид Соломон ескерткеніндей, ЖИ-ге құйылған капиталдың үлкен бөлігі кіріс әкелмей қалуы мүмкін. Дегенмен ол да нарықтың қай сатыда тұрғаны әзірге нақты белгісіз екенін мойындады:
«Бір сәтте шынайылықпен бетпе-бет келу кезеңі басталады. Алдағы 12–24 айда нарықта түзету болуы мүмкін. Оның ауқымы бұл раллидің қанша уақытқа созылатынына байланысты», – деді Соломон.
Оның сөзінше, ЖИ-дің өрлеуінен біреулер ұтады, біреулер ұтылады.
Басқа көзқарастар
OpenAI бас директоры Сэм Альтман тамызда мәлімдегендей, ЖИ нарығында дотком дағдарысына ұқсас көпіршік пайда болған.
«Интернет дәуірінде адамдар технологияның болашағына тым сеніп, ақша салды. Көп компаниялар ақыры күйреді. Қазір де инвесторлар ЖИ-ге шамадан тыс ынталанған, бірақ ЖИ — соңғы онжылдықтардағы ең маңызды жаңалық», – деді Альтман.
Ал Bank of America аналитиктері Вивек Арья бастаған топтың есебінде ЖИ саласындағы деректер орталықтарын салу бумы дотком көпіршігімен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты деп бағаланды.
Дегенмен олар инфрақұрылымды шамадан тыс салу қаупі барын мойындайды, себебі болашақтағы қуат қажеттілігін дәл болжау қиын.
BofA сарапшыларының пікірінше, басты қауіп – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің күшеюі және сирек металдарға қолжетімділік мәселесі. Бұл чип өндірісі үшін сыни маңызға ие факторлар.








