Хедж-қорлар дағдарысқа дейінгі рекордты жаңартты. Инвесторларды несімен қызықтырды?

Hedge Fund Research деректеріне сүйенсек, хедж-қорлар маусымнан қыркүйекке дейінгі үш айда шамамен 34 миллиард доллар тартқан. Бұл 2007 жылдан бергі ең жоғары тоқсандық таза қаржы ағыны, яғни әлемдік қаржы дағдарысына дейінгі деңгейге қайта жетті. Нәтижесінде жаһандық хедж-қорлар индустриясының жалпы активтері рекордтық 5 триллион долларға жетті, деп хабарлайды Bloomberg.
2008 жылғы дағдарыс кезінде хедж-қорлардың активтері күрт азайып, қалпына келуіне бірнеше жыл кеткен еді. Quartz басылымының түсіндіруінше, кейінгі жылдары жоғары комиссиялар мен ETF және басқа пассивті инвестициялық құралдардың танымал болуы инвесторларды белсенді басқарудан алыстатты.
Неліктен қаржы қайтадан хедж-қорларға құйылуда?
Bloomberg мәліметінше, хедж-қорларға деген қызығушылықтың артуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, қорлар тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді. Соңғы тоқсанда барлық стратегиялар бойынша орташа табыстылық 5,4 пайызды құрады. Ең көп пайда әкелген бағыттар — акцияларға салынған инвестициялар мен жаһандық макростратегиялар.
Тағы бір себеп — геосаяси белгісіздіктің өсуі. АҚШ президенті Дональд Трамптың саясаты, сауда шиеленістері мен кедендік баждардың әсерінен нарықтағы тұрақсыздық артқан тұста, инвесторлар нарыққа тәуелсіз табыс көздерін іздей бастады, деп жазады Bloomberg.
Man Group компаниясының External Alpha бөлімінің инвестициялар жөніндегі директоры Адам Синглтон бұл жайында былай деді:
«Қазір біз портфельді әртараптандыратын, экономиканың белгілі бір секторларындағы дүрлігуден тәуелсіз және нарықтың құбылмалылығына қарамастан табыс әкеле алатын құралдарды іздеп жүрміз».
Хедж-қорларға АҚШ-та тек аккредиттелген инвесторлар ғана қаржы сала алады. Бұл — жеткілікті капиталы немесе қаржылық тәжірибесі бар, жоғары тәуекелді түсініп қабылдай алатын адамдар. Quartz мәліметінше, мұндай инвесторлардың жылдық табысы кемінде 200 мың доллар немесе жалпы мүлкі 1 миллион доллардан жоғары болуы тиіс.
Дегенмен хедж-қорлардың басқаруындағы негізгі қаражат ірі институционалды инвесторларға тиесілі. Олардың қатарына зейнетақы қорлары, университеттік эндаументтер және мемлекеттік ұйымдар кіреді. Quartz жазғандай, мұндай құрылымдар хедж-қорларды өз активтерін әртараптандыру және ұзақ мерзімді өсімге жету құралы ретінде пайдаланады.








