Сарапшы Dior мен Gucci иесінің акциясын алуға кеңес берді. Дағдарыс аяқталды ма?

HSBC сарапшысы инвесторларға люкс брендтерінің француздық холдингі LVMH пен Gucci брендінің иесі Kering компаниясының акциясын сатып алуға кеңес берді. Банк биылдың өзінде сатылым қалпына келуін, және 2026 жылы тұрақты өсімге оралуын күтеді. HSBC-тің позитивті көзқарасы екі компания қағазының да, сондай-ақ олардың бәсекелестерінің де раллиін қозғады.
Егжей-тегжейлі
HSBC сарапшысы Эрван Рамбург LVMH пен Kering компаниясының қағазының рейтингін Hold (ұстау) деңгейінен Buy (сатып алу) деңгейіне көтерді, деп жазады Bloomberg. Ол LVMH қағазының мақсатты бағасын 535 еуродан 625 еуроға дейін (2 қыркүйектегі жабылудан 22% жоғары), ал Kering үшін 200 еуродан 300 еуроға дейін (соңғы жабылудан шамамен 26% жоғары) көтерді. Рамбургтың айтуынша, бұл компаниялар биылғы жылдың соңына дейін сатылымын қалпына келтіріп, 2026 жылы «тұрақты әрі табысты өсімге» қайта оралуы мүмкін.
«Америкалық тұтынушылар төртінші тоқсанда қысқа мерзімді қиындықтарға тап болғанымен, қытайлық сатып алушылардың белсендірек болатыны анық, бұл факторлардың екеуі де келесі жылы өсімге ықпал етеді», — деді Рамбург Bloomberg келтірген жазбасында.
HSBC, атап айтқанда, LVMH құрамындағы Dior бренді жаңа креативті директор Джонатан Андерсонның жұмысын ерекше атап өтті. Банк пікірінше, Андерсон кезінде брендтің «позитивті әлеуеті тәуекелден артық». Маусым айындағы ерлерге арналған коллекциясы миллиардтан астам қаралым жинаса, жақында таныстырылатын әйелдер топтамасы одан да көп назар аударады деп күтеді сарапшы. HSBC дерегінше, мультибрендті дистрибьюторлар жаңа релиздерден айтарлықтай шабыт алып отыр, бұл сатылым бірден артпаса да, дүкендердегі трафиктің өсуіне ықпал етуі тиіс. Бұдан бөлек, LVMH шығын құрылымын оңтайландыру және ұзақмерзімді маржиналдылықты арттыру әлеуетіне ие, дейді Рамбург. Оның айтуынша, Dior қазірдің өзінде қолжетімдірек сөмке топтамаларын (Dior Toujours, Groove және D-Motion) ұсына отырып, тәсілін жаңартуды бастады.
HSBC сондай-ақ жаңа бас директор Лука де Мео басқарып отырған Kering үшін сатылымның төмендеу тәуекелі сақталып отырғанын атап өтті. Дегенмен, банкте директорлар кеңесі мен компания төрағасы де Меоға бұрын жүзеге асыру қиын болған жедел өзгерістерді жүргізуге мүмкіндік береді деп күтеді. Рамбургтың пікірінше, алдағы өзгерістер Kering қағазына иелік етудің тәуекелін төмендетуі тиіс.
Акция қалай қозғалды?
2 қыркүйектегі Париж саудасының қорытындысы бойынша LVMH акциясы 1,8% қымбаттап, 513 еуро болды. Дегенмен, 2025 жылдың басымен салыстырғанда қағаз шамамен 20% минусты құрап отыр.
Kering қағазы бұдан да қатты күрт өсіп, сауданы 3,8% плюсте жапты, осылайша наурыздан бергі максимумды жаңартты. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны айтарлықтай өзгерген жоқ.
Қытайдағы перспективаның жақсаратынына байланысты оптимизм француз алыптарының бәсекелестерінің акциясын да қолдады. Олардың қатарында швейцариялық сағат өндіруші Swatch, италиялық люкс сән үйі Brunello Cucinelli SpA және швейцариялық Richemont холдингі бар, деп жазады Bloomberg. Goldman Sachs қадағалайтын люкс компанияларының акция индексі 2 қыркүйекте бір сәтте 2,4% өсті. Алайда ақпандағы рекордпен салыстырғанда ол әлі де минуста 20%-дан аса, басты себеп — Қытайдағы сұраныстың баяулауы.
Сейсенбідегі раллиден тыс қалған жалғыз бренд Hermès болды. Оның қағазы 1,1% төмендеді, себебі HSBC рейтингті «сатып алудан» «ұстап тұруға» түсірді. Bloomberg атап өткендей, HSBC Hermès сатылымының жыл соңына дейін жеделдеуі екіталай деп санайды, бірақ компанияны сектордағы басқаларға қарағанда «айтарлықтай сапалы бизнес» деп бағалайды. Жыл басынан бері компанияның нарықтық капитализациясы 12%-дан астам төмендеді.
Сарапшылар кеңесі
LVMH акциясына рейтинг берген 25 сарапшының ішінде 12-сі инвесторларға қағазды сатып алуға (Buy және Outperform) кеңес берді. Дәл соншасы нейтралды позицияда қалып, Hold рейтингін берген, ал тек біреуі сатуды ұсынады. Консенсус мақсатты баға бір қағазға 552,9 еуро болып отыр — бұл сейсенбі күнгі жабылудан шамамен тағы 8% өсу әлеуетін көрсетеді.
Kering үшін ең көп таралған кеңес — компания қағазын портфельде ұстап тұру (23 сарапшының 14-і Hold бағасын берген), деп көрсетеді MarketScreener деректері. Компания қағазын сатып алуды тек төртеу ұсынса, сатуды бесеуі ұсынады. Уолл-стрит консенсусына сәйкес, LVMH-тен айырмашылығы, Kering-тің нарықтық құны 2 қыркүйектегі жабылудан 14% төмендеуі мүмкін.








