ЖИ-«көпіршік» туралы дабыл қағуға әлі ерте — Goldman. Ал Англия банкі алаңдаулы

Goldman Sachs пен Англия банкі нарық қатысушылары ЖИ-мен байланысты акциялардағы өсіп бара жатқан «көпіршіктен» алаңдауы керек пе деген мәселе бойынша пікірі екіге бөлінді. Инвестбанктің стратегі сабыр сақтап отыр, ал британдық реттеуші, ЖИ-компаниялардың шамадан тыс бағалауының аясында болуы мүмкін түзетуді ескертті.
ЖИ айналасындағы ажиотаж америкалық нарықтағы раллиді одан әрі күшейтіп отыр: мысалы, технологиялық Nasdaq Composite индексі соңғы 12 айда 27%-дан астам өсті. Қазір оның мультипликаторы (акция бағасының күтілетін пайдаға қатынасы) 28-ге тең, ал соңғы он жылдағы орташа көрсеткіш 23-ті құрайды. Нарық қатысушыларының кейбірі қазіргі жағдайды 1990-жылдағы дотком-бумымен салыстырып, ұқсас көпіршіктің пайда болу қаупі туралы ескертуде.
Goldman Sachs неге сабырлы?
АҚШ-та қарқынды өсіп жатқан технологиялық акциялардағы «көпіршік» туралы алаңдауға әлі ерте, деп санайды Goldman Sachs стратегия жөніндегі сарапшысы Питер Опенгеймер, деп жазады Bloomberg. «Технологиялық сектордағы бағалау шиеленісе бастағанымен, әлі тарихи көпіршіктерге тән деңгейге жеткен жоқ», — деді ол агенттік келтірген жазбасында.
Опенгеймердің түсіндіруінше, көпіршік әдетте компаниялардың нарықтық құны олардың болашақ ақша ағымынан едәуір асып кеткен кезде түзіледі, ал мұндай кезеңдерде нарықтағы өсім көбіне спекулятивті сипатта болады. Ал қазіргі рекордтық ралли технологиялық алпауыттардың пайдасының тұрақты өсуімен қамтамасыз етілген, ал жетекші компаниялар «ерекше мықты баланстарға» ие.
Соған қарамастан, сарапшы инвесторларға портфельді әртараптандыруды ұсынды — бұл нарықтағы өсімді қозғап отырған санаулы компаниялармен және ЖИ-бағыттағы күшейіп келе жатқан бәсекемен байланысты тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, акциялар мен облигациялар нарығындағы бағалау өсімін технологиялық көпіршікпен ғана емес, сонымен қатар кеңірек факторлармен — төмен пайыздық ставкалармен, жоғары жаһандық жинақпен және ұзақ экономикалық циклмен байланыстыруға болатынын айтты.
«Бұл секторды өсімге деген сенім әлсіресе түзетулерге осал етеді, бірақ мұның бәрі технологиялық көпіршіктің жарылуынан ғана болады деу — екіталай», — деп қосты Опенгеймер.
Англия банкін не алаңдатады?
Англия банкі кері позиция ұстанып, нарықтың қызуы артып кетуінен сақтандырды. Өзінің қаржылық тұрақтылық жөніндегі тоқсандық есебінде реттеуші қаржы нарықтарында күрт түзету қаупін арттыруы мүмкін екі факторды атады.
Біріншісі — жасанды интеллектке байланысты компаниялардың тым жоғары бағалануы. 2 қазандағы Қаржылық саясат комитетінің отырысы хаттамасына сәйкес, қор нарықтары қазір артық бағаланған, ал ЖИ саласында жұмыс істейтін технологиялық компаниялар ең осал саналады — әсіресе, егер технологияның ықпалына қатысты күтілімдер шамадан тыс жоғары болса. Реттеуші ЖИ дамуының жолында бағалауға теріс әсер етуі мүмкін бірқатар шектеулер бар екенін атап өтті. Тәуекелдердің ішінде энергия, деректер мен шикізат тапшылығы, сондай-ақ инфрақұрылымға жаңа талаптар қоятын технологиялық серпілістер аталды.
Екіншісі — АҚШ Федералдық резерв жүйесінің тәуелсіздігіне төнген қауіп. Англия банкі Дональд Трамптың Федрезервке көрсеткен қысымын, оның ішінде кеңес құрамын өзгертуге тырысқан әрекеттері мен төраға Джером Пауэллді сынауын еске салды. Британдық орталық банк атап өткендей, ФРЖ-ға деген сенімнің әлсіреуі долларлық активтердің күрт қайта бағалануына, волатильділіктің және тәуекел сыйақыларының өсуіне әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде қарыз алу ставкалары АҚШ-пен тығыз байланысты әлемдік нарықтарға да әсер етеді.








