Google-ға 3 млрд еуроға жуық айыппұл салынды

Google-дің бас компаниясы Alphabet Еуропалық одақ тарапынан жарнамалық технологиялар саласындағы бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін шамамен 3 млрд еуро (3,5 млрд $) айыппұл арқалады. Бұл шешім ЕО мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіруі мүмкін.
Егжей-тегжейі
ЕО Google-ды жарнамалық технология нарығындағы үстемдігін теріс пайдаланғаны үшін 3 млрд еуроға жуық айыппұлға кесті. Еурокомиссия 5 қыркүйекте компания өз жарнама сервистеріне артықшылық беріп келгенін мәлімдеп, бұл тәжірибені тоқтатуға міндеттеді. «Нарықтарда бұзушылықтар орын алса, мемлекеттік институттар билікті теріс пайдалануына жол бермеу үшін әрекет етуге тиіс. Шынайы еркіндік тең жағдайдағы бәсеке мен азаматтардың нақты таңдау құқығын білдіреді», — делінген ЕО бәсекелестік жөніндегі комиссары Тереса Рибераның мәлімдемесінде.
Google бұл шешімге шағымданатынын мәлімдеді, деп хабарлады Bloomberg. Компанияның реттеу жөніндегі вице-президенті Ли-Энн Малхолландтың сөзінше, айыппұл негізсіз, ал ұсынылған шаралар мыңдаған еуропалық компаниялардың табыс табуын қиындатады.
Инвесторлар айыппұлға теріс реакция танытпады. 5 қыркүйектегі саудада Alphabet акциялары 1,5%-ға өсіп, 236 долларға жетті. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 23%-дан астамға артты. Салыстыру үшін, АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 осы кезеңде шамамен 10%-ға өскен.
Контекст
ЕО-ның айыппұлы ЕО мен АҚШ арасындағы сауда қатынастары шиеленіскен кезеңде жарияланды. Bloomberg дерегінше, Дональд Трамп Кремний алқабындағы технологиялық алпауыттардың ықпалын шектеуге ұмтылған Брюссельді бірнеше рет сынаған. Мұндай жағдай ЕО мен Трамп арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтуі ықтимал. Сонымен бірге Google әлемнің басқа өңірлерінде де антимонополиялық қысымға тап болуда. Биыл АҚШ-та компания белгілі бір жеңілдікке ие болды: сот Әділет министрлігінің талабы бойынша іздеу бизнесін бөлу қажет емес деп шешті. Алайда жарнама бағытына қатысты қауіптер сақталып отыр. Келесі жұмада Әділет министрлігі шаралар жөніндегі ұсыныстарын жариялап, оларды 22 қыркүйектегі тыңдауда талқылайды. Бұған дейін министрлік Google-ды Ad Manager платформасын сатуға міндеттеу нұсқасын қарастырған.
Еурокомиссия Google-ға жарнамалық технологиялар саласындағы теріс әрекеттерін 2023 жылы-ақ ескерткен. Ол кезде реттеуші компанияның өз жарнама биржасын бәсекелестер есебінен ілгерілетіп, нарықтағы үстемдігін күшейтіп отырғанын мәлімдеген. Бұрынғы еврокомиссар Маргрете Вестагер мәселені шешудің жалғыз жолы — бизнесті «мәжбүрлі түрде бөлу» екенін айтқан. Ол Брюссельдегі жұмыс кезеңінде Google-ға үш іс бойынша 8 млрд еуродан астам айыппұл салған. Дегенмен, кейін оның бір бөлігі сот шешімімен жойылып, кейбірі азайтылды.








