Хуситтер екі мұнай танкеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Brent маркалы мұнайдың бағасы 95 доллардан асты.

Фото: Aninka Bongers-Sutherland / Shutterstock.com
Bloomberg мәліметі бойынша, Йемендегі Иран жақтастары саналатын хуситтер екі Сауд Арабиясы мұнай танкеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Содан кейін биржадан тыс саудада мұнай бағасы күрт өсті: эталондық Brent маркалы шикі мұнайдың бағасы бір баррельге 95 доллардан сәл асты.
Хуситтердің мәлімдеуінше, олар «Энселия» және «Ләйлә» танкерлеріне Қызыл теңіздегі Сауд Арабиясына қарсы жарияланған блокаданы бұзды деп миналар мен дрондарды пайдаланып шабуыл жасаған. Хуситтер елдің порттарына баратын немесе порттарынан шығатын кез келген кемелерге соққы беретіндерін ескертті.
Агенттіктің мәліметі бойынша, бұл АҚШ пен Иран арасындағы соғыс басталғалы осы бағытпен жүретін танкерлерге жасалған алғашқы шабуыл болып көрінеді. Қызыл теңізден Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтетін бағыт Хормуз бұғазы жабылғаннан кейін Сауд Арабиясының мұнай экспорты үшін аса маңызды болып, Иран дағдарысы кезінде Корольдікке миллиондаған баррель мұнай жеткізуді қамтамасыз етті.









