Gucci иесінің акциясын сатып алатын уақыт келді ме?

Gucci және басқа люкс брендтердің иесі Kering акциясының құлдырауына қарсы позиция ұстаған хедж-фондтар біртіндеп оларды қысқарта бастады, деп хабарлайды CNBC. Шорт көлемі айналымдағы барлық қағаздың 10%-дан астамынан 8%-ға дейін төмендеді. Бұл өзгеріс сатылым дағдарысына тап болған топты қайта жандандырады деген үмітпен байланыстырылған жаңа бас директор Лука де Меоның келуімен тұспа-тұс келді. Сарапшылар да люкс-холдингке қатысты біртіндеп оптимистік болжам жасай бастады, бірақ әлі де скептикалық көзқарасты ұстанатындар бар.
Егжей-тегжейлі
Құрамына Gucci, Saint Laurent, Balenciaga және Alexander McQueen кіретін Kering акциясына қатысты хедж-фондтар қысқа позицияларын азайтып жатыр. Шортқа қызығушылық төмендеп келеді, ал проблемалы люкс-холдинг көпжылдық қиындықтардан кейін жаңа бас директор Лука де Меоның басқаруымен өз орнын қайта алуға тырысуда, деп жазады CNBC.
Reuters сілтеме жасаған Ortex сараптамалық фирмасының бағалауынша, қысқа сатылымда қолданылған еркін айналымдағы акция үлесі жазда 10%-дан жоғары деңгейден қыркүйекте 8%-ға дейін төмендеген. Шортистер компания құнының құлдырауынан табыс табады: олар акцияны ашық нарықта сату үшін қарызға алады да, кейін арзан бағаға қайта сатып алады.
Hazeltree жүргізген талдауына сәйкес, өткен айда Kering еуропалық ірі капитализациялы компаниялар ішінде қысқа позициялармен ең көп «жүктелген» акция болды. Hazeltree 700 хедж-фондтың базасындағы 15 000 жария компания бойынша шорттарды қадағалайтын ресурс. Ұлыбританиядағы ең ірі хедж-фондтардың бірі Marshall Wace деректеріне сай, 16 шілдеде Kering акциясына таза қысқа позиция 1,6% болған, ал 16 қыркүйекте бұл үлес 0,67%-ға дейін қысқарды, деп көрсетеді реттеуші құжаттар негізінде жиналған ShortRegister порталының ақпараты.
Акцияның жай-күйі
22 қыркүйекте Франциядағы саудада Kering акциясы 1% арзандады, бірақ соңғы үш айда компания құны 50%-дан астам күрт өсіп, жыл басынан бергі максимумға жақындады, дейді CNBC. Осы сәтке дейін 2025 жылы котировка шамамен 11% өсті.
Компания ахуалы
Renault-тен шақырылып, 15 қыркүйекте қызметіне кіріскен Kering-тің жаңа басшысы Лука де Мео компанияны қайта жандандыру міндетін алды. Холдинг америкалық баж салығының қысымына және Қытайды қоса алғанда негізгі нарықтарда люкс тауарларға сұраныстың төмендеуіне тап болды. Екінші тоқсанда Kering табысы инвесторларды көңіл көншітпеді: топ сатылымның жылдық мәнде 15% төмендегенін, соның ішінде флагмандық бренд Gucci сатылымының 25% құлдырағанын хабарлады. Gucci-дің әлсіз нәтижелерінен бөлек, люкс-холдинг негізгі мәселелердің бірі ретінде €9,5 млрд қарыз жүктемесін атады. Соңында осы проблемалар Kering-ті компания құнының құлдырауынан пайда табатын хедж-фондтардың тұрақты нысанына айналдырды.
Қаржылық қиындықтардан бөлек, өткен аптада компания “уақытша рұқсатсыз қол жеткізген үшінші тарап” салдарынан деректердің сыртқа шыққанын растады. Клиенттердің есімдері, мекенжайлары және дүкендердегі шығындары ұрланған, бірақ холдингтің айтуынша, банк карталарының деректері бұзылмаған.
Сарапшылар пікірі
CIC Market Solutions сарапшылары 16 қыркүйекте Kering котировкасына қатысты ұсынымды «бейтараптан» «сатып алуға» дейін жақсартты және мақсатты бағаны €220-дан €300-ға көтерді. Жаңа таргет котировканың 12% өсуін болжайды.
“Бұқалы” көзқарасты HSBC де растады — өткен аптада ол «сатып алу» ұсынымын және мақсатты бағаны €300 деңгейінде сақтады. Банк өкілдері Лука де Мео топқа жаңа серпін беріп, корпоративтік мәдениетті өзгерте алады деп есептейді. Ол Apple негізін қалаушы Стив Джобстың «ақылды адамдарды мен үшін не істеу керегін айтуы үшін жалдаймын, керісінше емес» деген сөзін мысалға ала отырып, командаларды жаңарта алады. Инвестбанк болжамынша, Kering-ке қатысты пессимизм қор нарығында біртіндеп сейіледі, оған инвестор сенімін қалпына келтіретін жағымды жаңалықтар сериясы ықпал етеді.
Дегенмен, HSBC сарапшыларының пікірінше, Kering-ке бренд портфелінің құрамын қайта қарауға тура келуі мүмкін — зергерлік және косметикалық бизнеспен қоса әлсіз бөлімшелерді. Олар сондай-ақ Artemis холдингінің активтерін қайта құрылымдау ықтималдығын да жоққа шығармады. Artemis құрамына Puma, шарап өндірістері және Christie’s аукцион үйі кіреді.
Kering перспективасына скептикамен қарайтын сарапшылар да әлі жеткілікті. AlphaValue компаниясы 17 қыркүйекте «аюлы» болжамды растады, люкс-холдинг акциясына қатысты рейтингті сәл ғана жақсартты: «сату» (Sell) деңгейінен «позицияны қысқарту» (Reduce) деңгейіне көтерді. Мақсатты баға өзгеріссіз €279 деңгейінде қалды, ол шамамен 5%-дық аз ғана өсімді болжайды. AlphaValue тобы Лука де Меоның CEO қызметіндегі алғашқы күні жасаған белсенді қадамдарын атап өтті — Gucci-дегі кадрлық ауыс-түйістер және Valentino көзілдірігі бизнесін Kering Eyewear-ге беру. Сарапшылардың болжамынша, мұның бәрі 2026 қаржы жылынан бастап қалпына келу күтулерін күшейтеді.
Сақ позиция ұстанғандар да бар: мысалы, RBC және Bernstein өткен аптада бейтарап рейтингті растады. Дегенмен, Bernstein таргеті €180 деңгейінде, бұл акцияның 33% құлдырау қаупін білдіреді.
Жалпы алғанда, қазір Kering бойынша сатып алуға берілген жеті ұсыным бар — бұл бір ай бұрынғыдан екіге көп, деп көрсетеді FactSet. Бірақ рейтингтердің басым бөлігі — бейтарап, яғни қағазды портфельде ұстауға кеңес беретіндер. Ондай рейтинг — 13. Люкс-холдинг акциясын сатуға бағытталған көзқарастағы сарапшылар саны — алты, бұл өзгермеген. Орташа мақсатты баға €215 деңгейінде, бұл 19 қыркүйектегі соңғы жабылу бағасынан шамамен 20% төменді білдіреді.








